Арқалықтың жапа шеккен тұрғындары тәуелсіз сарапшылардың қорытындысына қанағаттанбай отыр. Жағдайды түсінген штаб бес нысан бойынша қайта тізім жасады.
Комиссияның бұл қадамы жемісін беріп жатқанға ұқсайды.
Нәтиженің қайта қаралуынан категориялар өзгеріп, екі отбасының үйлері қайта жарамсыз деп танылды. Оларға қаладан үй берілетін болды. Қалған үш мекенжай бойынша сарапшылар жұмыс істейтін болып келісті. Тағы екі адам шығындарын өтеуге байланысты шағымданып келгенін айта кетейік.
«Штаб құзырына жүгінген күрделі мәселенің бірі – Қызылжұлдыз ауылы тұрғынының жағдайы”, – дейді өңірлік штаб төрағасының орынбасары, Арқалық қалалық мәслихатының төрағасы Гүлбану Елтебаева.
Ол осыдан екі-үш жыл бұрынғы ауыл тұрғындарының өтінішімен мектепті сақтап қалу үшін бес бала-шағасымен осы ауылға көшіп барған. Өзі мектепке мұғалім, жолдасы от жағушы болып жұмысқа орналасыпты. Қолхат арқылы сатып алған үйін сатушы адам сырт жерде болғандықтан уақытылы өз атына рәсімдеп үлгірмеген екен.
“Біз бұл мәселені де назарға алып, қоғамдық қор арқылы шешуге бекініп отырмыз. Осындай жағдайды Родина ауылының тұрғыны да бастан кешіп отыр. Оны да біржақты шешіп беруге жәрдемдесеміз”, – дейді Гүлбану Елтебаева.
Кеше өзіміз көзімізбен көрген Екідің ауылындағы «тұруға жарамды» деп қорытынды берілген екі үйдің жағдайы да комиссия назарынан тыс қалмапты.
Бүгінде оның біреуі (Екідің ауылы, Аманкелді көшесі №10 үй) төртінші санатқа жатқызылып, жарамсыз деп танылды. Ол үйдің тұрғындары мемлекет бөліп жатқан қаражаттан қаладан пәтер алуға мүмкіндік алды. Екінші үйді сараптамадан қайта өткізуге шешім қабылданды.
Өңірлік штаб өз жұмысын одан әрі жалғастыруда. Облыстық мәслихаттың төрағасы Сайлаубек Ещанов жетекшілік жасайтын штаб құрамына елдің сыйлы ақсақалдары – Мұхтар Ходенов, Шөптібай Байділдин, Арқалық қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров және Арқалық қалалық мәслихатының депутаты Серік Түлекбаевтар қосылып отыр.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суретті түсірген автор
Арқалық қаласы