Данияр Жандаев: “Балалар далада қалмайды”

Данияр Жандаев: “Балалар далада қалмайды”

Қостанайдағы темір жол ауруханасындағы балаларды оңалту орталығы жаңа жылдан бастап жабылады. Облыстағы осы оңалту орталығына жылына үш-төрт рет барып, ем алатын үш жарым мыңға жуық бала бар. Үш жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бөлімше 40 орынға лайықталған  Енді балалар алдағы жылы бұл жерде емделе алмайды. Темір жол ауруханасы жеке мекеме болған соң олар мемлекеттік тапсырыс аясында жүзеге асырып келген болатын. Бұл ақпарат БАҚ – та әлдеқашан тарап кетті. Осы жағдайға байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Данияр Жандаев журналистердің басын қосып, түсініктеме берді.

            – Денсаулық сақтау басқармасы ем алатын балаларды облыстық балалар ауруханасы базасында қабылдайтын болады. Балалар сол жақта орналасып қана қоймай барлық штат сол жаққа ауысады. Біз бұған дейін 2024 жылдың бірінші тоқсанында “Қамқорлық” жобасының қолдауымен осындай орталық ашамыз деп айтқан болатынбыз. Жоба екі жыл бойы жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні ауданы 500 шаршы метр бөлімшені ағымдағы жөндеу бойынша конкурстық рәсімдер өткізілді. Биыл “Самұрық-Қазына” қорымен 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға оңалту орталығын ашу мақсатында облыстық балалар ауруханасын медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету туралы келіссөздер жүргізілді. Олар оң жауап берді. Біз орталықты орналастыру үшін облыстық балалар ауруханасында жағдай жасауға тиісті жұмыстарды жүргізу жобасын дайындап жатырмыз. Болжалды мерзім – 2024 жылдың бірінші жартыжылдығы. Жобалар қатар жүреді. Бүгінгі таңда біз Л.Беда көшесіндегі облыстық балалар базасында төсек-орын қатарын ұлғайтуға және оңалту қызметтерін көрсетуге дайынбыз. Балалар далада қалмайды, – деді Данияр Жандаев.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

 

Жаңалықтармен бөлісу