БАӘ-де өткен Sharjah Masters 2025 супертурнирінде 21 жастағы Бибісара Асаубаева өзінің үшінші гроссмейстерлік нормасын орындап, рейтингі алғаш рет 2500 межеден асты.
Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясы хабарлады. Ол 64 гроссмейстер қатысқан турнирде үздік 30-қа еніп, әйелдер арасында ең үздік нәтиже көрсетті.
Бибісара әйелдер Гран-приінің жеңімпазы Чжу Цзиньэр мен Олимпиада чемпионы Дивья Дешмухты артта қалдырды.
Енді тек ФИДЕ кеңесінің шешімі қалды. Ресми түрде бекітілсе, Бибісара Қазақстандағы әйелдер арасынан шыққан екінші гроссмейстер (GM) атанады. Бірінші – Жансая Әбдімәлiк.
Айта кетейік, Бибісара – еліміздің ең жас халықаралық гроссмейстері.