14 июня, 2025
Денисов және Алшан ауылдарында «AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдауы өтті

Денисов және Алшан ауылдарында «AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдауы өтті

Денисов ауданының Алшан және Денисов ауылдарында «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының мобильді қоғамдық қабылдауы өтті. Іс-шараға партияның облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов, Денисов ауданының әкімі Руслан Қатпаев, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар өкілдері, сондай-ақ «Отбасы банк» пен «Халык-Life» компанияларының мамандары қатысты.

– «AMANAT» партиясының басты мақсаты – халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, нақты шешім табуға ықпал ету. Биылғы жылы облыстық мобильді қоғамдық қабылдау 12 ауыл мен 3 қалада өткізіліп, жүздеген азаматтың өтініш-тілектері қаралды. Мұндай кездесулер бізге елмен тікелей байланыс орнатып, шешімін күткен мәселелерді жедел көтеруге мүмкіндік береді, – деді партияның облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов.

Қоғамдық қабылдау аясында тұрғындар электр желілерінің жағдайы, жарықтандыру, жол мәселелері, инклюзивті білім беру, балабақшалар мен колледж инфрақұрылымы, ауыл жастарына арналған жазғы лагерьлер, тұрғын үй мен қаржылық қолдау тетіктері туралы өз сұрақтарын қойды.

Ең өзекті мәселелердің бірі – мобильді байланыстың нашарлығы болды. Тұрғындардың айтуынша, Алшан және Денисов ауылдарында ұялы байланыс өте әлсіз немесе мүлдем жоқ, бұл тұрғындардың күнделікті өміріне кедергі келтіруде.

Тұрғындар қоғамдық қабылдаудың ашық әрі қолжетімді форматта өткені үшін алғыстарын білдіріп, әсіресе байланыс сапасына қатысты мәселенің назарда болатынына сенім білдірді.

– Байланыс мүлде ұстамайтын кездер көп. Бұл – үлкен мәселе. Қуантатыны – мәселе ескеріліп, нақты шешім қарастырылады деп үміттенемін, – деді Алшан ауылының тұрғыны Анастасия Скиртач.

Қазіргі уақытта бұл мәселе бақылауға алынды. Мобильді байланысты жақсарту бағытында нақты техникалық жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Денисов ауданы