Елу пәтерлі үй еңсе көтерді

Елу пәтерлі үй еңсе көтерді

Арқалық қаласындағы көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге арналып тұрғызылып жатқан 50 пәтерлі үй еңсе көтерді.

Мемлекет басшысының «Елге көмек» бастамасымен қаланың Шақшақ Жәнібек көшесі №99 мекен-жайынан салынып жатқан жаңа тұрғын үй кешенінің мердігері – елге кеңінен танымал «BAZIS – A» құрылыс компаниясы.

Жаңа үйде көлемі 70-80 ш.м құрайтын ылғи 3 бөлмелі пәтерлер орналастырылуда. Үй 5 қабатты, 2 кіреберісті. Заманауи үлгіде салынып, ауласы абаттанған, тұрғындар үшін барлық қажеттіліктердің озық үлгілері сақталған жаңа тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға беру кезеңі де алыс емес.

Еске сала кетсек, осыдан бір-екі ай бұрын «Тұмар» деп аталатын бұл жаңа тұрғын үй кешенін салушы «BAZIS – A» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Александр Белович құрылыстың қазығы қағылғанда арнайы келіп, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, көпқабатты тұрғын үй құрылысының таныстырылымын жасап, болашақ пәтер иелеріне сертификаттарды өз қолымен салтанатты түрде табыстаған болатын.

Тың тұрғын үй кешені уәде етілгендей жоспарға сай салынып, таяуда пайдалануға беріледі. Жылу беру уақытында үйді компания өзі жылуға қосып, сапалылығын мұқият қарап, тексеретін болады.

Елу пәтерлі үй – су тасқынынан зардап шеккен Арқалық қаласы және көршілес Аманкелді мен Жанкелдин аудандарының тұрғындарына беріледі.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген автор

Арқалық қаласы

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу