Бүгін бокстан Азия және Қазақстан чемпионаты жеңімпаздарына құрмет көрсетілді. Жыл бойы жақсы жетістіктерге жеткен 19 спортшы марапатталды.
“Бүгін біздер үшін айтулы оқиға болып жатыр. Бапкерлердің тапсырмасын ойдағыдай орындап, жетістікке жеткен жасөспірімдердің қатары көбейді. Оны осы қортынды жиын тағы бір мәрте көрсетіп берді. Алда қаңтар айынан бастап Қазақстан біріншілігі өтеді. Жоспарда республикалық, халықаралық турнирлер өте көп. Сол жарыстарда түлектеріміз биіктерден көрінеді деген сеніміміз мол”, – дейді бұл туралы Қостанай бокс мектебінің директоры Берік Доданов.
Түрлі деңгейдегі додаларда ел атын шығарып жүрген спортшылардың артында қашан да жаттықтырушының тұратындығы сөзсіз. Яғни, әр спортшының жетістігі — бапкер жұмысының жемісі. Нәтижелі жұмыс жасап жүрген сондай жандардың бірі Арыстан Битекенов жастар арасындағы Бахрейнде өткен Гимназиадада 1 орынға ие болды.
“Арыстан гимназиядада үш кездесу өткізді. Бахрейн, Армения, Бразилия елінің өкілдерімен шеберлік байқасты. Финалда кездескен Бразилия өкілі пан Америка ойындарының чемпионы болған. Жеңіліп көрмеген сол былғары қолғап шеберін жеңіп, төбемізді көкке көтерді”, – дейді бапкері Қыдырбек Олжабаев.
Ол екінші жекпе-жегін техникалық нокаутпен аяқтағанын айта кетейік. Арыстан Битекеновке осы жеңісі үшін 500 мың теңге ақшалай сертификат табыс етілді. Бапкері Қыдырбек Олжабаевқа 250 мың теңгелік сертификат берілді.
Ерлер арасында Қазақстан чемпионатында 3 орынға ие болған Михаил Коханчик 300 мың теңге, жаттықтырушысы Анатолий Ян 150 мың теңге ақшалай сертификат алды.
Әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының Чемпионатында 1 орынға ие болған Надежда Рябецке 700 мың теңге, жаттықтырушысы Роман Миничкинге 350 мың теңге ақшалай сертификат ұсынылды.
Осы жарыста 2 орынға ие болған Анастасия Баязитова 500 мың теңге алды. Жаттықтырушысы Данияр Әйтеновке 250 мың теңге ақшалай сыйлық берілді.
Ал қол жүлдегер Анастасия Рылина 300 мың теңгеге ие болды. Жаттықтырушысы Қайрат Дәуренбековке 150 мың теңге берілді.
Осы қыздарымыздың ізін басып келе жатқан жеткіншектердің қатары да артуда.
Солардың бірі Айым Сүттібаева жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының Чемпионатында 2 орынға ие болды.
“Азия жүлдегерімен финалда кездестім. Десем де Жетісу өкілімен болған алғашқы жекпе-жегім қиынға соқты”, – дейді Айым.
Айымға диплом, медаль және 200 мың теңге ақшалай сый, бапкері Жарбол Бибосыновқа 100 мың теңгенің сертификаты табысталды.
Осы жарыста 2 орынға ие болған Рамина Маханова 200 мың теңге, жаттықтырушысы Руслан Темурзиновке 150 мың теңгенің серификаты ұсынылды.
3 орынға ие болған Дильназ Сабыр 150 мың теңге, жаттықтырушысы Қуаныш Құдабаев 75 мың теңгемен марапатталды.
Жастар арасындағы Қазақстан Республикасының Чемпионатында 1 орын иеленген Бексұлтан Қайратұлы 500 мың теңгемен, жаттықтырушысы Қайрат Сламжанов 250 мың теңгемен марапатталды. Бұл жарыста 3 орынға ие болған Айдос Үсеновке 200 мың теңге, жаттықтырушысы Жанат Батырбекұлына 100 мың теңге берілді. 3 орын алған Арман Ахатовқа 150 мың теңге, жаттықтырушысы Айбек Букеновке 75 мың табысталды.
Жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының Чемпионатында 1 орынға ие болған Фариза Тәжібаева 300 мың теңге, жаттықтырушысы Нұрбол Бердімұратов 150 мың теңге ақшалай сыйақы алды.
3 орынға ие болған Юнус Рақымжан 150 мың теңге, жаттықтырушысы Марат Сейтмағанбетова 75 мың теңге алды.
Жасөспірімдеріміз биыл Азияда да топ жарғанын айттық. Мәселен, Әсем Жалымбекова жасөспірімдер арасындағы Азия Чемпионатында 2 орынға ие болды. Әсемге 300 мың теңгелік сертификат табысталды. Осы жарысты тағы бір қостанайлық Мәдина Нұрманова 2 орын алды.
Оған да З00 мың теңге ақшалай сертификат берілді. Мәдина мен Әсемдей мықтыларды дайындаған жаттықтырушы Темірлан Темурзиевке 100 мың теңгенің ақшалай сертификаты табысталды.
Бұл тұста Қостанай облысының бокс саласына қомақты үлесін қосып келе жатқан ардагерлердің еңбектері де бағаланды.
«Қазақстан боксын дамытудағы еңбегі үшін» Қазақстан бокс федерациясының төсбелгісімен Өзбек Қазин мен Берікбай Жаманқұлов марапаталды.
Бокс саласын дамытқаны үшін және жоғарғы нәтиже көрсеткені үшін ақшалай сертификатпен Қостанай облысының бокс федерациясы қоғамдық бірлестігінің директоры Кенжеғали Садықов та марапатталады.
Қостанай облысының бокстан аға жаттықтырушысы , ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сапабек Мұқышев 300 мың теңге ақшалай сертификат табысталды.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді ұсынған Қостанай бокс мектебі