21 Наурыз, 2025
Биден шашу шашқан өнерпаздар

Биден шашу шашқан өнерпаздар

Халықаралық «Наурыз достарын шақырады» хореографиялық өнер фестивалі екі күн бойы қаламызды думанға бөледі. Алтыншы рет ұйымдастырылған бұл ауқымды шараға Қырғызстан, Башқұртстан, Ресей Федерациясы және Қазақстанның әр өңірінен би ұжымдары қатысып, қазақ, қырғыз, башқұрт, орыс және өзге де халықтардың би өнерін паш етті.

Биылғы фестиваль ерекше көріністерімен, ұлттық нақыштағы киім үлгілерімен және әсем хореографиялық қойылымдарымен есте қалды.

Фестивальдің басты мақсаты – халықтар арасындағы достықты нығайту, ұлттық би өнерін дәріптеу және бишілердің тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау. Қатысушылар дәстүрлі және заманауи билерді сахналап, көрермендерді ерекше әсерге бөледі.

 «Осы уақытқа дейін 80-нен астам би ұжымы қатысып, биден шашу шашып, әр ұлттың өнерін паш етіп, мәдениетін ұлықтауда. Биыл фестивальге 9 ұжым қатысып, соның 4-і алғаш келіп отыр. Осындай фестивальді өткізуге көмек берген баршаға алғысым шексіз», — дейді жоба авторы, «Карнавал» би ұжымының жетекшісі Шәмел Фахрутдинов.

Кырғызстаннан келген «Жаш Канат» ұжымы Қостанайға алғаш келіп отыр. Олардың өнеріне көпшілік тәнті болып, ерекше қошеметке ие болды. Жас бишілер сахнаны жігерлі кавказ биімен дүр сілкіндірді. Олардың өнері көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ, «Матростар биі» де көрермендерді таңғалдырмай қоймады. Бишілердің шебер қимылдары мен әсерлі акробатикалық элементтері көрерменге ерекше әсер етті.

Фестивальдің ашылуында қала әкімінің орынбасары Мәжит Шүленов сөз сөйлеп, баршаға ақ жол тіледі. Ал өнер кешінің соңғы күні барлық қатысушылардың басын қосқан гала-концертпен қорытындыланды. Өнерпаздарды облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Саят Жүсіпов пен облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Данагүл Сүйіндікова марапаттап, фестивальге қатысушыларға алғыстарын білдірді. Олар би өнерінің ұлттар арасындағы мәдени байланысты нығайтудағы маңызын атап өтті.

Бұл фестиваль – тек өнер мерекесі ғана емес, халықтар достығының жарқын көрінісі. Ұлттық би өнері арқылы мәдениеттердің тоғысуы, өзара ынтымақтастық пен түсіністік орнату – басты құндылықтардың бірі. Сондықтан «Наурыз достарын шақырады» фестивалі жыл сайынғы дәстүрлі шараға айналып, көптеген елдерден келген өнерпаздарды біріктіре беретініне сенім мол.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Жаңалықтармен бөлісу