Дүниеге келген сәбиге домбыра сыйлады

Дүниеге келген сәбиге домбыра сыйлады

Ұлттық домбыра күнінде қарасулық Крюковский әулеті үлкен қуанышқа кенелді. Себебі әулеттің мұрагері дүние есігін ашты. Жеті күй шертілер күні әулеттің сегіз жыл күткен мұрагері Қостанай шаһарында шыр етіп жарық дүниеге келді. Өмірге келген ұл қазақтың әніне бөленіп, күйімен тербелді.

Облыстық көркемөнерпаздар мен халық шығармашылық орталығының басшысы Дәмер Елтайұлы босанған ананы перзентханаға арнайы барып құттықтап, сый-сияпатын ұсынды.
Қаламыздағы “Жұлдыз” студиясының директоры Айгүл Абайқызы Домбыра күні туған сәбиге домбыра сыйлады.


Крюковский әулетінің келіні Ольга перзентінің айтулы мереке қарсаңында дүниеге келгеніне өте қуанышты. Ұлының қазақ елі үшін орны ерекше күнде есік ашуын өзі де жақсылыққа жорып отыр. Отағасымен ақылдасып, ұлдарына Игорь деп есім қойыпты.

“Күтпеген жерден сый-сияпатқа бөленіп жатырмыз. Осы іске мұрындық болған жандарға алығысым шексіз. Шынымды айтсам толқып тұрмын, күтпеген жерден сыйға бөлену үлкен қуанышқа бөлейді екен. Ұлымыз өскесін міндетті түрде домбырада ойнайды деп сенемін. Қазір жағдайымыз жақсы, дәрігерлер жақсы қарап жатыр. Біздің перзентханадан шығуымызды үйдегілер күтіп отыр. Жақын күнде отбасымызға оралып, отағасын мұрагерімен қауыштырамын”, – дейді Ольга.

Акушер-гинеколог Әдемі Сапарқызы жас ананың жағдайы жақсы екенін айтып отыр.

“Ольга перзентханаға түскеннен бері бақылауымызда. Баланы дүниеге әкелуінде аздап қиындықтар болды. Дегенмен біз барымызды салып, ана мен баланың денсаулығын қалыпты етуге тырыстық. Баланың салмағы 3,600 кг, бойы 54 см. Қазіргі таңда екеуінің де денсаулығы жақсы. Әлі бірнеше күн бақылауымызда ұстап, үйлеріне қайтаратын боламыз. Баланың атаулы күнде өмірге келуі біз үшін де қуаныш. Осы уақытқа дейін әртүрлі мерекелерде дүниеге келген балалар болды. Бірақ Игорь домбыра күні қарсаңында туған ең бірінші сәби. Оның деніне саулық пен жарқын болашақ тілейміз. Тезірек отбасымен қауышып, үйлеріне аман-есен оралуын нәсіп етсін”, – дейді Әдемі Сапарқызы.

Домбырада “Ұлттық домбыра күні туылған Қазақстан азаматына, Қостанай қаласы 07.07.2024 ж” деген арнайы жазу жазылған.

Ернұр ӘУЕЗХАН

Суреттерді түсірген автор

Жаңалықтармен бөлісу