Ел тілегі – әулие басын қарайту

Ел тілегі – әулие басын қарайту

Тобыл-Торғай даласында исі қазаққа аты мәшһүр небір әулие кісілер өткен. Аңызға айналған аруақты адамдардың бірі – Түркебай әулие. Қанша ғасыр өтсе де бабаның шапағатына сенетіндер әлі де көп. Бейітіне барып, еміне шипа, дертіне дауа сұрап, медет тілейді. Әулие Науырзым ауданының Өлеңді ауылы маңына жерленген. Басында құлпытас белгі, жөнді қоршау жоқ. Ауыл ақсақалдарының осы олқылық түзелсе деген тілегі бар.

 

Үш жүзге аты мәлім

Аты алысқа кеткен әулие, емші, батагөй Түркебай бабамыз ХІХ ғасырда өмір сүріпті. Оның қасиетті болғаны туралы ел аузында тылсым әңгіме көп. Ауырып, көмекке зәру болған жандарға шипасы тиген. Ел ішіндегі аңызға сенсек, оған ерек қасиет әкесі Ақаннан дарыған. Енді бірде нағашысы Жолшара әулие жеті жасар Түркебайдың басынан сипап, оған ерекше қасиет берілетінін, оның есімі бүкіл қазақ халқына аян болатынын айтқан деседі. Осы сәуегейліктен соң уақыт өте келе Түркебай қатты ауырып, ол түсінде ақ шапан киген адамды көреді-міс. Ол балаға мейір төге қарап, арқасынан қаққан екен. Осыдан соң ол дертінен құлан-таза сауығып оянады. Сол кезден бастап, бойына тылсым күш дарыған Түркебай адамдарды емдей бастайды.

Түркебайдың әулиелігі туралы мынадай бір әңгіме бар: Көктем мезгілі, Аят өзені кемерінен асып тасыған кез болса керек. Жора-жолдастарымен кіші жүзден келген қонақтарын шығарып салып келе жатқан Түркебай өзеннің арғы жағалауына құрылған көптеген киіз үйді көреді. Әлдебір танымал кісінің жерлеу рәсімінен кейін беріліп жатқан ас екен. Ас иелері оны дәм татуға шақырады. Бірақ өзенді айналып бару бір күндік жер екенін ескертеді. Сонда Түркебай әулие бос киіз үйге дастархан дайындап, ішін адамнан босатуды бұйырады. Жайнамазын жайып жіберіп, дұғасын қайырғанда әлдебір ғажайыппен әлгі киіз үй өзі тұрған жағадан тап болыпты. Тамақтанып болған соң дұғасын қайта оқығанда ақ үй орнына кері қайтарылған көрінеді.

Ол өмірден озар алдында өзінің күші әлі 200 жыл сақталатынын айтқан екен. Сондықтан әлі күнге дейін бейіт басына зиярат етіп келушілер, дертіне дауа тауып кететіндер көп. Алыс-жақын шетелден де осы қасиетті орынды арнайы іздеп келетіндер бар. Мұнда, дінінің жаттығына қарамастан, баласы жоқ жұбайлар, ауыр науқасқа ұшырағандар медет тілеп, көмек сұрап жатады екен. Ішінен тілегін қайталап, бейіт жиегіндегі тасқа қол тигізсе болғаны… Аудандық мешіт те Түркебай әулиенің есімімен аталады.

 

Ұрпақ алдындағы парыз

Әулие жерленген жерге, өз өсиеті бойынша, белгі қойылмаған. «Басыма белгі қоймаңдар, әруақтарым жүз жыл қасымда, жүз жыл басымда болады. Қиын жағдайда ауру халде еске алсаңдар, Алла қабылдаса, аруағым жар болар» деп көз жұмған деген аңыз бар. Бірақ бір кездері ұрпақтары ағаштан қоршау орнатып, ол найзағай түсіп, күлге айналыпты. Мұндай жағдай бірнеше рет қайталанған деседі. Бірақ көзге шалынбастай әбден шөгіп бара жатқан қабірді қоршауға алатын кез келді. Түркебай әулиенің руласы (сүгір), ақсақал Есімжан Байғазин осылай деп отыр. Бұл кісі ойындағысын жүзеге асыруға демеу болар жан іздеп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүргенін айтады.

            «Әулие атайдың зираты жермен-жексен болуға айналған. Ендігі 50 жылда орнын мүлдем таба алмай қаламыз ба деп қауіптенемін. Қабірін қоршауға қолдау білдіруін сұрап, «Шолақсай – 1» ЖШС басшысы Мәди Ихтиляповқа жолыққан едім. Ол кісі аудан әкіміне кіремін деп уәде берді. «Қандай шешім қабылдағанымызды хабарлаймын» деп телефон нөмірімді алып қалды. Сосын «Қостанай» телеарнасы басшысының орынбасары Күлтай Абдрахмановаға және «Қостанай таңы» газетінің редакторы Кенжеш Амановаға жолығып, ақпараттық қолдау көрсетуін сұрап отырмын. Бастысы, сең қозғалған секілді», – дейді қария.

Есімхан қарттың өзі Түркебай әулиенің тірі пендеге шарапаты тиетініне көз жеткізген жандардың бірі. Кезінде бір баласы ауырып қалып, аруақты кісінің басына бір күн түнеп, баласына ем дарыпты.

            «Бір ұлым 4-сынып оқып жүргенде конькимен мұзға құлап, қарақұсын ауыртып алды. Апармаған жеріміз жоқ, бүкіл аурухананы түгендедік. Шипа қонбады. Бір бөлмеге қамалып отырады да қояды, ешкіммен сөйлеспейді, тамақты да жөнді ішпейді. Содан ауыл ақсақалдарының ақылымен атайдың басына барып қондық. Автобуспен шалдарды апардым. Бозқасқа қой сойдым. Молда шал: «Қойыңды үйіңе барғасын асып бер, болмаса, жеті үйге үлестір» деді. Не керек, көрпеше төсеп, тұлып жамылып жатырмыз. Бір уақытта таңға жақын мезгілде зираттың ішінен дүңгірлеген дауыс естілгендей болды. Балам қорқып кеткен екен деп ту сыртынан ұстай алдым. Осы жайттан соң бір-екі айдан кейін баламнан «не естідің?» деп сұраймын ғой. «Әке, мен сені әлгі дүңгірлеген дауыстан қорқып кеткен шығар дедім» дейді. Құдай сәтін салып, содан бала тәуір болып кетті», – деп, бастан кешкен оқиғасын баяндап берді ақсақал.

Есімжан қарт Түркебайдың әулиелігіне байланысты өзі куә болған және ел аузынан естіген бірнеше оқиғаны әңгімелеп берді. Айтуынша, сәуегей ел-жұртына: «Мен алдағы жұмада бақилық боламын, менің Қарабурам Тірсек пен Сыпсыңның арасындағы Қараштөбеде шөгіп жатыр, мені сонда жерлеңдер» деген көрінеді. Ол іргесінде қос бұлақ ағып жатқан қырдың үсті екен. Бүгінде бұлақтардың біреуі суалып қалған. Халық таратқан аңыздарға қызығушылық танытып, сырттан келіп ғажайыпқа тап болған ғалымдар да болыпты.

            «Тірсектің ішінде Әулиетөбе деген тау болған. Қазір жермен-жексен. Атайдың зиратынан қас қарая ақ шар ұшып шығып, әлгі тауға барып, елең-алаңда қайтып келеді екен. Бұл ғажайыпты талай таныс шопандар, малшылар көріпті. 80 жылдары Мәскеуден арнайы адамдар келіп, олар да осы көрініске куә болады. Ымырт байланғанда әлгі ақ шарды ұшақ құлататын төрт ұңғылы «зениткімен» атқылайды. Тосыннан ғайып болған шар тәріздес жарық таң ата қайта елес беріпті. Бұдан соң әлгі орыстар «қайта келіп зерттерміз» деп жөндеріне кеткен. Содан бері олардан хабар болған жоқ. Әулиенің тылсым күшіне сенімсіздік танытуға болмайды», – дейді ол.

Әулиенің басында 20 жыл шырақшы болған науырзымдық Тілеміс деген бала емшісі өткен. Сол кісінің Көкшетауда тұрған Темір есімді баласы Түркебай бейітінің маңайына үй салды. Бұл баба басына зиярат етіп келушілерге пана боларлықтай еді. Сапалы салынған нысан әлі де мызғымай тұр.  Есімжан ақсақал айтып отырған ендігі міндет – баба сүйегі жатқан жерді биік дуалмен қоршау, оған бір адам кіріп-шығатын есік орнату, айналасына ағаш егу, әулие баба аруағын ұрпақтарының қаншалықты қастер тұтатынын дәлелдеу.

Жандос ЖҮСІПБЕКОВ

 

Жаңалықтармен бөлісу