Соңғы жылдары қостанайлық дәрігерлерді ана мен бала өлімі, туберкулез, қатерлі ісік аурулары алаңдатуда. Өйткені, аталған ауру түрлері бойынша көрсеткіш көңіл көншітпейді. Медицина саласындағы маман тапшылығы да бар. Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен аппарат жиналысында белгілі болды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Майра Бейсен осы олқылықтарды атап, кадр мәселесін тиімді шешу үшін қала әкімі Марат Жүндібаевтан қолдау сұрады.
Қостанай қаласында тоғыз мемлекеттік медициналық мекеме бар. Соның төртеуі мемлекеттік емхана. Барлығы 293 220 адам еемханаларда тіркелген. Оның жетпіс мыңы 18 жасқа толмаған балалар. Биылғы жылдың өткен бес айының нәтижесі бойынша туу көрсеткіші 4,3% ті құрады. Жыл басынан бері бір ана өлімі тіркелген. Өкінішке қарай, туберкулез және қатерлі ісік аруларынан қайтыс болушылар да көбеюде.
Аты жаман ауруды дер кезінде анықтап, науқас өмірін арашалап қалатын білікті мамандардың тапшылығын да ескеру керек. Қостанайдағы медициналық ұйымдарда кадр жетіспеушілігі әлі күнге дейін сезіледі. Бүгінде қалада 479 дәрігер, 1 166 орта медициналық қызметкер, 380 кіші медициналық маман және әр түрлі санатқа жататын 761 жұмысшы еңбек етеді. Былтыр Қостанайға 24 дәрігер жұмысқа келген. Десек те, тағы елу дәрігер ауадай қажет. Әсіресе, акушер гинеколог, педиатр, психотерапевт, анестизолог, ревматолог, гастроэнтеролог, эндокринолог, онколог, нейрохирург, кардиолог сияқты мамандар тапшы.
Өңірге медицина мамандарын тарту ісі белсенді жүргізілуде. Жоғары оқу орындарының түлектерімен алдын ала келісім-шарт жасау үшін наурыз айында Ақтөбе, Қарағанды, Астана, Алматы, Түркістан, Шымкент қалаларына барып, тиісті іс шараларды жасадық. Облысымызға келіп жатқан дәрігерлерді ынталандыру үшін көтерме ақылар төленеді. Жалақылары жыл сайын өсіп отырады. Қазірдің өзінде дәрігерлердің орташа еңбекақысы 472, 2 мың теңге, орташа медициналық қызметкерлердің орташа жалақысы үш жүз мың теңге. Кадр ахуалын жақсарту мақсатында қалаға еңбек етуге келген мамандарды тұрғын үймен қамтуды қарастырсаңыздар, – деді денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Майра Бейсен.
Баяндамашының бұл өтінішін қала әкімі қолдайтынын айтты. Жергілікті билік Қостанайда жұмыс істегісі келетін жас дәрігерлерге қызметтік үй беруге дайын. Әзірге, қанша тұрғын үй берілетіні белгісіз. Шаһар басшысы бұл мәселені шешуге тырысатынын жеткізді.
Майра Бейсеннің айтуынша, биыл қаладағы медицина ұйымдарына 1,8 млрд теңгеге құрылғы сатып алу жоспарланыпты. Емхана, ауруханаларды жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Өткен жылы Қостанай қалалық емханасы ағымдағы жөндеуден өтіп, «Дельфин» балалар үйі әкімшілік бөлігінің қасбеті жөнделді. Сондай-ақ, №2 емхана ғимаратында екі жылдық күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Бұл іс биыл жазда аяқталмақ. Ал биыл, №1 емханада ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды. Жыл соңына дейін №3 емхананың қасбетін қалыпқа келтіру жоспарланып отыр.
«Айкөмек» ахуал орталығына тұрғындардан көптеген сұрақтар келіп түседі. Соның ішінде медицина мекемелерінің жұмысына, қызмет көрсету сапасына қатысты шағымдар жеткілікті. Көпшілік облыстық балалар ауруханасының жөндеу жұмыстары қашан аяқталатынын білгісі келеді, – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.
Бұл сұраққа басқарма басшысының орынбасары М.Бейсен нақты жауап бере алмады. Быковский көшесіндегі облыстық балалар ауруханасын жөндеу ісі 2020 жылы басталған еді. Содан бері сағызша созылып келеді. Тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы түсініспеушілік шиеленісіп, нәтижесі жоспарлы жұмыстың мерзімінен кешігуіне алып келді. Аурухана есігін қайта ашқанша балаларды алдымен облыстық ауруханаға, одан кейін «Әуежай» шағын ауданындағы инфекциялық орталыққа көшірді.