Мәскеу ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды

Мәскеу ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды

Қостанай ауданының Мәскеу ауылында “Ауыл медицинасын дамыту” жобасы аясында жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.

Ауыл тұрғындары тағатсыз күткен медициналық мекеменің ашылу рәсіміне облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы барып қатысты.

“Былтыр, Президент тапсырмасымен, ауылдық жерлерде 25 нысан құрылысын бастаған едік. Алғашқы жылы алтауы тапсырылған. Қалғаны жыл соңына дейін толық аяқталады. Бүгін бір мезетте 16-сын ашып отырмыз. Осы ауылдағы амбулатория бұрынғысымен салыстыруға келмейді, заман талабына сай, мүмкіндігі кеңірек. Ел игілігіне жұмыс істесін!” – деді өңір басшысы құттықтау сөзінде.

Бұған дейінгі ескі амбулатория жер үйде орналасқан еді. Көнетоз ғимараттың іші тар, жабдықталымы талапқа сәйкеспейтін. Ал мұнда әр маманның жылы да жайлы жеке кабинеті бар. Су жаңа құрылғы-жабдықтар еуропалық стандартқа сай келеді. Амбулаторияда УЗД аппараты, 3-кезеңді оңалту, физиокабинеті бар. Қысқасы, бұдан былай мәскеуліктерге аудан орталығына, қалаға сабылмауына болады.Нысанның жалпы ауданы – 400 шаршы метр. Жоба құны – 323 млн теңге.Айта кету керек, бүгін облыс көлемінде Арқалықта, Б.Майлин, Қостанай, Әулиекөл, Науырзым, Қамысты, Қарабалық аудандарында 16 медициналық нысан ашылды. Оның біреуі – осы амбулатория. Қалғандары – фельдшерлік-амбулаториялық пункт. Облыс әкімі басқа елді мекендермен де онлайн байланыс орнатып, тұрғындарды құттықтады.

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу