Ғылыми, ғылыми-техникалық жобаларды коммерциаландыру бағытында көп шаруа атқарылып жатыр. Саланы қаржыландыру көлемі де жылдан-жылға өсіп келеді.
Жыл сайынғы конкурстар есебінен жобаларды коммерцияландыру үлесі алдағы екі жылмен салыстырғанда 27% жетті (2021 – 21%, 2022 – 25%). 2022 жылдың қорытындысы бойынша, 120 жоба жалпы табысы 16,4 млрд теңгеден асатын сату кезеңіне жетіп, оның ішінде 15 жоба аясындағы экспорт 346,7 млн теңгеге жеткен. Жалпы, 2020-2022 жылдары жобаларды іске асыру арқылы бюджетке салықтар мен төлемдер түрінде шамамен 5,2 млрд теңге түскен. 1400-ден астам жұмыс орны құрылғанын да айта кету керек.
Мәлімет бойынша, соңғы жылдары Халықаралық журналдарда ғылыми жарияланымдардың өсуі (2022 жылы – басылымдардың жалпы санынан 0,14%, 2020 жылы-0,13%), сондай-ақ Scopus базасына кіретін қазақстандық ғылыми журналдар санының көбейгені байқалады. Бұл біздің ғылыми жетістіктерімізді әлемдік қоғамдастықтың мойындағанын көрсетеді. Математика, инженерия, экология, микробиология, молекулалық биология және генетика сияқты ғылыми бағыттардың көрсеткіштері жақсара түсті. Отандық ғалымдардың жетістіктерінің ішінде коронавирусқа қарсы QazVac аталатын қазақстандық жоғары тиімді вакцинаның әзірленгенін атап өту қажет.
Алда күтіп тұрған жаңашылдықтар әлі де көп. Айталық, “Бірыңғай терезе” цифрлық платформасы арқылы ҒЗТКЖ-ны қаржыландыруға жер қойнауын пайдаланушылардың міндеттемелерін орталықтандыру бойынша жұмыс жүргізілу үстінде. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорында ғылыми-техникалық бастамалар орталығы құрылды. Биыл есепке алу, тіркеу және сараптама процестерінің бірыңғай цифрлық платформасын іске қосу жоспарланып отыр. Жер қойнауын пайдаланушылардың білімге және ҒЗТКЖ міндеттемелерінің 1%-ын пайдалануды үйлестіру бойынша НҚА-ға тиісті өзгерістер енгізілетін болады.
Оның үстіне, ғылым саласын басқару, ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыру, технологияларды дамыту және инновациялық қызметті қолдау мәселелерін үндестіру мақсатында министрлік «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң жобасын әзірлеп жатыр.