Бірліктен асқан алып күш жоқ

Бірліктен асқан алып күш жоқ

Қадірлі жерлестер, “Қостанай таңы” газетінің Торғай аймағындағы қалың оқырманы!

Биылғы көктем тосын мінез танытып, көпшілікті күтпеген әбігерге салып қойды. Су басқан өңірді, қиналған жұртшылықты көріп, ауыртпалықты біз де жүрегімізден өткізіп, сіздермен бірге сезініп жатқан жайымыз бар. Қазіргі жағдай, әсіресе, малмен күн көріп отырған қауым үшін үлкен сынақ болып тұр.

Иә, біз бұған дейін табиғи апаттың да, басқа нәубеттің де талайын көрген елміз. Бір-бірімізге сүйеу болып, ауыртпалықты ел болып еңсердік, ынтымақты елдің қандай болатынын таныттық. Қазір де жұдырықтай жұмылып әрекет етіп жатқан жерлестерімізді көріп тұрмыз.

Әрине, ел болған соң, оның үстіне бүгінгідей апақ-сапақ кезеңде әртүрлі жағдайдың кездесіп жататыны белгілі. Әлеуметтік желіде байбалам салып, жұрттың үрейін ұшыратындар да бар. Өз қолымен көмектесіп, халықтың ортасында жүрген замандастарымыз да жетерлік.

Күні-түні ұйықтамай, ахуалды сәт сайын бақылап отырған, судың екпінін тойтаруға бел шешіп кірісіп кеткен басшылардың да еңбегін айтпай кетуге болмас.

Қарапайым халыққа, шаруаларға еріктілер, тұрғындар, кәсіпкерлер жаппай жанашыр азаматтар билікпен бірлесіп көмектерін аямауда.

Әр үйді құтқарып қалу үшін қара суыққа қарамай, қара суға малынып, тілсіз жаумен күн-түн күресіп жатыр. Ең алдымен елдің амандығы керек, “әр қазағым – жалғызым” демекші, әрқайсыңыз қымбатсыздар. Сондықтан, адам өмірі бірінші орында, құтқарушылар ерекше күш салуда. Туған ел-жер, шаңырақты қию қиын, бірақ дүние-мал толар, сіздің және отбасы мүшелеріңіздің орнын толтыру мүмкін емес!

Дәл қазір ешкімді сынап-мінеуге уақыт жоқ, қолдан келер көмегімізді беруіміз керек.

Ағайын, бір болайық, бірліктен асқан алып күш жоқ!

“Апат айтып келмейді”, көз көрген азаматтар бұрын-соңды болмаған бұл қауіп-қатердің соңғы бірнеше онжылдықтан кейін қайталанып отырғанын айтады.

Бұл жағдайда тек облыстық деңгейде ғана емес, үкіметтік деңгейде басты назар аударылып, тиісті көмек көрсетілуі тиіс.

Жыл бойғы қар көлемін, жауған жаңбыр, көктайғақты көре отырып, көктемнің оңай болмасын білдік. Дегенмен табиғи апатты жағдайды болжау мүмкін емес еді.

“Болған іске болаттай берік бол” дейді қазақ, енді бізге керегі – сабыр сақтап, бірлігімізді шайқап алмау.

Ел аман, жұрт тыныш болсын!

 

Кенжеш Оразғалиқызы,

“Қостанай таңы” газетінің бас редакторы

Жаңалықтармен бөлісу