«Қостанай таңы» газетінің жаңа айдары – «Басшыға бес сұрақ». Бұл жолы облыстық білім басқармасының басшысы Айман Ибраева оқырмандардан түскен сауалдарға жауап береді. Құрметті оқырман, сіздің де көкейіңізде мазалаған сұрағыңыз болса, бізге жолдаңыз, Whatsapp +7 771 213 72 02.
– Шағын жинақты мектептердегі білім сапасын жақсарту үшін қандай жұмыстар жасалып жатыр?
– Облыста 445 мемлекеттік мектеп, оның ішінде 288 немесе 64,7% шағын жинақты санатында. Оқушылардыңбілімсапасы2-11сыныптарда4тоқсанныңқорытындысы бойынша толық жинақталған мектептерде – 55,5%,ШЖМ–56,9%. Өткен оқу жылының көрсеткішімен салыстырғанда ШЖМ-де оқушылардың оқу сапасы айтарлықтай 2%-ға өсті.
ШЖМ-де білім сапасын арттыру үшін жұмыс бірнеше бағытта жүргізілуде. «Мектептер қамқорлығы» жобасы бар. Қаладағы білім ошақтарының ұжымы ауылдардағы әріптестеріне көмектеседі. Білім басқармасының бұйрығына сәйкес, қаладағы 41 мектепке ауылдардағы 63 мектеп бекітіліп берілген.
Ал «Мобильді мұғалім» жобасына 9 өңірден 89 педагог қатысады. Оны іске асыру барысында шағын жинақталған мектептерге мұғалімдер жіберіледі. Осылайша, жоғары білім беру мүмкіндіктері бар ұжымдар білім сапасы төмендеу деген, әсіресе, ауылдағы мектептерге оқу-әдістемелік көмек, қолдау көрсетеді.
– Көктемде шу тудырған Қостанайдағы «Алдияр» балабақшасының мәселесі қалай шешілді?
– 22 мамырда мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарының мерзімі аяқталғаннан кейін №15 мектепте балабақша орналастыру мәселесі жөнінде ата-аналармен жиналыс өтті. Онда 68 баланы жақын маңдағы балабақшаларға қабылдау туралы айтылды. Ал №15 мектеп жанында 1 қыркүйектен бастап 5 жастағы балаларға (2019 жылы туған) 25 орындық мектепалды даярлық сыныбы жұмысын бастайды. Қазақ тілінде оқытатын «Арман» шағын орталығында 3, 4 жастағы сәбилер үшін қосымша 75 орын құрылды.
Қазір №15 ЖББМ жанындағы босатылған орынға 25 орынға толық күндік шағын орталықтың бір тобы ауыстырылды, сондай-ақ жалпы 100 орынға қамтылған 75 орынға 3, 4 жастағы балалар үшін толық күн болатын қосымша 3 топ ашылды. 13-14 маусымда «Индиго» АЖ-де 50 орын оқуға қабылдау үшін ашық тұр, оның ішінде 3 жасқа толған балдырғандарға – 25 орын, 4 жастан асқан балаларға – 25 орын.
– Жазғы демалыс басталды. Балалардың қауіпсіздігі, жазғы алаңдардың қалай ұйымдастырылады?
– Биылдан бастап полиция Департаменті лагерь қызметкерлеріне балалардың қауіпсіздігіне екі есе жауапкершілік жүктеп, тәулік бойы жұмыс істейтін полиция күзетін алып тастады. 7 лагерьде бейнебақылау камералары орнатылған, 2 лагерьде («Чайка» және «Орлёнок») жарыс өткізілуде, «Строитель» (Арқалық) және «Достық» (Қарабалық) лагерьлерінде бейнебақылау жүйесі жоқ.
Жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін мүдделі құрылымдардың (полиция органдары, төтенше жағдайлар қызметі, санитарлық қызметтер, денсаулық сақтау, білім беру, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялар) арасындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, рейдтер өткізу, ата-аналар мен балаларды қауіпсіз тәртіп ережелеріне үйрету қажет. Сондай-ақ суға түсу маусымында алдын алу жұмыстарын күшейту маңызды, бүгінгі таңда суға түсуге рұқсат етілген 26 алаң бар. Жалпы, ведомствоаралық бірлескен іс-шаралар балалардың қауіпсіз демалысын, денсаулығын және жұмысқа орналасуын қамтамасыз етеді. Бұл жұмыс тұрақты бақылауда.
– Су тасқыны кезінде оқу бағдарламасынан қалып қойған ауыл-аймақтардағы оқушылардың мәселесі қалай шешілмек? Әсіресе, жарық, жол жоқ Жанкелдин ауданы Ахмет Байтұрсынұлы ауылының бір топ ақсақалы осыған алаңдаушылық білдірген еді. Қандай да бір жеңілдік қарастырыла ма?
– Өңірлердегі су тасқыны жағдайына байланысты облыстың 23 мектебінде 2885 бала қашықтан оқыды. Олардың білімі төмендеп кетпесін деп 26-31 мамырар алығында «Жазғымектеп» жұмыс істеді.
Түлектерді ұлттық бірыңғай тестілеуге және қорытынды аттестаттауға сапалы дайындау үшін педагогтар қосымша сабақтар өткізді. Сондай-ақ, облыстық білім басқармасының әдістемелік орталығы ҰБТ-ға дайындық жұмыстарын ұйымдастыруда мұғалімдерг ебарынша көмек көрсетті.
Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің түлектері үшін ҰБТ 25 мамырдан 12 шілдеге дейін жеке кесте бойынша өтеді. Егер талапкерлер төмен балл жинаса, биыл ерекше жағдай ретінде қаңтар, наурыз айларындағы ҰБТ-ның ең жоғары нәтижесі есептелетін болады.
– Биылдан бастап аралас мектептерде қазақ сыныптары көбейтіліп жатыр дегенді естідік. Қазірден қандай қадамдар жасалып жатыр?
– 2023-2024 оқу жылында облыста 111 789 оқушы білім алған 445 мемлекеттік мектеп жұмыс істеді. Оның 108-і мемлекеттік тілде, 115-і аралас мектеп. Мемлекеттік тілде оқытатын балалар контингенті 30568 немесе 27,3% (оның ішінде 252 өзге ұлт балалары).
Мемлекеттік тілде білім алушыларды көбейту үшін 2021-2025 жылдарға арналған жол картасы үшінші жыл іске асырылып отыр. Аталған картаға сәйкес, 2022-2023 оқу жылында орыс тілінде оқытатын 5 мектеп аралас мектептерге көшті: Қостанай қаласының физика-математика лицейі, Қостанай ауданының Майкөл ЖББМ, Жуков НОМ, Рудный қаласының №12 ЖББМ және № 4 мектеп-лицейі, сонымен қатар аудандар мен қалаларда қазақ тілінде оқытатын мектепалды даярлық топтары ашылды.
Қостанай қаласындағы №115 аралас тілде білім беретін мектебі мемлекеттік тілде оқытатын мектептер қатарына көшті. Облыстың екі ауданында (Аманкелді және Жанкелдин) аралас және орыс тілінде оқытатын 1 мектеп жұмыс істейді. Осыған байланысты 2022-2023 оқу жылынан бастап Б.Қолдасбаев атындағы ЖББМ мектебін қазақ тілде оқытатын мектепке ауыстыру жұмыстары басталды (50 тәрбиеленуші мектепалды даярлық сыныбына және 23 тәрбиеленуші шағын орталыққа қабылданды), ал Жанкелдин ауданында орыс тілінде оқытатын Н.Иванов атындағы ЖББМ қазақ-орыс тілінде оқытатын мектепке кезеңмен ауыстыру жоспарланған.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ