Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды.
Primeminister.kz cайытының мәліметінше, бүгінде елімізде 11 мыңнан аса кітапхана түрлі ақпараттық жүйелер мен каталогтарды қолданып келеді. Мамандардың сөзінше, оның арқасында оқырмандар қажетті кітапты немесе оның электронды нұсқасын оңай таба алады. Жүйеде барлық кітапханаға кіру мүмкіндігі қарастырылған. Онда бірыңғай электронды оқырман билеті әзірленіп, қолданушылар электронды үкімет порталы арқылы билетке қол жеткізеді.
Платформада кітап қорын онлайн толықтыру функциясы қарастырылған. Оны жеке баспалар да пайдалана алады. Жарық көрген жаңа туындылар жүйеге енгізіліп, ақылы жазылушыларға қолжетімді болмақ. Осылайша жеке баспалар мен авторлардың мүдделерін қорғау жоспарланған.
«Біз елдегі баспалар өкілдерімен кездесіп, кітаптарды жариялау тәртібін түсіндірдік. Олар ұсынылған шарттарға келісім берді», — деді мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев.
Платформа биыл пилоттық режимде іске қосылып, ірі кітапханалар базасында жұмыс істей бастайды.
«Цифрлық платформа еліміздегі барлық кітап қоры азаматтарға қолжетімді болуы үшін әзірленіп отыр. Сондықтан ең алдымен электронды нұсқаға 10 ірі кітапхана өтеді. Ал қалғандары сәйкестендіру жұмыстарын қолға алуы керек. Кітап қоры толықтай сәйкес келген жағдайда кітапханалар оқырманға арналған іздеу бағдарламасын бейімдеуі тиіс», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.