Жас өнерпаздар Астанада өткен республикалық «Күмбірлеген күміс күй» атты домбырашылар байқауында бақ сынап, жүзден жүйрік танылды. Байқауға Астана, Алматы, Атырау, Қостанай қалаларынан 19 үміткер қатысқан. Аталмыш байқауда Торғайдағы «Dan-As» дуэтінің домбырашылары Толғанай Бақытжан мен Айназ Қарағұл Р.Күлшебаевтың «Қолбасшы» күйін, жеке нөмірде Айназ Кемеңгерқызы А.Мұздахановтың «Амангелді дүбірі» күйін орындап, қазылар алқасының көңілінен шықты. Сондай-ақ, екі нөмір де байқаудың бас жүлдесіне лайықты деп бағаланды.
«Қазақ ұлттық өнер университетінің «Домбыра» кафедрасының оқытушысы, доцент, мәдениет саласының үздігі, «Құрманғазы» төсбелгісінің иегері Еділ Басығараев, Мәдениет саласының үздігі, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, «Amanat» ансамблінің жетекшісі Әділет Азбаев, Мәдениет саласының үздігі, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік Академиялық Филармониясының «Сарыарқа» халық музыка ансамблінің жетекшісі, «Көңіл ырғағы» атты фольклорлық аспаптарға арналған жобаның авторы Тоғжан Жахин төрелік жасады. Өнерімізді жоғары бағалап, батасын берді. Бізге бәрі ұнады»,– дейді жүлдегерлер.
Көпке танымал жандардың көңілінен шығып, Бас жүлде иелену жас домбырашылар үшін үлкен жетістік. Жеңімпаздар арнайы диплом мен ақшалай сыйлыққа ие болды. Жетекшілеріне ұйымдастырушылар атынан алғыс хат табысталды.
Айназ бен Толғанай Торғайдағы Ы.Алтынсарин жалпы білім беретін мектебінің 8-сынып оқушылары. Мектеп мақтаныштары. Республикалық облыстық, байқаулардың жүлдегерлері. Талантты оқушылардың мерейін үстем етіп жүрген Жанкелдин ауданындағы «Dan-As» шығармашылық үйінің домбыра бөлімінің ұстаздары Алмас Сейілхан мен Елдос Қасымның еңбегін ерекше атап өтуге болады. Бұл бастамасы, жас домбырашылар әлі талай додаларда қоржындарын жүлдемен толтырады деген сенімдеміз.
Аягөз ФАЗЫЛБЕКҚЫЗЫ
Жанкелдин ауданы