16 июня, 2025
Дәстүрлі әнші Арқалыққа әсерлі кеш сыйлады

Дәстүрлі әнші Арқалыққа әсерлі кеш сыйлады

Қостанай қалалық «Мирас» мәдениет үйінің жеке орындаушысы, «Ерен еңбегі үшін» медалының иегері, мәдениет саласының үздігі, Халықаралық, Республикалық байқаулардың лауреаты, дәстүрлі әнші Талғат Молдағалиев өзінің өнерде жүргеніне 20 жыл толуына орай «Елге сапар» атты концертін ұсынды.

Талғат Назарханұлы 1978 жылы Жанкелдин ауданының Қызбел ауылында дүниеге келген. Алматыдағы Чайковский атындағы музыка колледжін, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын бітірген.

 

Бүгінде өнер майталманы әншілік қызметімен ұстаздық жолды қатар ұстап, Рудный қалалық колледжінде шәкірт тәрбиелеп келеді.

Өнер кешінде ол халық әндерін, сал — серілердің әндерін, қазақтың әйгілі композиторларының әндерін нәшіне келтіре шырқап, көрермендерінің ыстық ықыласына кенелді.

Сондай – ақ, әншінің өнерін қолдап, елге бірге сапарлас болып келген «Мирас» ансамблі, белгілі жыршы, термеші Абзал Алпысов, күміс көмей әнші Қанат Ражановтар ән-күйден шашу шашты.

«Осы елдің тумасы болғасын ел жаққа келуді көптен қалап жүр едік. Сәті түсіп, жерлестерімізбен кездесіп, марқайып қалдық. Елде тек жақсылықтарда, қуанышты күндерде жолығысуды жазсын деп тілейміз», –дейді дәстүрлі әнші Талғат Молдағалиев.

Ұлттық өнерден нәр алған көрермендер де көтеріңкі көңіл күймен тарқады.

«Өзіміздің елдің балаларымен дидарласып мәз болып қалдық. Елге келіп, халыққа жақсы рухани демалыс сыйлағандарына алғысымызды білдіреміз. Жүрегіміз толқып, концерттен керемет әсер алдық. Қаламызда болып жатқан оң өзгерістермен тұспа тұс келіп, көңіл құсымызды одан сайын шарықтата түсті. Бұл да бір жақсылықтың нышаны деп ойлаймыз», – дейді қала тұрғыны, зейнеткер Нұрғанша Бірмағанбетова.

Көпшілікті баураған әсерлі кеш енді дәстүрлі әншінің өзінің туған ауданында жалғасын таппақ.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

                                                                            Арқалық қаласы