Донор бол да, өмір сыйла

Донор бол да, өмір сыйла

Қостанайда донорлық қан тапсыру акциясы жиі жүргізіледі. Бұл жолы мемлекеттік қызметшілер белсенділік танытып, өз еріктерімен қан тапсырды. Құндылығы алтыннан да қымбат әрі тапшы дүиені өткізіп, хал үстінде жатқан адамның өмірін сақтап қалуға үлес қосуға көп адам ниетті.

Бүгінгі игі шараға 50-ден аса мемлекеттік қызметші келді. Әрқайсысы 450 миллилитрден қан тапсырды. Араларында тұрақты түрде тапсырып тұратындары да бар.

Облыстық басқарманың бөлім басшысы Самұрат Еркебұланов бұл қадамын азаматтық парыз деп санайды. Ол жылына 2 рет қан тапсырады екен. Қаны да сирек кездесетін үшінші топтағы теріс резусты.

 –Алты жылдан бері тұрақты түрде қан тапсырамын. Сирек кездесітн қан болғандықтан біреуге көмегім тисін деймін. Қаным қою болмасын, денсаулығым жақсара түскенін де қадағалаймын.  Қан тапсыру – өзме де, өзгеге де пайдалы, – дейді ол.

Облыстық қан орталығынан келген мамандар ең алдымен донорлардың денсаулықтарын толық тексеруден өткізеді. Олардың қант мөлшері, гемоглобин көрсеткіші мен түрлі ауру белгілерінің бар-жоғы зертханалық жолмен анықтап, содан кейін ғана донор болуға мүмкіндік берілді. Сондықтан кез-келген адам донор бола алмайды.

Екінші адамның өмірін сақтап қалу қағидасымен акцияға жиналғандардың қарасы аз болмады. Бір адамнан шамамен 15-20 минуттың ішінде 350-500 грамм қан алынады екен.

–Қазіргі таңда әртүрлі басқарма тарапынан елуден астам маман акцияға өз үлестерін қосты. Науқастар үшін қан тапсырып, аймақтағы барлық мемлекеттік қызметшілерді ерікті қан доноры болуға шақырамыз. Жыл басынан бері екінші рет осындай игі шараны өткізіп отырмыз. Сол арқылы халық арасында донорлықты насихаттай түскіміз келеді. Қан тапсыру әрбір адамның қолынан келетін іс. Қиналған жандардың өміріне үміт сыйлайтын игілікті бастамаға әріптестеріміз барынша қолдау білдіреді деп сенемін, – дейді Қостанай облысы әкімі аппаратының әдем жөніндегі уәкілі Қайрат Сүйіндіков.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттердіі түсірген Б.Ахметбеков

 

 

Жаңалықтармен бөлісу