Облыстық халық көркемөнерпаздар шығармашылығы және кинобейнқор орталығы облыстық білім басқармасымен бірлесіп шеберлік сыныбын өткізді. Ол Қостанай педагогикалық колледжінде өтіп, «Көркемөнерпаздар би ұжымдарындағы би композициясының қойылымдық жұмысы» тақырыбын қамтыды.
Осылайша жиналғандар кәсіби деңгейді арттырып, озық тәжірибе алмасып, би композициясын сахналау жұмысының жаңа технологияларымен танысып, біліктілігін арттырды.
Хореография үнемі ізденісті, қозғалысты, жаңашылдықты талап ететін өнер. Білікті мамандар хореографиядағы драматургияның негізгі әдістері мен мазмұнын ашу жолдарын көрсетті. Сонымен қатар сахналанған жұмыстың ерекшелігімен таныстырып, түсінігін ашты. Жиналғандар әр түрлі би техникасын үйреніп қана қоймай, сабақ құрамының заңдарымен де танысты.
Шеберлік сыныбы қатысушыларының құрамында – Қостанай облысының хореографиялық ұжымдарының жетекшілері, олардың ішінде көпшілігі аудандардан және қалалардан келген түлектер бар.
Облыстық халық шығармашылығы орталығы мұндай шеберлік сағаттарын үнемі ұйымдастырып тұрады. Бұған дейін актерлік шеберлік, сахна мәдениеті, жыр-терме, дәстүрлі ән орындау бойынша да түрлі дәріс ұйымдастырған болатын. Мұндай сабақтар дәстүрлі шараға айналып келеді.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА.