Елдік мүдде жолындағы берік қадамдар kostdom.kz

Елдік мүдде жолындағы берік қадамдар

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ana tili» газетіне берген сұхбаты ел дамуының негізгі бағыттарын айқындап, алдағы кезеңнің маңызды міндеттерін көрсетуімен ерекшеленді.

Бұл сұхбатта өткен жылдың жетістіктері мен жаңа бастамалар туралы сөз қозғалып, мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамудағы табыстары жан-жақты баяндалды. Ел тарихында алғаш рет ауыл шаруашылығы саласында 27 миллион тоннаға жуық астық жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Бұл – саланы жаңғыртуға бағытталған жүйелі жұмыстың айқын нәтижесі.

Сонымен қатар, инфрақұрылымдық жобалардың қарқыны артып, тұрғын үй құрылысы, жолдар мен әуежай терминалдарының жаңартылуы ел экономикасының жандана түскенін аңғартады. Президент атап өткендей, тау-кен, мұнай-химия және металлургия сияқты салалардағы ірі жобалар еліміздің өндірістік әлеуетін жаңа деңгейге көтерді.

Әлеуметтік бағыттағы маңызды қадамдардың қатарында «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылып, зейнетақы мен жәрдемақы көлемі ұлғайтылды. Сондай-ақ, жаңа мектептер, балабақшалар мен спорт нысандарының салынуы халықтың өмір сапасын арттыруға негіз болуда.

Президент Тоқаевтың сұхбаты елдіктің іргесін нығайтуға бағытталған тың идеяларға толы. Бұл бастамалар тәуелсіздігімізді бекемдеп, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізері сөзсіз. Қазіргі таңда тұрақтылық пен даму – Қазақстанның басты ұстанымы. Ендігі мақсат – осы бағыттан айнымай, ел мүддесі үшін еселі еңбек ету.

Қалқаман Жақып

Қостанай облысы ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы

Жаңалықтармен бөлісу