17 шілдеден бастап Қостанай облысының тұрғындарын «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы қабылдай бастады. Барлығы 10 станцияда аялдау жоспарланған. Аялдамалар тізімі облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұсыныпты. Бұл жолы 23 шілде күні жәрдем пойызы Сарыкөл ауданына келіп аялдады. Сарыкөлдік ағайындардың қуанышында шек жоқ.
Ауыл тұрғындары білікті мамандардан (терапевт, стоматолог, офтальмолог, ЛОР дәрігері, хирург, уролог, невропатолог, гинеколог, педиатр) тегін тексеруден және емдеуден өттті. «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы заманауи диагностикалық және медициналық жабдықтармен (УДЗ, флюорография және т.б.), шағын операциялық бөлмемен, зертханамен, интернетке сымсыз қосылуға арналған байланыс құралдарымен жабдықталған.
Бұл пойызды ауыл тұрғындары асыға күткені сонша, жасы да, кәрісі де жиналып, жылы қарсы алды. Медициналық бригаданың дәрігерлері ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық және консультациялық-диагностикалық көмек көрсетті. Алғашқы болып келген Ирина Кудряшова бұл тамаша мүмкіндік дейді.
– Мен бүгін терапевттің қабылдауында болдым. Барлық мамандардың алдынан өттім. УДЗ-ға бүйрегімді түсірдім. Бұл үлкен мүмкіндік. Облыс орталығына барып мұның бәрінен өту үшін қаншама уақыт кетеді. Жол алыс дегендей. Мамандар да сондай ыждағатты. Сарыкөлдіктердің атынан сіздерге алғысымды білдіремін, – деп ризашылығын білдірді Ирина Кудряшова.
Дәрігерлерді бастап келген «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының бас дәрігері Айнұр Егінбаеваның айтуынша бұл жоба шалғай ауылдағы халық үшін үлкен қолдау, сондықтан тұрғындар барынша тегін медициналық көмек алса дейді.
– Қаралуға, ем алуға келгендердің барлығын қабылдап жатырмыз. Тіпті ауыл тұрғындарына қонаққа келген өзге өңірдің азаматтарына да қызмет көрсетеміз. Дәрігерлік құрамда терапевт, хирург, педиатр, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика маманы, жалпы тәжірибелік дәрігер, рентгенолог, кардиолог, стоматолог, офтальмолог, отоларинголог, педиатр, онколог-маммолог, гинеколог және уролог мамандары бар. Қажет болған жағдайда мамандар шағын операциялар жүргізіп, жоспарлы емдеуге жолдама береді. Сондай-ақ, медициналық пойыздың дәрігерлері төсекке таңылған, инсульт алған, ота жасатқан науқастардың үйіне барып та қызмет көрсете алады. Ол үшін дәрігерді үйге шақырсаңыз болғаны, барып, тексеріп, ем-дом жазып береді, – деді бас дәрігер.
Ұзынсонар кезекте тұрған тұрғындардың арасында дәрігер маманға жүгінгендердің бірі – ауыл тұрғыны Тимур Тайжанов. Ол жәрдем пойызының келгенін естіп, таң атпай осы жерге келген. «Мемлекеттің халық үшін жасаған қолдауынан қапы қалмау керек» деді ол.
– Кеше «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы ауданға келгенін естіп қуанып қалдық. Келгені дұрыс болды. Таң атпай келіп, анализдер тапсырдық. Қазір ЭКГ, басқада аппараттарға түсетін боламын. Елімізге келгеніне қуаныштымыз. Тексерістен өтуге келдік. «Денсаулық – зор байлық» десек, уақытында ем қабылдаған абзал. Мұндай жобалар шалғай ауылда тұратын біз секілді ауылдықтар үшін үлкен жақсылық деп білемін, – деді ауыл тұрғыны.
Қостанай облысы бойынша жол бойында 10 станцияда аялдамалар жоспарланған.
– Зааятская-17 шілде, Денисов-18 шілде, Жаркөл-19 шілде, Тоғызақ – 20 шілде, Сарыкөл – 22 шілде, Қойбағор-9 тамыз, Ковыльная – 9 тамыз, Приишимская-10 тамыз, Арқалық-12 тамыз, Теріссақан-13 тамыз, – делінген хабарламада.
Мамандар әр аялдаған елдімекенде қабылдауды күн сайын сағат 9-дан 18-ге дейін, 13-тен 14-ке дейін үзіліспен жүргізеді. Өзіңізбен бірге жеке куәлігіңіз болуы керек.
Айта кету керек, биыл тегін медициналық көмекпен еліміздің барлық өңіріндегі 140 шалғай станцияның 90 мың тұрғынын қамту жоспарланып отыр. Ел азаматтары біліктілігі жоғары дәрігерлердің көмегіне, тіпті шағын хирургиялық операциялар мен сапалы тіс емдеуге де мүмкіндік алады. Игілікті іске тәжірибелі медиаторлар мен заңгерлер де атсалысады.
– «Саламатты Қазақстан» пойызы – 2010 жылдан келе жатқан жоба. Бұл жобаның негізгі мақсаты – алшақ жатқан шалғайдағы адамдарға денсаулық сақтау қызметін қамтамасыз ету. Әсіресе осы су тасқынынан зардап шеккен шалғай жатқан станцияларға бірінші барып, қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етудеміз. Қажетті барлық құрал-жабдықтар мен мамандар бар. Мәселен, 30 маман бар. Оның 15-і – дәрігер, – дейді дәрігерлерді бастап келген бас дәрігер Айнұр Егінбаева.
Айта кетейік, 1 мамырдан бастап жолға шыққан «Саламатты Қазақстан» мамандандырылған медициналық пойызы биылғы тасқын судан зардап шеккен аймақ ретінде Батыс өңірінен бастау алған. Аталған жоба Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігімен және «Самұрық-Қазына» АҚ іске асырылуда.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді облыстық денсаулық басқармасының баспасөз қызметі ұсынды