Қостанай ауданы мәслихатының төрағасы Марат Сартов пен ардагерлер ұйымының төрағасы Вера Ильминскаяның бастауымен жиырмадан астам ардагер Жуков ауылына арнайы көлікпен барып келдік. Бұл сапар Қарттар күніне арналған сыйлық, құрмет десе де жарасар. Бұндай іс-шара осы ауданда жылда жасалып келеді.
Жуков ауылы Қостанай қаласынан екі жыл бұрын құрылған. Ресей патшасының Қазақстан жерін зерттеу кезіндегі арнайы экспедиция мүшесінің Жуков дейтін бір әскери басшысы осы маңайдағы қазақтың қыпшақ руының «Бірлік» ауылының тұрғындарынан қоныстануға жер сұрап, ұлықсат алып орналасқан деседі. Содан бұл қоныс Жуков аталып қалған. Ауыл Тобыл өзенінің сол жақ бетінде, Қостанай ауданының Александров ауылдық округіне қарайды.
Нарық кезінде халықтың көбі жан-жаққа көшіп кетті, соған байланысты үйлер, басқа да ғимараттар бос қалып, кейбірі қоқысқа айналды. Ал егістік жерлерді сырттағы шаруа қожалықтары иеленіп кетті, яғни ауылдың әлеуметік жағдайын ойлайтындар аз еді. Жұмыс болмаған соң жұрт тұрақтамады, балалары азайған мектеп жабылуға шақ қалды. Мәдениет ошағы атымен жоғалды, болашағы жоқ ауылдардың қатарына енді. Сондықтан болуы керек, ауылдық округтің орталығы Александровқа ауыз су құбыры тартылғанда бұл мекенді айналып өтті. «Жақындағы құбырдан бізге де су тартса екен» деген жергілікті тұрғындардың өтініші бар.
Дегенмен бұл ауылдың келешегі бар екен. Жер өңдеумен айналысатын
шаруа қожалықтарының бірі қарайласып, бүгінде Жуков қонысы ертеңіне сенетін елді мекендердің қатарына қосылды. Кәсіпкер азамат Валерий Иванович Розумович осы Жуков ауылының бұрынғы отыздан астам үйдің тұрғындарын жинап, тұрмысты жақсарту туралы жоспарын айтыпты. Олардың бірауыз қолдауын естіген соң, екі жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрған: «Риван» ЖШС және «Ринна» ЖШС.
Бірінші серіктестіктің негізгі мақсаты – егістік пен мал шаруашылығы, оның ішінде қара мал мен жылқы, екеуінде малды бордақылап семіртіп, ет өнімдерін қайта өңдеп, түрлі шұжық қылып сатады. Осы жерде мал сойып, бірнеше түрлі шұжық шығарады және оларды халал технологиясымен шығарады. Оған арнайы сертификаты бар.
Егістіктен алған өнімдерінің көпшілігін мал азығына, құстарға жем ретінде пайдаланады.
Екінші серіктестіктің мақсаты – бройлер құстың балапандарын жұмыртқадан өздері шығарып, екі ай шамасында сойып, өңдеп сатуға шығарады. Осы жұмыстарға арнайы инкубатор цехы, балапандарды өсіретін бірнеше ғимарат және оларды соятын орын салған. Осы жерде құсқа және ірі малға арналған жем дайындайтын цех бар. Осының бәрі де газ қазандығынан жылынады. Бұл – қысқаша өндіріс туралы мәлімет.
Ардагерлер жоғарыдағы екі ЖШС-нің құрылтайшысы Валерий Ивановичтің ауылдың әлеуметтік саласына істеген істеріне өз көздерімізбен куә болдық. Ол, біріншіден, ауылдың ішін көп жылдан бері жиналған қоқыстан, бос қалған үйлердің, басқа ғимараттардың қалдығын өз күшімен тазартып, арнайы қоқыс жинайтын жерге апарған.
Екіншіден, осы ауылда жұмысшыларға арнап бірнеше тұрғын үй салған. Өзіне, балаларына коттеж тәрізді үй салып, осында тұрады. Жүз орындық кафе, ауылдың тұрғындарына арнап қонақ үй және монша салып берген. Қазір мыңға жуық адам тұрады, көпшілігі жергілікті жерде жұмыс істеп, бұрынғыдай қалаға шаппайды.
Демалыс орталығын (клуб) ашып, оның ішін музыкалық аспаптармен жабдықтаған. Осы орталықты басқаратын маманды – Алматыдан ерлі-зайыпты отбасын төрт баласымен көшіріп алдырыпты. Отбасына клуб меңгерушісі есебінде әкімдік еңбекақы төлейді, ол аз болғандықтан, кәсіпкер өзі үстемеақы қосымша төлейді.
Сондай-ақ кафе меңгерушісі Хайдар есімді жігітті төрт баласымен Жанкелдин ауданынан арнайы шақырып алған. Осылардың бәріне үй-күй, жағдай туғызып отыр. Осы демалыс орталығының ішінде ересек ауыл тұрғындарына арналған жетісіне екі рет қазақ тілін үйрету сабағы жүреді, дәріс беру мұғалімін қаладан тасиды.
Айта кететін жағдай, тұрғындармен келісіп, Валерий Иванович мырза осы жердегі негізгі мектептің бастауыш сыныптарын және дайындық тобының балаларын қазақ тілінде оқыту үшін аудан әкімдігінің білім бөлімінің рұқсатын алыпты. Ал ауыл тұрғындарының 80 пайызы басқа ұлт өкілдері. Осы мектептің ғимараты өткен ғасырдың 60-70-ші жылдар аралығында салынған. Бүгінде өте тозығы жеткен. Ауыл тұрғындары жаңа заманауи тұрғыда негізгі мектеп ғимаратын бюджет арқылы салып беруді сұрайды.
Алдағы уақытта халық саны көбеюіне сенімді, сонымен қатар балалар саны да артары анық. Мысалы, өткен жылы ауылда 20 нәресте дүниеге келген. Ауыл тұрғындары толық көгілдір отынмен қамтылған.
Кәсіпкердің бастауымен Жуков ауылының тұрғындары ауыл атын «Бірлік» деп өзгерту үшін ауданның ономастика комиссиясына жалпы жиналыс хаттамасын жіберіп, шешімін күтуде.
Бұл саяхатта екі-үш жыл көлемінде оң істің бастауын өз көзімізбен көріп, Валерий Ивановичке рахметімізді айтып, алдағы жоспары тиянақты орындалуына тілектестігімізді білдірдік.
Осындай кәсіпкерлеріміз, шаруа қожалықтары, тағы басқа ауқатты азаматтар өз қандастарымыздың ішінде жоқ емес, бар.
Бірақ, жоғарыдағы айтқандай, ауылдарымыздың дамуына көңіл-қаражат бөліп жатқан жоқ, болса – бірен-саран. Ауылдың жағдайынмен мысал ретінде тәптіштеп жазып отырмын. Бұл жазғаныма оқырмандар сенер-сенбес, өздері біледі, ал сенбейтіндер Жуков ауылына барып көруіне болады, ол ауыл Қостанайдан 35 шақырымда.
Әбдікәрім қажы БАЕКЕНОВ,
Қостанай ауданының
құрметті азаматы