3-11 наурыз аралығында Черногорияның Будва қаласында жастар арасындағы бокстан 33-ші Әлем кубогы өтті. Оған 20-ға жуық елдің спортшылары қатысты. Жарыста Денисов ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Жанна Нұртілесова 3 – орынға ие болды.
“Аудан тұрғындары бізді алыс сапардан құшақ жая күтіп алды. Маған қолдау көрсетіп, сенім білдіргендерге алғысым шексіз. Сіздердің ерекше ықыластарыңыздың арқасында тек биіктен көрінетініме сенімдімін”, – дейді Жанна.
Спортшыны 2 санатты білікті жаттықтырушы Құдайберді Есенаманов дайындаған. Ол барлық спортшылардың мықты дайындықпен келгендерін, жоғарғы деңгейде біліктіліктерін көрсете білгендерін айтты.
“Жартылай финалға шығу үшін Жанна Швейцариядан келген боксшыны жеңді. Ал, жартылай финалда Ресейлік боксшыға қанша қарсы тұрса да жеңіп шыға алмады. Нәтижесінде жастар арасындағы бокстан Әлем Кубогының қола жүлдегері атанды. Спорт саласында біздің алар асуымыз, бағындырар биіктеріміз әлі алда. Болашақта бұдан да жоғары орындарға ие боламыз деген сенімдеміз”, – дейді Құдайберді Есенаманов.
Қазіргі уақытта Қостанай облысы әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының “Денисов аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі” КММ-де 600 бала спортпен шұғылдануда. Мектепте балаларды спорттың 6 түрі бойынша дайындайды. Оларға волейбол, баскетбол, футбол, ауыр атлетика, бокс, еркін күрес жатады. Мектеп үздіктері облыстық жарыстардың чемпионы, жастар арасында ҚР чемпионы, қыздар арасында баскетболдан ҚР үш дүркін чемпионы, волейболдан ҚР күміс және қола жүлдегері атағына ие болған. Сондай-ақ, Денисов РДЮСМ тәрбиеленушілері волейболдан құрама команданың құрамына кіреді, онда “Айсұлтан” ШҚ үшін Жоғары лигаға қатысады.
Диана БАТЫРБЕК
Денисов ауданы