Биыл шегіртке қаптайды деген қауіп бар

Биыл шегіртке қаптайды деген қауіп бар

Зиянкес жәндіктердің дернәсілдері Арқалық қаласына қарасты Ашутасты елді мекені маңындағы алқаптардан байқалып отыр.

Арқалыққа арнайы жұмыс сапарымен облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов келіп, өңірдегі көктемгі егіс жұмыстарымен және алқап зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу шараларына дайындық барысымен танысты.

Қаланың ауыл шаруашылығы саласында 13 ауылдық елді мекен, 393 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Жол картасына сай, көктемгі егіс алқабының жоспарланған құрылымы – 325 мың 700 гектар.

Облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов сапар барысында Арқалық қаланың «Азия-1» ЖШС-нің егістік алқабында болды. Мұнда 4 мың 100 гектарға егін салу жоспарланған.

Қазіргі жағдай бойынша, 3 мың 180 гектар жерге дәнді дақылдар егілген. Сондай-ақ өткен жылдың қараша айында егілген 520 гектар күздік егін бар. Егін науқаны 90 пайызға аяқталған. Шаруашылық егінге «Грания» және «Фантазия» атты екі тұқым түрін жаратуда.

Ауыл шаруашылығы мамандарымен кездесуде тиімді, сапасы жоғары өнім алу үшін минералды тыңайтқыштарды қолдану мәселелері де назарға алынды.

Биыл Арқалық қаласы бойынша 9-АШТӨ 1312,2 тонна Аммофос минералды тыңайтқышын пайдалануға «Қазфосфат» ЖШС-мен келісім-шарт жасасқан.  «Азия-1» ЖШС 64 тонна минералды тыңайтқыш пайдаланбақ.

Шегіртке зиянкестерінің дернәсілдері байқалып жатқан Ашутасты ауылындағы мемлекеттік егістік жер алқабында шегіртке зиянкестеріне қарсы алда өткізілетін химиялық өңдеу жұмыстарының дайындығы тексерілді.

«Биыл Арқалық өңірінде шегіртке зиянкестеріне қарсы пестицидтерді қолдану 2023 жылмен салыстырғанда 4,5 есеге ұлғайып, 58,9 мың га (2023 жылы шамамен 13 мың га) алқапқа жоспарлануда. Пестицидтер мен техника жеткілікті», – дейді Арқалық қалалық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Руслан Есболатұлы.

Ауыл және ауылдық округ әкімдеріне ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің шегіртке зиянкестеріне қарсы пестицидтердің қоры дайындығын қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берілді. Сонымен қатар бұл іске Жұмыспен қамту орталығы арқылы қосымша күштерді жұмылдыру мәселесі де тапсырылды.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Жаңалықтармен бөлісу