Қостанайда 488 әскерге шақырылушының 266-ы әскери комиссиариатқа келмеген. Қалалық Қорғаныс істері басқармасының бастығы Батырхан Зиятовтың айтуынша, ол адамдардың тізімі жергілікті полиция қызметіне берілген.
“Күзгі әскерге шақыру науқаны 1 қыркүйектен басталып, 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Бірінші кезекте ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің, Мемлекеттік күзет қызметінің бөлімшелері, содан кейін – Қарулы Күштердің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери бөлімдері жасақталады”, – дейді Батырхан Зиятов.
Басқарма бастығы қыркүйек айының соңына дейін ҚР ҰҚК органдарында арнайы тексеруден өткен “А” санатына жарамды 31 адамды ҰҚК ШҚ қатарына жіберу міндеті тұрғанын айтады.
Қала әкімі Марат Жүндібаев шақыртуға құлақ аспай, әскери комиссиариатқа келмеген адамдармен қандай жұмыс жүргізілетінін сұрады.
“Біз олардың үйіне барып, әңгіме жүргіземіз”, – деді қалалық қорғаныс істері басқармасының басшысы.
Ал наурыз бен маусым айы аралығында 1997-2006 жылы туған азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақырту жүргізілген. Осылайша осы жылдары туған 174 жас борышын өтеуге аттанған.
Сералы МЫРЗАБАЙ