Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» Ұлттық құрылтайында әр саланың мамандарын үнемі еңбекке ынталандырып отыру қажет екенін сөз етті.
«Қажетсіз мамандық болмайды, біліксіз маман болады. Ерінбей еңбек еткен жан өз ісінің майталманы атанады. Ал, кәсібін толық меңгерген адам қашанда сұранысқа ие болады. Біз еңбек адамының мәртебесін көтеруге баса мән береміз. Елімізде түрлі саланың кәсіби мерекесі бар. Көбінесе мұндай мейрамдар назардан тыс қалып жатады. Менің ойымша, «Еңбек күніне» орай ең үздік мамандарды мемлекеттік деңгейде ұлықтаған жөн. Бұл қадам қоғамда еңбек культін орнықтыруға жол ашады. Шын мәнінде, қандай жұмыс істеп жүргені емес, оны қалай істеп жүргені әлдеқайда маңызды. Министр немесе әкім болсын, құрылысшы, дәрігер, мұғалім болсын, ең бастысы, әркім өз міндетін адал атқаруы керек. Нанын адал еңбекпен табуы керек», – деді Президент.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы нағыз еңбек адамы деп кімдерді бағалауымыз керек екенін айтты.
«Қазақстанның Еңбек Ері Вадим Басин еңбек адамын насихаттау туралы жақсы ой айтты. Нағыз еңбек адамы дегеніміз кім? Бұл, ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман. Нағыз еңбек адамы бұл – істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат. Ал, жауапсыздықтың салдары неге апарып соқтыратыны кешегі өрт кезінде айқын көрінді. Осындай, келеңсіз жағдайлар тек орман шаруашылығында емес, басқа да салада бар», – деді ол.