Өңір басшысы Құмар Ақсақалов Денисов ауданына жұмыс сапарымен барды. Іссапар барысында нысанды аралап, жаңа жобалармен танысты.
Аудан аумағында жүзеге асқалы отырған ерекше жобалар баршылық. Солардың бірі – “Шаңырақ” аталатын демалыс базасы. Аят өзенінің жағалауынан, күре жолдан аса шалғай емес тұстан салынып жатыр. Қожайынының айтуынша, құрылысы 2023 жылы басталған заманауи база алғашқы клиенттерін келер жылы қабылдайды.
“Былтыр, яғни алғашқы кезеңде жағажай жайластырылып, демалыс үйлері, ойын-сауық аймақтары және жағадағы траптар салынды. Биыл екінші кезеңіне кірісіп, “А-фрейм және қоғамдық тамақтану нысаны” аталатын заманауи қонақжайлардың құрылысын жүргізіп жатырмыз. 2025 жылы Вigsize (бигсайз) қонақжайларын, қонақ үйлер салу және база аумағын толығымен абаттандыру көзделеді”, – дейді директоры Александр Кузьменко.
Жобаның жалпы құны – 600 млн теңге. Оның 250 млн теңгесі кәсіпкердің өз қаржысы болса, қалғанын несиеге алған. Ол өңір басшысына нысанды электр қуатымен қамту мәселесіне жәрдем көрсетілсе деген тілегін айтты. Демалыс базасының жобасымен, жоспарымен, нысандарымен толық танысып шыққан облыс әкімі кемпингке жақсы бағасын беріп, жан-жақты қолдау жасауға әзір екенін айтты.
Аудандағы әлеуеті жоғары кәсіпорынға айналуы мүмкін деп болжанып отырған құс фабрикасының да болашағына сенім зор. Әзірге, инвестициялық жобаның қазығы қағылатын жер учаскесі ғана анық. Аудан орталығынан тысқарырақ 300 гектардан астам аймақ. Дегенмен оның өзін меншікке айналдыру үшін тиісті орындарға өтінім жіберіліп қойған. Инвестициялық келісім-шарт аясында иелікке алынбақ. Қазір құрылысты бастауға рұқсат беретін құндық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр.
“Фабрика жылына 50 мың тонна құс етін өндіруге қауқарлы болады. Жоба төрт кезеңмен жүзеге асады. Алғашқы кезеңде кәсіпорынның жылдық қуаты 12,5 мың тоннаға жетеді деген болжамымыз бар. Бұл кезеңде, еуростандартқа сай, 20 тауық қора, инкубаторлар, бройлер өсіру алаңдары мен сою цехтерін салуды жоспарлап отырмыз. Канадалық әріптестеріміз көмек қолын созады. Өнімді тереңдете қайта өңдеу, атап айтқанда, шұжық өнімдері мен жартылай дайын өнім түрінде желіден шығару көзделеді”, – дейді «CanadianChickenLimited» ЖШС өкілі Бақтияр Омаров.
Тағы бір айта кетері, сою цехы әлемге әйгілі KFC желісімен жабдықталады. Ол стандартқа сай келетін өнімдер шығара бастамақ. Сондай-ақ фабрикаға түрлі сұрыпты жұмыртқалардан балапан алуға мүмкіндік беретін басыбайлы ірі репродуктор салынады. Бұл, енді, екінші кезеңнің еншісіндегі шаруа. Ал бірінші кезеңдегі жоспарларды іске асыруға қажетті бір мұқтаждық бар. Ол – құрылыс аумағына инженерлік-коммуникация тарту, яғни су, электр және газ қажет. Аудан әкімдігі кәсіпорынды сумен қажетті көлемде қамтуға қауқар жететінін айтады. Бастапқыда электрмен қамсыздандырудың да, көп уақытқа жетпесе де, реті табылады. Ең бастысы, фабрика қыруар адамға жұмыс тауып бергелі отыр.
“Жобаның бірінші кезеңінде 300-дей адам жұмыспен қамтылады. Кейін толық қуатына көшкен соң жұмысшылар саны 600-ге дейін көбейеді. Сондай-ақ қосымша маусымдық жұмыстар да болып тұрады”, – деп толықтыра өтті Бақтияр Омаров.
Қаржыландыру жөнінен негізгі несиелеуші – Бизнесті дамыту банкі: 500 млн теңге қаржыны мақұлдаған. Жоба иелері қалған қаражат көзіне мемлекеттік қолдау шаралары аясында қол жеткіземіз деген үмітте.
“Жақсы, біз сіздердің жобаларыңызды мемлекет ұсынатын игі шаралар шеңберінде жан-жақты қолдауға дайынбыз. Не әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация, не облыс бюджеті арқылы жәрдемдесу тетіктерін қарастырамыз. Себебі мұндай ауқымды жобалар бізге жаңа жұмыс орындары ретінде маңызды. Оның сыртында, өкінішке қарай, әлі күнге импортқа тәуелді етіп отырған құс еті өнімдерінің өзімізде көбейе түскені керек. Бұдан бөлек, өздеріңіздің 27 мың гектарлық шаруашылықтарыңыз бар екен. Бұл дегеніңіз – жем-шөп жағынан қажетті көлемде өз-өздеріңізді қамтамасыз ете аласыздар деген сөз”, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.