Дін өкілдері мәһр жайлы не дейді?

Дін өкілдері мәһр жайлы не дейді?

Елімізде соңғы кезде Мәһір  өзекті тақырыптардың біріне айналғандай. Қай әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, неке сыйы туралы бейнежазбалар кездесетін болды. Қыздар арасында болашақ жолдасынан сый сұрау сәнге айналған тәрізді.

Кей блогерлер де көше кезіп кездескен қыздан “мәһрге қаншай сұрайсың?” деп сұрақ қойып жүргендері бар. Жазбалардан көргеніміздей көліп, пәтер, қымбат бұйым сұрап жатады. Қоғамда бұл жайында пікір екіге жарылған. Үлкен апаларымыз мәһр сұрамай-ақ, теңімізге қосылдық деп жатса, жастар жағы неке сыйын алдыңғы орынға қоятын тәрізді. Ал жақында мәһрден бас тартқан жас келіннің видеосы тарады. Ол мәһрді сұрау міндетті емес екенін айтып, бақытты болса жеткілікті екенін білдірді.

Шын мәнінде Исламда мәһрдің түсініктемісі қандай? Соған жауап бере кетейік. Мәһір – әйелдің неке қияр алдында күйеуінен талап етуге құқылы шариғат белгілеген ақысы. Алла Тағала Құранда:

“Үйленетін әйелдеріңе мәһірлерін (қалыңдық сыйын) шын көңілден тарту етіңдер. Егер олар шын көңілден сол мәһірдің бір бөлігін өздеріңе қайтарып берсе (яғни, оның бір бөлігін отбасының ішіп-жеміне жұмсаса), оны тәбетпен ішіңдер, жеңдер, ас болсын!” (“Нисә” сүресі, 4-аят) деп әмір еткен. Шариғат бойынша мәһір беру – міндет. Бірақ ол некенің шартына кірмейді, яғни мәһір берілмей қиылған неке дұрыс болып саналады”, – деп жазды ҚМДБ-ның ақпарат бөлімінің басшысы Ағабек Сыдықов Facebook желісінде.

Қазқастанға танымал Нұрлан имам Байжігітұлы мәһр мәселесіне қатысты пікірін айтқан еді.

            “Мәһр дегенді діндегі бар нәрсе. Ол қыздың ақысы. Біздің аталарымыз оны қыздың атына қалың мал, әкенің күші, ананың сүті деген тәрізді басқа да аттармен ауыстырып берген. Қазіргі мәһр сұраймын деп басына “баһыр” киіп қалатын қыздар көп. Сондықтан шүкір деу керек. Егер бермеген болса, “жан-жарым аман болсын, дені сау болсын” дегеннің өзі, яғни жақсы бата мәһр орнына жүреді. Қыздар күйеуге тимей жатып, ажырасып кетсем мәһр болашақта азығым болады деп ойлайды. Ондай қыздарға айтарым ең алдымен күйуге тиіп алыңдар. Сосын ондайды мүлдем ойламай, керісінше қалай бақытты отбасы боламыз соны ойлаңдар дегім келеді. Адамның пейіліне қарай береді”, – деді Нұрлан имам.

Мәһрдің құны қанша болу керек? Ол да көрсетілген. Ханафи мәзһабы бойынша мәһірдің ең аз мөлшері – 10 дирхам. Мұхаммед пайғамбар “он дирхамнан азы мәһір емес” деген. Сол заманда 10 дирхам бір алтын динарға тең болған. Ал бір динардың салмағы 4,25 граммға жеткен. Мәһірдің құны осы мөлшерден төмен белгіленген жағдайда оны 10 дирхамға толтыру керек. Ол ақшалай немесе заттай берілуі мүмкін.

Дін өкілдері мәһр сұрағанда ер азаматтың материалдық деңгейіне, отбасының әлеуметтік жағдайын ескерген жөн деп санайды. Өйткені мәһір күйеуді қарызға батыратындай көп немесе қыздың көңілін ренжітетіндей кем болмауы керек. Мәһірді бірден беруге шамасы жетпесе, оның бір бөлігін алдын ала беріп, қалғанын кейін бере алады екен.

Сондай-ақ, Нұрлан имам айтқандай “қалың малды” мәһр деп атауға рұқсат етіледі. Қыз мәһр мөлшерін азайтса немесе мүлде бас тартса, жігіттен мәһр беру парызы алынып тасталады.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу