«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында үкіметтік емес ұйымдар, волонтерлік бірлестіктер, спорттық қоғамдастықтардың қатысуымен Тобыл өзенінің жағалауын тазарту бойынша алғаш рет плоггинг ұйымдастырылды.
Аты айтып тұрғандай, сенбіліктің ерекшелігі сол, әрбір қатысушы қоқыс, қалдықтарды жүгіріп жүріп, жинады.
«Altyn-saf» мейрамханасы тұрағынан басталып, Тобыл өзенінің оң жақ жағалауынан дейін жалғасты. Акцияға еріктілер мен жастар қатысты.
“Плоггинг – бұл қоқыс жинаумен біріктірілген белгілі бір қашықтыққа жүгіру. Бұл іс-шараның мақсаты – халық арасында экологиялық белсенділікті дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау, – дейді шараны ұйымдастырушылар.
Облыстық қоғамдық даму басқармасының мәліметінше, белсенді жастар қоқыс жинау жарыстарына қатысып, топтарға бөлініп, өз аумақтары бойынша жүгірген. Плогинг қоршаған ортаны қорғау процестерімен үнемі байланыста болу дегенді білдіреді, бұл сала әлемдік тәжірибеде жастар арасында танымал қызмет.
«Бұл шараның ерекшелігі, өзіңізбен бірге берік қоқыс дорбасын алып, жүгіріп жүріп, оған жолда табылған қоқыстарды жинау. Өкінішке қарай, Тобыл жағалауының бойы қоқысқа толы. Пластикалық бөтелкелерден құрылыс қалдықтарына дейін. Әрине, бұл бастамаға мүмкіндігінше көп адамның қосылғанын қалаймыз. Бұл жолы біздің идеямызды облыс әкімдігі мен өңірлік жастар ресурстық орталығы қолдады, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығы жастар бастамалары секторы меңгерушісі Берік Нұрмұхамбетов.
Айта кету керек, іс-шара «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында, Қостанай қаласының 145 жылдығы қарсаңында өтуде.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ