Бұл жыл облыс үшін жеңіспен аяқталып жатыр. Қостанай жеріне мұхит асып, тағы бір ұлы әлем чемпионы болып оралды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ерлан Омаров Америка құрама штатының Ласвегас қаласында дзюдо күресінен шеберлер арасында өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа тақты.
Ерланның жеңісті қадамы сонау 2010 жылдан бастау алған болатын. Сол жылы Қазақ күресінен ересектер арасында Қазақстан республикасының чемпионы атанды.
2018 жылы Белорус мемлекетінде әлем біріншілігін жеңіп алды.
«Содан бері облыста осындай жоғары дәрежеде орын алған азаматтар жоқ. Биыл Арқалық қаласының баласы Архат Баймурзин Тараз қаласында Қазақстан жеңімпазы атанды. Он жылдан кейінгі осы жетістігімзідің қайталануы – федерация мен облыс басшыларының қамқорлығының арқасы», – дейді жеңімпазды күтіп алуға келген лисаковтық бапкер Қайрат Берденбек.
Бұл біз үшін үлкен дәреже.
Айтып өткеніміздей, мұны ұлттық спорттың айналасында жүрген жанашыр жандардың біліктілігінің жемісі деп бағалағанымыз абзал.
«Кезінде Ерланның бапкері Бейсенбай Әубәкіров екеуміз бір залда жұмыс істедік. Еңбекқор азамат екенін сонда білген едім. Күрестің сыртында ат баптаумен де айналысады. Ел чемпионы одан, қазақ күресінен әлем чемпионы болды. Былтыр самбодан өткен әлем біріншілігінде екінші орын алды. Оның бәрі таудай талап пен зор еңбектің арқасы деп ойлаймын», – дейді қазақ күресінен Қостанай облысының аға бапкері Жұмақан Қасымханов.
Еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бейсенбай Әубәкіров самбо күресінен де қос бірдей әлем чемпиондарын дайындап шығарған тұлға. Ал Ерланның білікті маманның қол астында жаттыққанына жиырма жылдан асты. Бұл жолы болар-болмас уақыттың тығыздығынан екі мезгіл жаттығуына тура келді.
«Алдымен самбодан Тәжікстанда өткен біріншілікте бағын сынап көрдік. Ол жерде әлем чемпионынан ұтылып қалды. Осының алдында ғана көп салмақ қуғаны үлкен әсер етті деп жатырмыз. Ол жерде өзімізді ақтаудан гөрі алға ұмтылу маңызды емес пе. Уақыт болса тығыз. Шәкіртімді дзюдодан жарысқа түсуді көндірдім. Себебі оның қимылы басқаларға қарағанда шапшаң. Физикалық тұрғыдан бірден қалыптасатынына күмәнім болған жоқ», – дейді Бейсен Әубәкіров.
Сөйткен бапкерінің айтқаны айдай келді. Қарсыластарымен бес кездесу өткізіп, барлығын таза жеңді.
«Тоқсан келіде бес белдесу өткіздім. Франция, Италия балуандарымен күресіп, Бразилия балуанынан ақтық сынға өттім. Финалда Грузия балуаны кездест. Жеңісім алдымен Алланың, Ата-анамның дұға-тілегінің арқасыі», – дейді Ерлан.
Әлем чемпионатына 67 мемлекеттен 1300 спортшы қатысқанын айта кетейік.
Айбек ЖҮЗБАЙ