Денсаулық пойызы Арқалықта

Денсаулық пойызы Арқалықта

«Саламатты Қазақстан» жобасымен ел ішін аралап, халықтың денсаулығының нығаюына үлес қосып жүрген, арнайы медициналық құралдармен жабдықталған пойыз Арқалық жұртшылығына екі күн қатарынан қызмет көрсететін болады.

Ірі елді мекендерден алыс және медициналық мекемелері тапшы шалғайдағы станциялардағы мұқтаж адамдарға тегін дәрігерлік және құқықтық көмек көрсетуге бағытталған.

Деректерге сүйенсек, медициналық пойыз 2010 жылдан бері 1991 станцияда болып, 658 мың 407 адамның, оның ішінде 142 мың баланың денсаулығын тексерген. 2023 жылы 100 мыңға жуық ауыл тұрғынына ақысыз жәрдем жасалып, 8 айдың ішінде барлық 17 облыстағы 121 шалғай станция қамтылған. Осылайша, пойыз орта есеппен 18 мың шақырымға жуық жол жүріп, үлкені бар, кішісі бар барлығы 88 мың 994 қазақстандықтардың денсаулығын жақсартуға үлес қосты. Сондай-ақ, 9802 адамға ақысыз құқықтық және медиативтік, яғни татуластыру көмегі көрсетілді.

Денсаулық пойызы арқалықтықтардың денсаулықтарын қараумен қатар рухани азық та сыйлады. Теміржол вокзалы басында Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымымен Арқалық қалалық мәдениет үйінің шығармашылық ұжымымен бірлескен концерті көпшіліктің назарына ұсынылды.

Қала әкімі Әмірхан Асанов сөз сөйлеп, халықтың денсаулығын жақсартуға ауқымды үлес қосып отырған жобаны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Ел өміріне тың серпін әкелген өміршең жобаны жүзеге асырушы – Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi Ұлттық комиссия, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы.

«Саламатты Қазақстан» медициналық жәрдем көрсету жобасына Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің қолдауымен өзіміздің мәдени үлесімізді қосайық деп келіп отырмыз. Дәрігерлер халыққа медициналық көмек көрсетсе біздің міндетіміз халыққа рухани азық жеткізу», – дейді белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Құрмаш Махан.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан тегін көмектерге халықтың да айтып жатқан алғысы зор.

Тұрсын Қайырбекқызы,

Родина ауылының тұрғыны:

– Денсаулық пойызының келгені өте жақсы болды. Бір күнде біраз дәрігерлік тексеруден өттік. Әйтпесе, көптеген уақыт жұмсап емделеміз деп жүретін едік. Мамандар денсаулығымызды мұқият тексеріп, кеңестерін емдік іс-шараларын жасап жатыр. Кәсіби шеберлікпен көрсетіп жатқан қызметтеріне дән ризамыз.

 

 

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген-автор

Арқалық қаласы

 

 

Жаңалықтармен бөлісу