Ең жас дауыс берушілерге құрмет көрсетілді

Ең жас дауыс берушілерге құрмет көрсетілді

Қостанайдағы №74 референдум учаскесі таңертеңнен өз жұмысын бастады. Осы учаскеге тиесілі тұрғындар келіп, таңдау жасап, белсенді қатысып жатыр.

Ең бірінші болып қала әкімі Марат Жүндібаев келіпті.

“Таңдау жасаушылар өз кезеңімен келіп жатыр. Үлкен кісілерге, бірінші келгендерге бұйымтай сыйлық беріп жатырмыз. Еш қиындық жоқ”, – дейді 74 сайлау учаскесінің төрағасы Алтай Қайырхан.

Қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Татьяна Искендирова да өз таңдауын жасады.

“Бүгінгі референдумның маңызын өте жақсы түсінемін. Таңдау жасау әркімнің өз еркі. Бүгін еліміз үшін тарихи күн”, – дейді ол.

“Жұбайымыз екеуміз референдумға келіп, өз таңдауымызды жасадық. Ата-әже ретінде балалардың және елімнің болашағы бейжай қалдырмайды. Ұрпағымның қазақ елінде өсіп-өніп, өз үлестерін тигізгенін қалаймын және сол үшін референдумға келіп таңдауымызды жасадық» — дейді Ақылбек Шәйкенов ақсақал.

Алғаш рет дауыс беріп жатқан қала тұрғыны Шыңғысхан Бүркітбай күні кеше ғана 18 жасқа толып, міне, референдумда алғаш рет таңдауын жасады. Ол тәтті сыйлыққа ие болып, қуанып қалды.Сайлау учаскелері таңғы сағат 07.00-де ашылды. Азаматтар кешкі сағат 20.00-ге дейін таңдау жасай алады.

Айтолқын Айқадамова

Суреттерді түсірген — Бағдат Ахметбеков

Жаңалықтармен бөлісу