Еламан ҚАБДІЛӘШІМ. Көрші

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ. Көрші

(әңгіме)

Болат әйеліне әлде, мұң шаққандай, әлде жорамалы дөп келгендей ықыластана сөйлеп отыр. Екі елі ауызына бір елі қақпақты ұмытқандай.

– Өзінше мәдениетті болып, сыпайы сөйлеп, бірінші амандасып, жол беріп, елпілдеп тұратынының артында бір гәп бар екенін ішім сезетін. «Періште ме не?!» деп ойлайтынмын. Ол да біз секілді қыз-қырқынды әңгіме қылғанды жақсы көреді екен, – деді салдырлап.

Бағанадан бері құлықсыз тыңдап отырған әйелі әңгімеге қыз-қырқынқосылғанда ғана басын көтеріп, отты жанарын күйеуіне оқтай қадады.

Даңғырлап отырып, не айтып қойғанын енді ұққан Болат, ақталғандай болып, қипақтап кетті:

–Біз секілді болғанда, енді, мен секілді емес. Мен секілді дегенде… – Әйелінің көзі өңменінен өтіп, іш құрылысын түгел ақтарыстырып, жұлынымен бойлап миға шабуылдап барады. – Ой-й, жаным, қойшы, олай тесіліп қарамай. Соңына дейін тыңдашы енді.

– Ал, тыңдап отырмын. Мұқият!

–Мынау біздің көршіні айтам, 9-қабатта тұратын…

– Ій-и-әәә, оған не болыпты?

– Сол деймін… бағанадан бері не айтып отырмын саған. Шырттайкиініп, қап-қара портфелін тастамай, элегантный болып көрінгенімен, қыздар десе, жылмыңдап тұрады екен.

– Оны қайдан көрдің? Әлде, бірге бардың ба? – Әйелі бұны тістеніп айтты. Тез жауап беріп құтылмаса, тістеп алардай болды.

– Жаңа, лифте ұшырасып қалдық. Бір жігітпен ауызы-аузына жұқпай әңгіме айтып келе жатыр. Тоқтай тұр, көрші, бірге кірейік деп айғайлап соңынан жүгірсем де, естімейді. Күндегідей жайдары амандасқан да жоқ. Екі көзі жайнап кеткен. Бұған не болған деп ойлап қоям. Тар лифте қатар тұрған соң сөздеріне құлақ түрдім. Қыздар туралы айтып тұр. Қызып кетіпті өзі. Тоқтамайды ғой. «БасындамағанЖәнелұнаған» дейді. «Жаннаоншаемессекілді көрінген» деп қояды тағы. Бір емес, бірнеше қызды сынай, сипай сөйлейді өзі. Әйелі естіп қойса, не болады, ә?! Қалай ақталар екен. «КейінЖәнелдіңарам ойлы қыз екенін білдім, жақтырмайқалдым» деді сосын. «Жаннажақсыекен. Өзім ғашық болдым» деді. Несі жақсы екенін, соңына дейін тыңдай алмай қалдым. Біздің қабатқа келдік те, мен түсіп қалдым. Жай түспей, «Біреуді сөз қылғанша, өзіңді жөндеп алсайшы» дегенді ұқтырып, жаман көзіммен қарап, қоштаспай шығып кеттім лифтен.

– Еркек болған соң қарайды да.

–Жарайды қарай берсін, соны біреуге айтып несі бар? Ұят емес пе? Жігіттікке жатпайды. Мен болсам, айтпаушы едім…

Соңғы сөйлем Болаттың тістерінің арасынан өздері сытылып шыққан секілді. Ол тағы не деп кеттім дегендей мелшие қалды.

– Соның орынында болғың келе ме сенің?

Әйелінің көзі шытынап бара жатты. Болат «Жо-о-оқ» деп, қос алақанымен оның бетінен ұстап, мұрнының ұшынан сүйді.

– Жарайды, көршісі құрысын. Шайым суып қалды. Қайта құйшы…

 

***

Менің бір жазушыдосымбар. Бірнеше шығармасы сайттарда жарияланып, газеттерге басылды. Менің бала кезімнен кітапты көп оқитынымды жақсы білетін ол, әр әңгімесі жарық көргенде сүйінші сұрағандай, WhatsApp-қасілтемесін салып жібереді. Бір әңгімесі ұнайды. Енді бірінен түк түсінбей қойдым. Қандай пікір айтсам да, тыңдайды.

Бүгінтаңертең байқадым: түнгі 2-3-терде екі рет хабарласыпты. Достарымен бас қосып, сыралатты, немесе жаңа әңгіме жазып, нүктесін қойды. Ол бұндай кеш уақытта осы екі жағдайда ғана қоңырау шалады. Ерте тұруым керек болған соң, жатарда телефонымның дауысын басып тастағам.

Жұмысқа бара жатып, қоңырау шалдым. Бірден көтерді. Дауысы сергек. Қуанышты үн. Жаңа туындының кіндігін кесіп, көсіліп отырғанын бірден сездім. Амандық-саулықтан соң бірден «Қашан оқимыз?» дедім.

– Бір жерге жарияламай тұрып, саған оқытып алайын, – дегем.

– Жібер WhatsApp-қа.

– Жоқ, қағазға шығарып алып келем.

– Бұрын бұлай етпейтін едің ғой?

– Мына әңгімемнің жөні бөлек болайын деп тұр. Бұған дейін жазғандарымнан ерекше.

– Шоқтығы биік туындым дейсің ғой, – деп көп оқитынымды тағы бір есіне салып қойдым.

– Жарты сағатта келем.

Телефон тұтқасын қойып, досымның шалқыған шалқар шабытының толқыны жанымның жағалауын шайып өткендей менде жадырай бердім. Жаңа өлеңін жазып болған ақын, жаңа туған сәбиін қолына алған анадай болады деуші еді. Жазушылардыкі тіпті бөлек болатын шығар, ә! Ақындар жарты сағат-бір сағат ойланып-толғанып жазып, сонша рахаттанады. Ал бұлар кем дегенде бір күн тапжылмай отырады емес пе?!

Жазушы досымның көңіл-күйін толық сезінбесем де, қалай шалқып, балқып отырғанын сезетін секілдімін. Көрейік, ал, жаңа әңгімесінің қандай ерекшелігі бар екен?!

Ол келіскен жарты сағатынан ерте келді. Қолында қалыңдығы бір еліболатын ақ қағаз. Жүзі бал-бұл жайнайды. Жанары жанып тұр. Жалын атып…

Қуанышын қуаттайын деп құшағыма қысып, жаңа жазғанымен құттықтадым.

–Тура, 100 бет. Ерінбей, жалықпай, шаршамай-шалдықпай оқып шық. Сосын ұнаған-ұнамағанын айт.

Досым қуанышының тізгінін менің қолыма ұстатып тұрғандай болды. Жүз бет шаттықты шашыратып алмайын дегендей еппен қимылдап, қағаздарды үстеліме қойдым.Досым «Кешке хабарласамыз» деп шығып кетті. Жүрісінен жайбырақаттық, шалқығандық көрініп тұр.

Қуаныштың ізін суытпай, іске кірістім. Бірінші бетіне үңілгеннен-ақ басымды ала алмай қалдым. Жұмыс жайына қалды. Шынымен «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» екен. Ден қоя түстім. Кейіпкерлердің өмірі, тіршілігі, іс-әрекеті, әңгімесі – бәрі-бәрі еліктіріп, елітіп барады. Түскі үзіліс те, ас та естен шықты.Сиясы кеппеген тың шығарма буы бұрқыраған ыстық астай бойыма сіңді.Досымның әңгімесінің ішіне еніп барамын…

 

***

Кеше ғана тоғызыншыны бітіріп, қаладағы техникалық колледждің бірінші курсына оқуға тапсыруға келген секілді едім. Енді міне алғашқы сабақ күнінде курстастармен және куратормен танысып отырмын. Шетінен жалындаған-жарқыраған жастар. Бозбалалардан бойжеткендер көп. Бәрі көрікті, бәрі жайдары, бәрі ақылды, бәрі талапты. Бірақ, менің қатарлас құрбыларымның барлығынан кураторым – сұлу, жанары жылы әрі ойлы, сөзі байыпты, дауысы биязы, бойы жинақы, еңсесін тік ұстайды. Бүгін киіп келген ақ блузкасы мен көк түсті кастюмі, тізеден келетін қара юбкасы, ақшыл-қоңыр капроны мен биік өкшелі қара туфлиі өзіне сондай жарасып тұр. Бала мұртымыз тебіндей бастаған бізге, ерекше мейіріммен аялай қарайтын секілді. Әсіресе, маған. Мен өзге ешкімді, басқа ештеңені елең етпей, көзге де ілмей кураторыма ғана қарап отырмын. Ол мені есіктен бері аттап, тық-тық басып кірген бетте-ақ баурап алды. Алдағы өміріміз, студенттік күндеріміз қалай болар екен деген күмәнді қызығушылық қана жайлаған шағын аудиторияны, алда тек жайдары күндер мен шуақты шақтар болады деген сенімді үмітке толтырып тастады. Себебі ол «Енді күнде кездесіп тұрамыз. Сендердің оқу үлгерімдерің мен тәртіптерің менің қадағалауымда болады», – деді. Мен сабағым мен тәртібімді емес, онымен күнде кездесетіміне қуандым. Іштей. Солай болды да, біз күнде кездесеміз, күнде тілдесеміз. Бірақ, тек сабақта.

Күн артынан талай күн ауды. Кеш соңынан талай түн кірді. Таңның тезірек атуын тілеп, кірпік айқастырамын. Түсім өңіме айналса екен деп тілеп сабаққа асығамын. Басқалары колледжден қашса, мен шыққым келмейді. Кураторым қандай тапсырма берсе де, бірінші ұмтыламын. Мүлтіксіз орындаймын. Сол үшін де ол мені өзіне жақын тартады. Сенім артады. Жылы сөзімен баурайды ол мені. Өртеніп кете жаздаймын, көздеріміз түйісіп қалғанда. Бұл ғажап хәл өзіме ұнайды. Ғашық болып қалғандаймын. Иә, ғашықпын.

Сондай тамаша күндердің бірінде мен қала колледждерінің студенттері арасында Мұқағали оқуларынан Бас жүлде жеңіп алдым. Біздің оқу орнының аты асқақтады, менің абыройым аспандады. Бәрі мақтады, директор марапаттады, мұғалімдер алғыс айтты. Мен кураторымды қуантқаныма разымын. Ол: «Шәкіртімнің талантына тәнтімін. Сіздер де оның өнеріне куә болыңыздар!», – деп колледжішілік жиналыста маған өлең оқытты. Мен сәл кідіріп барып, «Ғашықпын… Шын ғашықпын сол адамға…» , – деп, жанарымды тек соған қадап, ерекше шабытпен әрі сүйіспеншілікпен оқыдым. Солай мен оған өз сезімімді жеткіздім. Ол бәрін ұқты. Барлығын түсінді. Көркіне ақылы сай парасатты жан болғандықтан ұқты.

Бір күні мен сабаққа кешігіп келдім. Аудиторияға кірсем, кураторым ғана отыр. Ұл-қыздарды қалалық флешмобқа алып кетіпті. «Кешіккенің жақсы болды. Енді ол жаққа бармай-ақ қой, босқа шаршайсың. Кел отыр», – деп ол мені ішке енгізді. Екеуіміз оңаша отырмыз. Мен қыз алдында қысылып, қымтырылуды білмейтінмін. Өзімді барынша еркін әрі сенімді ұстайтынмын. Бұл жолы да сол қалпымнан айныған жоқпын. Ол бірінші сөз бастады.

– Неге журналист немесе қазақ тілі мұғалімі мамандығын таңдамадың?

– 10-11-ді оқығым келмеді. ҰБТ-дан қорықтым. Сосын бұйырғаны осы болды.

–Саған сахнада жүрген жарасады.

– «Сварищик» болған жаман ба?

Ол әдетінше жылы жымиды.

– Мен де поэзияны жақсы көремін. Фаризаны, Күләшті оқимын, – деді сосын.«Қыз махаббатын» оқып берді. Мен дір-діретіп тыңдадым. Жүрегім алыпұшыпбарады.  Жанымыз да, тілегіміз де бірігіп кеткендей. Өзге ештеңені ойлағым да келмеді. Тек уыздай ұйып, тебіреніп тыңдай бердім. Бұлай өлең оқыған, бұлай елжіреген жанды көрмеппін. Өлеңнің әр жолын, әр сөзін жанымен түсініп оқиды.

– Мынандай талантыңызбен сіз бұнда не істеп жүрсіз?, – дедім мен де таңданысымды жасыра алмай…

Біз ұза-а-ақ сырластық. Ұзақ болғанда, бір сабақ бойы. Менен он жас үлкен екен. 18-інде жат босағаны аттап, ақ жаулық тағыпты. Студент болған алғашқы күні-ақ, курстас жігіті алып қашқан екен. Келін атанғалы сегіз жыл болса да, әлі бала сүймепті. Өзі айтқандай «жездем» зауытта жұмыс істейді екен.

Менің сабақтан қалмайтыным секілді, оның жұмыста болмайтын кезі аз. Іс-сапарға кетсе немесе басқа шаруалармен жүрсе, міндетті түрде ескертіп отыратын. Онысын мені жұбатқаны деп қабылдаймын. Сезімтал жан ол болмаса менің көңілім құлазып қалатынын ұғатын. «Ештеңеге алаңдамай сабақтарыңды оқыңдар», -деп топ старостасы ретінде барлығынмаған тапсырып қоятын. Ұзаққа кетсе, әр күн сайын хабарласып, сабақ күні қалай өткенін сұрап тұратын. Мен де әр нені сылтау етіп, хабарласа беретінмін.

–Сіз қашан келесіз? Кафедра меңгерушісі сізді іздеп келді, сұрады , – дедім бірде басқа сылтау таппай.

– Бүгін соңғы күн. «Ертең таңертең келеді», – деп айта салшы, – деді ол менің сылтауымды іскерлігіме балап.

Ертең келетінін біліп алғанда-ақ менің көңілім көкті шарлап кетіп еді.

– Иә, қазір барып айтамын. – Байланысты үзіп, жоғарғы қабатқа жүгіре шықтым.

Ғашықтарда ес болмайды деуші еді ғой. Рас екен. Кафедра меңгерушісінде телефон жоқ па, болса менің кураторымның нөмірі жоқ па, бастығы қызметкерге өзі хабарласпай ма, ол жағын мүлдем ойлаған емеспін. Мүмкін ойлаған шығармын. Бірақ неге кафедра меңгерушісі басымен «Кураторың қашан келеді?» деп менен сұрайды. Демек, білмейді…

Мейлі, сабақ барысындағы ресми қарым-қатынас болса да, біздің арамызда бір байланыс бар еді. Ол да осыны сезетін…

Біз оқуды бітірер жылы кураторымыз хабарсыз кетті. Жұмыстан шығып кетіпті. Бар білетініміз осы. Телефон нөмірі өшірулі. Мені «Не болды екен?» деген алаң басты. Ғашығымнан көз жазып қалғаныма сене алар емеспін. Сол үшін ғана сабақ оқып, сол үшін ғана үздік болуға тырысып жүр емеспін бе?! Енді қайтпекпін?! Жұмыстан шығып кетсе, қайтып келмейді деген сөз. Солай бір ай уақыт өтті. Сарғая сағынғаным, сарыла күткенім келмеді. Бірде топтас қыздардың әңгімесін құлағым шалып қалды. Нақтысында әдейі тыңдадым. Сөз менің ғашығым туралы еді.

–Ажырасып, ауылына кетіп қалыпты, – деді бұйрашаш.

– Не болыпты?, – деді алмабет.

– Қол көтерген екен күйеуі.

– Негеее?, – деп таңданды күлімкөз.

– Бала тумайсың деп.

– Мәссаған!, – деді қыздар…

«Жездең» дейді ғой. Бұндай жездесі құрысын. Менің сұлуымды жылатуға, ренжітуге ешкімнің қақысы жоқ. Жұдырығымды қысып, тістеніп тұрмын. Көмейіме өксік тірелген секілді. Бағанағы бұйрашаш топтасымды оңашалап алып шығып, мән-жайды сұрадым. Кураторымыз әпкесінің құрбысы екен. Сол айтыпты.

Мен ғашығымды іздеп ауылына баруға бел будым. Жаралы жанына жұбаныш болғым келді. Өлең оқып бермекпін. Көңілін аулап.

Кураторымның ауылына келдім. Кездескендерден сұрастырып жүріп, үйін таптым. Үйі де өзі секілді еңселі екен, жарқырап тұр. Қақпаны қағып, ішке ендім. Тым-тырыс. Дауысымды шығарып, адамдардың бар-жоғын сұрадым. Қора жақтан «Кім бұл?» деген ақсақал дауысы естілді. Алдынан шығып сәлем бердім.

– Ата, мен қаладан келген студент едім. Мұғалімімді іздеп жүрмін, – деп ғашығымның аяулы атын аялай атадым.

– Немерем үйде. Қазір шақырып келейін. Сен ас үйге қарай бара бер, – деді атай ішке еніп бара жатып. – Бәйбіше, шай қой, қаладан қонақ келді.

Ас үйден әжей көрінді.

– Кел, төрлет! Әжей үстелге тәтті-дәмдінің барлығын қойып үлгерді. – Қазан көтерейін, – деп ол да шығып кетті.

Қандай биязы, байыпты жандар. Осындай мейірімді ата-әжеден тәлім алған менің ғашығым қалай жаман болсын?! Әлгі жездемнен бар кінә. Жібекті түте алмай жүн қылған. Мен үйден бөлек салынған жаздық ас үйді көзбен шолып шықтым. Тап-таза. Ыдыс-аяқ ұқыпты жиналған. Аппақ іргеге кілем ілініпті. Төрде диван тұр. Шағын үстел үстінде кітаптар жатыр. Біреуінің беті ашылып, төңкеріліп қойылыпты. Әжей, не атай оқып отырып, сол беті қалдырған секілді. Үстел үстінде де, жерде де бір қиқым, қылшық жоқ. Дастарханның да пышақ тілген жырығы, етегінің жиырылғаны көрінбейді. Менің ғашығымның қолы тиген әр нәрсе осылай жайнап тұрады.

Бір мезетте ол келді. Сол қалпы. Ештеңе өзгермеген. Ойлы жанарына аздап мұң қосылғандай. Мен орнымнан ұшып тұрдым.

– Сәлеметсіз бе?! Қалыңыз қалай?, – деп оны бастан-аяқ сүзіп өттім. Бетінде, мойынында, қолында көгерген, жарақат болған із жоқ па екен деп шолып шықтым. Ештеңе көрінбеді. Құшақтап алып, жылағым келді.

– Жақсымын. Қайдан жүрсің?, – деп ол қарсы орындаққа жайғасты.

– Сізді іздеп келдім. Неге кетіп қалдыңыз? Бізді тастап… – Мені тастап дегім келді. Бірақ айта алмадым.

– Шай іш. Жолдан келдің ғой, – деді ол сұрағыма жауап қайырғысы келмегендей. Шай құйған әр қимылы байыпты. Кесені қолына алғаны, маған ұсынғаны қандай?! Саусағына саусағым тиіп, кесені алып ыстығына қарамастан ұрттай беріппін. Аузымның күйгеніне де қарар емеспін. Жүректің күйгенінің қасында ауыз деген не, тәйірі.

– Біз сізді сағындық, – дедім. Мен дегім-ақ келді.

– Мен де.- Дауысынан сөзінің жалған емес екені сезіліп тұр. Бірақ жылы үніне, қобалжудың салқыны араласып кетіпті.

– Енді неге кеттіңіз? Бір ауыз сөз айтпастан. – Тергейін дедім. Батылдығым қайта бас көтерді.

– «Жездеңмен» ажырастым.

– Жездең демеңізші.

Ол іштарта жымың қақты.

– Басқа барар жерім жоқ. Ауылға келдім. Біраз ес жиып, өмірімдіқайта бастаймын. Астанаға кететін шығармын.

– Мен де диплом алған соң Астанаға барам. Ол жақта құрылыс көп қой. Сварщик керек шығар оларға… – Болашағымыз бір қаламен байланысты екен. Соны естіп, көңілім тыныш тапты. Болашағымыз бір-бірімізбен де байланысты болатынына көңіл жұбатып, еңсемді басқан ауыр ойдан арылдым.

Ары қарай әңгімеміз өрістей берді. Баяғы оңаша қалып алғаш сырласқандай, бұл жолы да бүгілген сыр, жасырылған ой қалмады.

– «Маңдайыма жазылғаны осы болар?!» деп долы күйеуге шыдай бердім. Тәтті торт жеген тойдың ертеңінде-ақ, ащы таяқтың дәмін таттым. Сыныптасынан қызғаныпты. Одан кейін бойыма бала бітпей, уайымыма қайғы, мұңыма шер қосылып жүргенде, кінәні менен іздеп, таяқтай берді. Тіпті, ауызына келгенін де оттады. «Маған дейін аяғың ауыр болып, алдырып тастағансың. Содан жатырыңажұқпай жүр» деді. Олай емес екенін айтып, жалынып-жалбарынсам да құлақ аспады. Қанша дәрігерге қаралдым. Менен кірәрат жоқ. Соны ол өзі мойындағысы келмейді. Ақыры, шыдамадым. Шегіне жетті бәрі. Кетіп қалдым, – деді ол жанарынан жас тамшылатып.

Не деп жұбатарымды білмедім. Тек қасына барыпотырып, құшақтадым, маңдайынан иіскедім. Дауысым жарықшақтанып, «Мен сізді сүйемін!» дедім. Ол менің бұл сөзімді қалай қабылдағанын ұға алмадым. Тек иығыма басын қойып, еңкілдей берді.

Сол күннен бастап, біз сағат сайын тілдесіп тұрдық. Ол – ауылда, мен – қалада. Бейнеқоңыраумен сөйлесіп жатып, ұйықтаймыз. Ол мені «Сабағыңнан қалып қойма» деп қоңырау шалып, оятады. Әңгімеміз таусылмайды. Балалық шақ қызықтары, ересек өмірдің қыр-сыры, отбасымыздың жай-күйі – бәрі-бәрі айталады. Асқақ армандарымыз жайлы тебіренеміз. Ол бала кезіндегі, бойжеткен шағындағы суреттерін жібереді. Сол кездегі кіршіксіз, кірпияз қалпына иненің жасуындай да кір түспеген, шаң қонбаған, кескін-келбетіне сызат түспеген. Оқуды бітіріп, қолға дипломды алғанша, қанша сөйлесіп, сырлассақ та, ол менің «Сізді сүйемін» дегеніме жауап қатқан жоқ. Сонысымен ол мені ынтықтыра берді. Бара-бара ғашықтығым асқынып, құштарлығым арта берді. Қатарластырымның бірі де мені ол секілді түсіне алмайды. Ол секілді менімен тең дәрежеде пікірлесе алмайды.

Оқу бітіргеннен кейін мен оны тағы іздеп бардым. Барлық сән-салтанатымен қарсы алды. «Үздік оқушым, талантты шәкіртім қызыл диплом алды» деп ата-әжесімен бірге мені қолпаштай берді. Төрге шығарып, ақ тілектерін айтты. Мен үшін арнайы сойылған қойдан асап-асап алдым. Алғаш рет. Атай құрметтеп, шапан жауып, қамшы сыйлады. Бірінші рет бұндай сый-құрметке бөлендім.

Ертеңінде мені әскерге алып кетті. Жас сарбазды шығарып-салуға ол келе алмады. Бірақ, әскери комиссариатта жатқанда тілдескенімізде «Сені күтем!» деді. Осы бір-ақ ауыз сөзі мені қанаттандырды. Әскердегі қиындықтар да, ауыртпалық та, шаршау да, қалжырау да, аштық та, ұйқы да, жаттығулар да – барлығы өз-өзінен жеңілдеп, оңай еңсеріле берді. Мені демеген ол еді. Қашан мүмкіндігім болып, қоңырау шалсам, ол бір гудоктан-ақ көтеретін. Кейде аз, кейде көп сөйлесеміз. Маған сенім бере сөйлейді. Жігерлендіре тіл қатады. Әскери фильмдерді көп көріп жүр екен. Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен Аңызын» қайта-қайта оқиды екен.

Бір күні тілдескенімізде дауысынан алаңдаушылық білінді:

–Көрші ауылда бір бала бар еді. Сен шамалас. Сол әскерде қайтыс болыпты. Соны естіп, жүрегім қысылып жүр. Сені уайымдаймын.

– Иман байлығын берсін, – деп бет сипап, көңіл білдірдім. Ондай суық хабарды біз де естігенбіз. – Сіз еш қорықпаңыз. Менде барлығы жақсы. Үздік сарбазбын.

–Байқап жүр. Ұзақ уақыт хабарсыз кетпе. Уайымдаймын, – деді ол. Жанашырлығында шек жоқ. Біз танысқан күннен бері сол мейірімінен еш айныған емес.

Қаруластарымның қаншасы әскери билетке қалжырап, қиналып жетті. Ал мен көк кітапшаны ақ махаббатымның, пәк махаббатымның күшімен төс қалтама салдым. Пайызға отырған сәтте оған қоңырау шалып: «Ертең түнде келемін. Сіз ғана күтіп алыңызшы», -дедім.

Уәделі уақытта біз қауыштық. Оның жанарындағы сағыныш сәулесі менің өмірімді жайнатып жіберді. «Мен сенімен мақтанамын!», – деді ол. Екеуіміз қолтықтасып, түнгі қаланың шуын да, дуын да елемей жүре бердік.

– Сізді сағындым!

– Мен де! – Ол мені сағынғанын бірінші рет айтты.

– Сізді сүйемін!

– Мен де! – Ол мені сүйетінін де бірінші рет айтты.

– Маған тұрмысқа шығыңызшы!, – деп мен қалтамнан жүзік алып шығып, ғашығыма ұсындым. Оның ойлы жанарынан мұң ізім-ғайым жоқ болып кеткен. Керісінше қуаныштан күлім қағады.

–Бұныңды сені күткенім үшін жасаған сыйлығың деп қабылдайын!

– Мен шын айтамын. Сізді алғаш көрген сәтте ғашық болдым. Бойыңызда өзге ешкімде жоқ асыл қасиет бар. Маған сіздің өткен өміріңіз маңызды емес. Біреудің не дейтіні де қызықтырмайды. Мен баяғыда-ақ осы шешімдіқабылдап, осы сәтке дайындалып жүрдім. Сізді қорғауға әлім жетеді. Сізді бақытты етуге сезімімнің қуаты жетеді. Менің адал жарым болыңызшы!, – деп қайталап, қолымды қайта ұсындым.

– Маған сіздің батылдығыңыз баяғыдан-ақ ұнайтын, – деді ол. Бірінші рет маған сіз деп тіл қатты.

–Батыл қадамды бірге жасайық.

– Иә, мен сізді азаматым деп қабылдаймын.

Гауһар тасы жарқыраған жүзік оның сүйріктей саусағына жарасып кетті…

…Ата-анамаүйленетінімді айттым. Қуанды. Бірақ, болашақ келіндерінің бұрын тұрмыста болғанын естіп, сол қуаныштары су сепкендей басылды. Ал, өзімнен үлкен екенін білгенде теріс қарады.Олардың не үшін қарсы болғанын ойлаған да жоқпын. Елеген де жоқпын. Ешкімді де тыңдамай, үйлендім. Сол күні олар менен сырт айналды. Біз той жасаған жоқпыз, әуелі мұсылманша, сосын заңды некеге тұрдық. Мен осындай құрбандыққа барып, ғашығыммен қосылғаныма титтей де өкінген жоқпын.Міне бір жыл болды. Біз бақыттымыз.Әке атанған күні мен әке-шешеме хабарласып, сүйінші сұрадым.

– Немерелі болдыңдар! Келіндерің егіз туды. Біріне өз атамның, екіншісіне нағашы атамның атын қойдым. Келіп, «Марқұм әкелеріңе» сәлем беріп кетіңдер!, – деп телефон тұтқасын тастай салдым.

Солайша, мен өз отбасыммен қайта табыстым. Қазір бәріміз Астанада тұрамыз…

 

***

         …Жұмыс аяқталатын уақыт болғанда, мен де 100-бетті аудардым.Бірден досыма қоңырау шалдым. Ол мені ғана күтіп отырғандай бірінші гудоктан-ақ «Алло» деді. Саңқылдап шықты дауысы.

– Кел маған. Біздікіне барып, сенің жаңа табысыңды атап өтейік. Келініңе, ой, жеңгең болады екен ғой, айтып қойдым, – дедім әдеттегі достық әзіліме салып,екі ай үлкендігімді және оның қуанышына ортақ екенімді білдіртіп.

– Мынаны роман десек болады, – дедім мен онымен жұмыс алдында кездескен бетте, қалыңдығы бір еліқағаздарды қысып ұстап.

– Хикаят бола берсін.

– Жарайды, дегенің болсын.

– Бірақ, досым, сен қатесіз жазуды үйренші. Жақсы шығармада жаман қате өріп жүр. «Адам» дегенді «Дама» депжазасың.«Өмір» дегенді «Мөір» дейсің. Үтір, нүкте, сызықша деген тіпті…

– Ой нөпірін, тасқынын жоғалтып алмау үшін пернетақтаны баса берем-баса берем, сол кезде қате кетеді.

– Жазып болған соң, қайтадан оқы. Сонда аңғарасың қателеріңді.

– Білесің ғой, менің көзім нашар көреді. Қанша қайталап оқысам да, көрмей қалам, – деді досым. Қалың көзәйнегінің терезесінен «Менің қандай кінәм бар?» дегендей көзі жыпылық-жыпылық етеді.

– Сен жазып, мен оқып көзімізді құрттық-ау, – деп мен де мұрнымның қырына қонған жұқа шынылы көзілдірігімді қозғап қойдым.

– Қанша қателессең де, сен қазақ тіліне бір жаңа сөз қостың, – деп қуақылана күлдім.

Қандай дегендей, нені айтып тұрсың дегендей, ол маған сұраулы жүзбен бұрылды.

–Оспанханның «Ңөңінен» кейін «Ң-нан» басталатын екінші сөзді тапқан сен мықты жазушысың, – деп қолын алдым. – Енді мен де сенің кейіпкерің секілді қуанған кезімде «Ңылдап» әндететін боламын.

 

***

Сол хикаятты әлі талқылапкелеміз. Жұмыстан шығып, қоғамдықкөлікке мінбей, әдейі жаяу жүрдік. Хикаятта бәрі бар. Тартыс та, шиеленіс те, махаббат та, сатқындық та, өсек те, өтірік те… Жол бойы тоқтамағанталқылауымыздыңсоңына жете алмадық.Үй жаққакелгендемен қызығушылығымды жасыра алмай:

– Кейіпкерлердің бейнесі шынайы шыққан. Шыныңды айтшы, өмірде бар адамдар ма?, – деп сұрадым.

– Жо-оқ, ойдан шығардым. Қиялым ғой.

– Мынандай тағдырды құрастыра салатын құдіретің барын білмеппін.

Досым күлді. Ризалық білінді онысынан.

Біз лифткекірдік.Соңымыздан асыға басып, көршіжігітте енді. «Тоқтай тұршы, көрші, бірге кірейікдеп айғайлап келем, естімейсің», – деді. Ойымның барлығы, жаңа шығарма туралы болғандықтан, мен оған аса көңіл бөлмедім. Жарқылдай амандаса алмадым. Басымды изегендей болдым тек.

– БасындамағанЖәнелұнаған.Жанна оншаемессекілдіеді.КейінЖәнелдің арам ойы біліне бастады. Дегеніне жету үшін нешетүрлі былапыт істерге барды, мінезі өзгерді. Ол маған ұнамайқалды. Керісінше, Жанна жақсыекен, – деп шығармакейіпкерлерініңұнаған-ұнамағанынайтабердім.

Көршімбізгежақтырмайқарағандай болды. Лифт тоқтағанда мен де селк етіп, сөзімді тоқтаттым. Сол кезде көзімді көршім Болатқа салып үлгердім. Ол бізге сынай қарап, лифтеншығыпкетті.«Салқын амандасқанымды көңіліне алған шығар?!», – деп ойладым да, негізгі әңгімеге қайта бастым.

– Сен бұл жерде өте шеберлік таныта білдің. Оқырманды адастырып барып, дұрыс жолға салдың. Біресе, Жәнелді, біресе Жаннаны жақтаймын деп, өзім де есімнен жаңылып қала жаздадым. Өзінен кіші студентінің басын айналдырып алған сұмпайы деп бекер жазғырған екем Жаннаны, – деп мен тоқтағанда лифт те 9-қабатқа жетті. Біз үйге кіріп, қуанышты дастарханның басына жайғаса бердік…

Павлодар қаласы

Жаңалықтармен бөлісу