Бүлдіршіндер ата салтын жаңғыртты

Бүлдіршіндер ата салтын жаңғыртты

Жақында ғана елордада бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Бәріміз теледидар арқылы бастан-аяқ таңданып, тамашаладық. Ашылуын арнайы барып көрген облыстан делегациялар да аттанды. Басқа елдердің туристері мен қаншама спортшылары қазақтың қонақжайлығына тәнті болғаны сөзсіз.

Өңірімізде осынау дәстүрді жалғап, “сырт қалмайық” деген ұжымдардың алғашқы легі біліне бастағандай.

Қостанайдағы “Айгерім-ай” ЖШС – нің құрылғанына көп бола қоймаса да бүгінде зәулім кешенге айналып үлгерген. Өз алдына бірнеше мектепке дейінгі тәлім беретін мекемелері бар. Міне, осы бір ұжым жуырда өткен дүниежүзілік доданың кішігірім үлгісін тәжірибеге енгізді.

Ол да болса, серіктестік директоры Құралай Шодырова ханымның ұлттық спортқа деген жанашырлығы мен ата дәстүрімізбен берілген шынайы көрегендігі десек қателеспейміз.

“Бірнеше күннің ішінде кішігірім көшпенділер ойындарына дайындық басталды. Мектепалды дайындық тобының балалары үш командаға бөлінді. Аралас балабақша болғандықтан қазақ, орыс топтарын қосып өткізуге тура келді. Ата-аналар да қуана-қуана балалардың киімдерін әзірледі. Енді биылдан бастап дәстүрлі түрде өтіп тұратын боламыз”, – дейді серіктестікке қарасты балабақша меңгерушісі Мәриям Есетова.

Балабақшада бұдан бөлек, «Лучщий всех» сайысы өткізіліп келген. Ата-аналармен қатар “Екі жұлдыз” байқауы ұйымдастырылып тұрады.

Балабақшаның тәрбиешісі Валерия Жмурко да қазақтың дәстүріне берілген жан.

Ол осы кішігірім көшпенділер ойындарына “Сұңқар” тобын дайындап шығарды.

“Бізге топ құрып, көп іздену қажет болды. Балалар басында қобалжығанымен, ойын шарттарын түсініп, аяғына дейін жеңіп шығуға тырысты”, – дейді тәрбиеші ұстаз.

Бұл жерде балабақша әдіскері Айгүл Байсақалованың да үлесі зор. Балалардың ұлттық ойындарды жақсы меңгеруіне тиімді әдістерін ұсына білді.

“Бұл әдістеме балаларға әр ойынның ережелерін үйренуге икемділік сыйлайды. Осылай баули берсек, үлкен дәрежелерге жетеді деп ойлаймын”, – дейді әдіскер.

Сондай әдістердің бірі ортаға ұлтымыздың батыры ретінде кіріп, ежелгі дәстүрді дәріптейтін кейіпкерлер қосу.

Бойларын патриоттық ерекше сезім билеген балғындар балабақша қызметкерлері Сәлима Нұрахметова мен Жанат Болатқызының қазіргі сыртқы келбетіне қарап, нағыз батырдың қандай болатынын көрді. Бұл кейіпкерлер балаларға әртүрлі ұлттық ойындардың атын, қалай ойнау керектігін түсіндіріп берді. Балалар үш топқа бөлініп, ұлттық ойындардың бес түрі бойынша сайысқа түсті.

Жекелей сында қол тіресіп, аударыспақта күш сынасты.

Оқтау тартысып, бірін-бірі шеңберден шығарды. Арқан тартысты, садақ атып, көкпар ойнады. Әр жеңген команда бір-бір асықтан алып отырды.

Көкпардан “Сұңқар” тобы, арқан тартудан “Барыс” тобы, садақ атудан “Барыс тобы” алға шықты. Жалпы командалық есепте” “Сұңқар” үшінші орын, “Жасұлан” екінші орын, “Барыс” тобы бірінші орын алды.

Айбек ЖҮЗБАЙ 

Жаңалықтармен бөлісу