Қостанай ауданының прокуратурасы уәкілетті органдармен бірлесіп, алимент бойынша берешегі бар және пробация қызметінде есепте тұрған адамдарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу үшін “Бос орындар жәрмеңкесін” ұйымдастырды.
Іс-шараға ауданның 18 кәсіпкері мен кәсіпорындары, алимент бойынша 15 борышкер мен пробацияда есепте тұрған 34 адам қатысты деп хабарлайды облыстық прокуратура өкілдері.
Өткізілген іс-шараның нәтижесі бойынша 13 адам жұмысқа орналастырылды, оның алтауы алимент бойынша борышкерлер болса, жетеуі бұрын істі болған адамдар.
“Бос орындар жәрмеңкесінде” үміткерлер білімі мен кәсібін ескере отырып, лайықты жұмыс таба алады, еңбек жағдайларымен танысып, жұмыс берушімен алдын ала еңбек шартын жасай алады.
Осылайша, борышкерлерге алимент бойынша қарызды өтеуге мүмкіндік беріледі. Олай болмаса, заңмен белгіленген жауапкершілікке тартылады.
Бүгінгі күні алимент төлемдерін төлемегені үшін прокурорлық қадағалау актісі бойынша 10 борышкер Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылды және 7 борышкер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды.