ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі іске қосылғанын хабарлады.
1 желтоқсандағы жағдай бойынша бұл жүйеге 92,8 мың кәсіпорын тіркелген. Ол мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен 80-нен астам көрсеткіштерді талдай отырып, скорингтік модель негізінде жұмыс істейді. Әрбір көрсеткіш үшін салмақ коэффициенттері ескеріледі. Бұл еңбек тәуекелінің деңгейін объективті анықтауға көмектеседі.
Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасын енгізу нәтижесінде кәсіпорындарда әлеуметтік және еңбек заңнамасы нормаларының орындалуын дәлірек әрі уақтылы бақылауға мүмкіндік туды. Енді жұмыс берушілердің еңбекақы, жұмыс жағдайлары, жұмыс уақыты мәселелерінде заң бұзушылықтар азаятын болды. Еңбек жанжалдарының туындау қаупі бар кәсіпорындарда мемлекеттік еңбек инспекторлары алдын алу шараларын қолдана отырып, сын-қатерлерге жедел ден қоюды жүзеге асырады.
Жағдайды автоматты түрде анықтап, талдау арқылы кәсіпорын басшылары оларды жою үшін алдын ала шаралар қолдана алады. Демек бұл жүйе жұмыс берушілерге ықтимал проблемалар мен заң бұзушылықтарды тезірек жоюға көмектесіп, еңбек даулары мен сот процестерінің санын азайтуға сеп болғалы тұр.