Биыл тамыз айында Қостанай қалалық білім бөлімінің жанынан «Практикалық психология және әлеуметтік әріптестік» бөлімі ашылған болатын. Аталған бөлім жұмысының мақсаты облыс орталығына қарасты білім беру ұйымдарына ғылыми-әдістемелік қолдау көрсету. Нақтырақ айтсақ, психологиялық қызмет жұмысының бағыттарының бірі ол ата-аналармен тікелей жұмыс жасау.Кейінгі кезде балалар арасында бір-біріне психологиялық қысым көрсету көбейіп кетті. Терминмен айтсақ, бұл – буллинг. Бұрындары әлімжеттік көрсету, ұрып-соғу оқиғаларымен бетпе-бет келетінбіз. Қазір жасөспірімдер бір-біріне әлеуметтік желі арқылы «шабуылдап», сыныпта шеттетумен шектеледі. Алайда Қостанай қаласында мұндай фактілер жоқтың қасы. Бірақ, қалалық білім бөліміндегілері басқа мәселенің бар екенін жоққа шығармайды.
«Қазіргі таңда, біздің бөлімізге үш айдың көлемінде қала мектептері бойынша ата-аналар тарапынан балаларына қатысты буллинг мәселесіне қатысты 16 өтініш келіп түсті. Өтініштерді қарастыру барысында біз түрлі өзге де мәселелерді анықтады. Атап айтар болсақ, кәмелетке толмағандардың әлеуметтену үрдісінің дұрыс қалыптаспауы, қажет дағдылардың толыққанды меңгерілмеуі, балалардың өздеріне деген сенімсіздігі. Әлеуметтену – моральдық нормалар мен құндылықтарды, мінез-құлық ережелерін және адамгершілік қасиеттерді меңгеру процесі. Бұл процесс өмір бойы жалғасады, өйткені адамдар үнемі қарым-қатынас жасап, өзара әрекеттеседі, ал әлеуметтік топтар өзгеріп, кеңейеді: балабақшаны мектеп ауыстырады, мектепті аяқтап, жоғары оқу орнына түседі, содан кейін жұмыста түрлі әлеуметтік топтармен араласады және достарымен бірге демалады. Сол себепті, кішкентай кезінен бастап балаларға әлеуметтену үрдісінде ересектер көмек көрсету керек», – дейді Қостанай қалалық білім бөлімі Практикалық психология және әлеуметтік әріптестік бөлімінің әдіскері, педагог-психолог Әйгерім Ғалымқызы.
Сондай-ақ, психолог қазіргі отбасындағы тәрбие моделінің өзгергенін алға тартады.
«Бұрын үйдегі ересектер баланың өміріне ерекше араласпайтын, қазір басқаша, әр қадамы бақылаулы. Баласының қандай мектепке, тіпті қандай үйірмелерді таңдауді өздері шешеді. Оның үстіне оларды үйінің қасындағы мектепке жіберетіндер аз. Көпшілігі қаланың арғы жағында болса да, беделді оқу орнына орналастыруға ұмтылады. Ата-аналар баласын күнде «жақсы» мектепке апарып, сабақтан кейін бірден алып кетеді. Ал үйірмелерге де солай. Нәтижесінде балалар өз құрдастарымен араласуға уақыты таппайды. Оның үстіне ата-аналардың баласын қызғыштай қорып, жағымсыз ортаға түсіп қалу қорқынышы пайда болады. Баланы оқшаулап, сенімсіздік танытып, өз шешімдерін қабылдауға мүмкіндік бермейді», – дейді Әйгерім Ғалымқызы.
Жалпы балаға бала деп қарауға болмайды. Мұны педагог-психологтар үнемі айтып келеді. Ата-ана баласының бойынан әлеуметтік мәселені байқаса, алдымен кімнен көмек алады?
«Әрине, алдымен балаңыздың мектептегі мінез-құлық ерекшеліктерін, оқу сапасын, балалармен қарым-қатынас ерекшеліктерін сынып жетекшімен бірлесе жұмыс жасай отырып, анықтау қажет. Сонымен қатар, білім беру ұйымының психологиялық қызметіне де жүгінуге болады. Онда сіз сыныптағы атмосфераның қалай қалыптасып жатқанын біліп отырасыз. Сондай-ақ, балаңыздың жеке ерекшеліктерін анықтап, педагог-психологпен бірлесіп, ортақ іс-әрекеттер жоспарын жасауға да болады. Қазір әлі де болса бала тәрбиесі үшін барлық жауапкершілік мектепке аударылып отыр. Әрине, мектеп өз міндетін мемлекеттік нормаларға сай орындайды және орындай да береді. Сөзімнің соңында айта кетерім, кез келген балаға қатысты мәселелерді шешуде бір ғана білім ошағының күші жеткіліксіз. Мәселен, әрбір ата-ананың өз баласының тәрбиесі үшін өзі ғана жауапты екенін ұмытпауы қажет. Екі тарап та, бірлесе өзара ынтымақтастықта жұмыс жасаса, кез келген мәселе шешімін табады деп ойлаймын», – дейді Әйгерім Ғалымқызы.
Маман ата-аналарға төмендегідей кеңес береді.
«Балаңыздың өзіне деген сенімділігін дамытуға көмектесіңіз. Балаңызды сүйікті іс-шараларға жазылуға шақырыңыз. Бұл сонымен бірге сенімділікті арттыруға, сондай-ақ мүдделері ортақ достар табуға көмектеседі. Олар үшін үлгі болыңыз. Оған өзге балалар мен ересектерге құрметпен қараудың маңыздылығын айналаңыздағы адамдарға қолдау көрсету арқылы көрсетіңіз. Балалар ата-аналарына қарайды және олардың мінез-құлықтарын көбінесе өздерінің іс-әрекеттері арқылы қайталайды. Жағдайды түсінгенде, қатал сыннан аулақ болыңыз, оның орнына, баламен бірге талдап, шешім қабылдаңыз. Оған әрқашан проблемадан шығудың жолы бар екенін түсіндіріңіз, – дейді педагог-психолог.
Ал, Қостанай облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Несібелі Бәсенова балаларға қатысты мәселе туралы айтқанда балалардың пікірін ескеру маңызды екенін айтады.
«Жақында Астанада болып келдім. Онда көптеген мәселелер қаралды. Астана Алматы сияқты мегаполис қалаларда осындай фактілер жиі кездеседі. Біздің өңірде жоқ деп те айтуға болады. Бұл жерде мектеп мұғалімдерімен ата-аналар бірге болуы тиіс. Ата-аналар демалыс уақытында балаларымен қосылып, жақынырақ танысу мақсатында іс-шараларды жиі ұйымдастырып тұру керек деген ұсыныс жасадым. Қаланың бірқатар мектептерінде ана-аналар комитетінің жұмысы жақсы жолға қойылған. Мәселен, қаладағы С.Мәуленов атындағы гимназиясының ата-аналар комитетінің жұмысын атап өтуге болады. Тіпті балалар мектепті бітіріп кеткенкен кейін де бір-бірімен байланысты үзбейді екен. Ал, енді өз тәжірибеме келер болсам, балам бастауыш сыныпқа барған кезде, онда 13-14 оқушы ғана оқыдық. Сол ата-аналармен әлі күнге дейін байланыстамыз. Менің балам қазір 8 сыныпта оқиды. Буллинг деген қазіргі қоғамда өзекті тақырып. Облыстың аудан-ауылдарында мұндай мәселе жоқ. Тек бірен-саран қала мектептерінде болмаса. Көп жағдайда баланың өзіне байланысты. Көбісі баланы мектепке жібердік деп ойлайды, бала мектепте білім мен тәрбие алады. Бірақ, ата-аналар бірге қосылып жұмыс жасауы керек, ол жерде біліммен қоса тәрбиені күшейту қажет. Баламен әңгімелесіп отыру керек. Мектепте болып жатқан жағдайларды сұрап, онда өзін қалай ұстайтынын, оның сыныптастарымен қарым-қатынасы қалай екенін біліп отыру қажет. Көбі мәселенің мәнісіне бармай, шағым жаза салады. Қазір Қостанай облысы бойынша барлығы 13 арыз тіркелді. Бұл көп емес. Ол шағымдардың арасында әлімжеттік бойынша тексеру жүргіздік. Бірақ, комиссия мүшелері буллинг жоқ деп шешім қабылданды. Қаланың бір ғана мектебінен 7 шағым түсті. Ең қиыны, ол ата-аналардың мұғалімдермен тіл табыспауы, оның ішінде барлық ата-аналар емес, 7 арыз бір ата-анадан түскен. Мен комиссия мүшесінің құрамында едім. Бұл жерде ата-ана тарапынан қателіктердің бар екенін анықтадық. Әлі де бірлесіп жұмыстар жүргізілетін болады», – дейді Несібелі Бәсенова.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ