«Болашақ инженерлер» бағдарламалаудан сынға түсті

«Болашақ инженерлер» бағдарламалаудан сынға түсті

Жеңімпаз оқушылар робототехникадан Астанада өтетін халықаралық фестивальге жолдама алады.

«Инженерлік білім беруді дамыту» қоғамдық қоры «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен және «Арман инжиниринг» ЖШС компаниясымен бірлесіп ауылдық мектептер мен моноқалалар мектептерінде инженерлік білім беруді дамыту жөніндегі «Болашақ инженерлер» ұлттық жобасын іске асыруда.

Оның шеңберінде серіктестер өңірдегі 58 білім беру мекемесін қазақстандық өндірістің заманауи робототехникалық конструкторларымен жарақтандыруды қаржыландырып, робототехника кабинеттерін ашты. Сондай-ақ, робототехника бойынша сыныптарға жөндеу жұмыстарын жүргізді, педагогикалық құрамды даярлауды жүзеге асырды.

   «Iqostanay» оқушылар сарайының базасында мектеп оқушылары үшін «RED FEST» робототехника және бағдарламалау бойынша ашық халықаралық фестивальдің облыстық іріктеу кезеңі өтті.

 

Оқушылар бұған дейін «Болашақ инженерлер» жобасына қатысқан болатын.
«Инженерлік білім беруді дамыту» қоры мен «Арман Инжиниринг» ЖШС бұл сайысты мектептердегі үйірмелер жұмысының сапасын бақылау және инженерлік пәндерді дәріптеу мақсатында оқу процесін іске асыру шеңберінде ұйымдастырды.


Фестивальге облыстың түкпір-түкпірінен 100-ге жуық команда қатысты. Олардың барлығы баламалы энергия көздері мен энергияны үнемдеу, робот құрастыру бойынша қызықты жобаларды ұсынды. Облыс мектептеріндегі ең мықты оқушылары өзара бәсекеге түсті. Арқалық қаласы №5 жалпы білім беретін мектебінен қатысқан оқушылар да бар.

– Фестиваль ұйымдастыру деңгейі өте жоғары деңгейде өтуде. Балалардың осы робототехникаға деген қызығушылығы артуда, робототехника ұйымдастырушыларына сәттілік тілеймін. Жалпы сайыс балалар үшін өте пайдалы, – дейді Арқалық қаласы М.Әуезов атындағы №5 жалпы білім беретін мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Ерхан Ұлысбаев.

«Эстафета» санаты бойынша 10-13 жас аралығында бірінші орын Қостанай ауданы мемлекеттік тілде оқытатын Заречный жалпы білім беретін мектебінің командасы жеңіп алды (Мырзабеков Мансұр, Тұяқ Дияс, жетекшісі Бекболатов Ербол).

“Біз үшін бұл білім мен командада жұмыс істеу қабілетін көрсетуге мүмкіндік беретін нақты сынақ болды. Сонымен бірге, әрқайсымыз жайлылық аймағынан шығып, қолдан келгеннің бәрін көрсеттік. Біздің керемет жаттықтырушымыз Ербол Бекболатұлысыз мұндай жетістікке жету мүмкін емес еді. Ол бізге тәлімгер әрі досымыздай болды. Ол бізді шабыттандырды, бағыттады және қолдады, – дейді Қостанай ауданы мемлекеттік тілде оқытатын Заречный жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Мансұр Мырзабеков.

Ал «СУМО» санаты бойынша 7-9 жас аралығында бірінші орынды Қамысты ауданының шығармашылық үйінің оқушылары иеленді(Спижарский Глеб, Кенжебай Нұртас, жетекшісі Әміров Роман). Екінші орынды Қарабалық ауданы Новострой негізгі білім беретін мектебінің командасы иеленді (Лысенко Владимир, Мыза Никита, жетекшісі Исмагилов Дамир). Үшінші орынды Арқалық қаласы А.Байтұрсынов атындағы бастауыш гимназиясының командасы (Махамбетов Рустам, жетекшісі Асқар Гүлнұр Абатқызы) иеленді.

Әр ауыл, қаладан қатысқан оқушылар болашақта робототехниканың мүмкіндіктерін тереңірек зерттеуге ниетті.

– Жарыс маған өте ұнады. Ең бастысы, мен пайдалы тәжірибе алдым, басқа жобаларды көрдім және алған білімімді робототехника сабақтарында қолдануға дайынмын, – деп атап өтті Арсен Асылхан.

Жүлдегерлер мен жеңімпаздар Астана қаласында 27-28 қазанда өтетін «RED FEST» робототехника және бағдарламалау бойынша ашық халықаралық фестиваліне жолдама алды. Барлық қатысушыларға сертификаттар, сыйлықтар табыс етілді.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу