Бекзат ЕЛЕУСІНОВ. Сократтың сенім қуаты

Бекзат ЕЛЕУСІНОВ. Сократтың сенім қуаты

(әңгіме)

-Әке-е-е! Әке-е-е!

Сократтың айқайы таң сәулесі сіңбеген тау ішін жаңғырыққа толтырды.Дауысы өте ащы,қағілез баланың төбе басында тұрып,әкесін шақырған кезде, тіршіліктің таңертеңгі тыныштық сәтіне ұйыған тау құстары, қонақтап отырған қалың бұталар арасынан ұлы көш болып аспанға атылды.Сократтың осылай әкесін шақырып тұрғанына біраз уақыт болған.Ақыр соңында тамағы қарылып, шаршаған Сократ үйіне қарай екі көзі жасаурап, не өзіне, не өмірге ызасын көрсете алмай, төбе басынан үйіне қарай жүгіре жөнелді.Жүгіріп келеді…байғұс бала қараған көзді, үрген итті елемей, ауыл шетіндегі үйіне кіре сала тоқу тоқып отырған әжесінің аяқ жағына бетін басып жата қалған.Кімге, неге, не үшін ызаланатынын білмей, дал болғанСократ ашуын әжесіне білдірткісі келгендейжерді тепкілей берді.

-Шырағым-ау,-дейді, тағдыр салған әжімдердің үстімен жанар жасы сырғанаған көңілі босаң әжесі,-тағы да әкеңді іздеп келдің бе? Жарығым-ау-деді де қойды.

-Әже,неге әкемді көре алмаймын,ол не,бізді сағынбады ма?

-Көресің ғой, жарығым, сағынады ғой сендерді-деді әжесі.Сократтың әжесі өмірдің қиыншылығын көп көрген. Әрдайым “жарығым”,”шырағым” деп сөйлейтін жүзі жылы,жуастау кісі еді.Күнұзақ анасы жұмыс қамында жүрген соң балалар көбінесе әжелерінің қарауында болады. Отбасында бұлардан басқа Клоепатра деген Сократтың қарындасы бар.Сократ өздерінің есімдеріне қарап қазақ отбасына дүниеге келгеніне кейде сәлкүмәнданып та қалады. Оның ой өрісіне ауыл шетінде тұруы,ауыл шетіндегі тұмса табиғатты күнде көру әсер еткен де шығар.Ол ағып жатқан ағынға көз тастап көп уақыт ойланып отыратын. «Таулар неге биік?» «Мұнша биіктікті не үшін жаратқан?» «Өзен аспанға қарап тұр ма,әлде аспан өзенге қарап тұрма?» деген секілді сұрақтарды ми таблосына тізе беретін.Сократтың ойы жаздың жайма шуақ күнінде біраз шырмалады.Мектептің екінші сыныбына енді баратын кішкентай баланың ойында үлкен бір арман бар.Ол әкесін көру болатын.Әттең, ол мүмкін емес еді.Сократқа үлкендер «Әкең қаза тапқан,оны алыс бір жаққа алып кетті» деп қанша түсіндіріп бақса да, ол ешкімге көнгісі жоқ.Сократ зерек,қағілез болғанымен,көп ешкімге бағына бермейтін еді,ол тек анасынан ғана ығысатын. Анасы Сократқа күн сайын үйдегі атқару керек бірнеше жұмыстарды жүктейтін.Арықтан су тасу, қораның тазалығы, есік алдының таза болуы , басқа да ірілі – ұсақты тірліктер Сократтың мойнында.Шешесі Жамал өмірді өгейсінді ме,әлде өмір Жамалды өгейсінді ме, әйтеуір Сократтың анасы Жамал, мінезі біраз қатаңдау болып қалған. Тапсырған жұмыстарды істемесе, қамшының астына алмаса да, Сократты жазасыз қалдырмайтын.Мұның барлығы Сократқа әкесін аңсатты. «Әкем болса бүйтер ем,әкем болса бүйтпес ең» деп өзімен-өзі күңкілдеп,ызаланып та алады. Кейде Сократты қарындасы Клеопатра да аяп кететін.Ол Сократтан бар болғаны бір жарым жас қана кіші.Өзі өте тұйық,жуас.Тура әжесі секілді.Бәлкім әкесі де сондай болғаншығар.

***

Жаздың күндерінде балалар доп қуып,ойын ойнап,күн төбеден домалағанша допты домалатып жүретін.Арагідік топ болып жиналып асық ойнайтындары да бар.Бірақ бір күні балалар күнделікті әдеттерінен бөлек жиын өткізіп жатты.Олардың алдарында “Қалай баю керек?” деген секілді тренинг өткізіп тұрған спикерлерше Тайыр көкелері тоқтамай сөйлеп жатыр.Бірде «өзімнің басымнан өткен» деп бастаса,бірде «мынандай кітапта жазылған екен» деп бастайды әңгімелерін.Адам не нәрсеге мұқтаж болса, оны шешетін кез-келген ақпаратқа сенгісі келеді.Үйсіздер тезірек үй алуға болады дегенге сеніп қалатындай,Сократта көрші тұратын Тайыр көкесінің “кезінде Грекияда өлген адамдардың жанымен сөйлескен екен” деген әңгімесіне Сократтың сенім шапаны елеусіз ілініп қалды.Тайыр көкесінің сол ұзақ әңгімесін тыңдаймын деп, біраз шаруасын тындыра алмай анасынан оңбай таяқ жегені бар.Тыңдамайын десең әңгіменің қызығы сонша,бұрын мүлдем естімеген таңғажайып құбылыстар құлағыңа құйылып,өзгеше әсер етеді. Тайыр көкелерінің бір әңгімесінде:

-Ертеде адамдар өліп кеткен адамдардың елесімен сөйлескен екен.Олар сөйтсе жердің астынан тіріліп, адамдарға көрінбей жүреді екен.

-Оларды көру үшін не істейді?-дейді қызық қуған біреуі.

-Ой,оның әдісі жетіп жатыр.Ең оңайы,бір төбенің басына таң атар кезде шығып алып,сол адамды бар даусыңмен шақыру.Сол жетіп жатыр.

Сократтың әлгі ісі Тайыр көкесінің осы әңгімесінен кейін жасағаны еді.Сократтың Тайыр көкесімен әрдайым бас қосып, құр босқа сағаттарын өткізетін шамасы жоқ. Соны Тайыр көкесіне айтқанда кезде:

-Сен шынымен де бұған сенесің бе?-деді қатты таңғалып.

-Тайыр көке,мен сізге сеніп тұрмын, – деді Сократ.

-Сен өзі жазу оқи аласың ба?

-Ия, мен енді екінші сыныпта оқимын.Біз оқып үйрендік

-Онда саған бір нәрсе беремін-деді де, Тайыр көкесі қуыс үйден бір жұқалтаң кітап алып шықты.

-Мә,мында адам жанымен сөйлесетін мың-сан амал жазылған.Біреуі болмаса біреуін іске асырарсың – деді.

-Спи…спири…спиритизм , -деп Сократ сыртындағы жазуды ежіктеп оқыды да, жүзі балбұл жайнап ішіндегісін тез-тез оқығысы келді.

***

Соңғы кездегі Сократтың өзгеше қылықтары үйдегілерді шошытып жүрді.Анасының:

-Сен бала,не жасыңа жетпей алжып кетейін дедің бе?!-деген сөзіне де мән бергісі келмеді.Сократ жазуды ежіктеп оқыса да, кітаптағы құпияға құштарлығы оның оқуын дамыта түсті.Кітаптағы көптеген амал тәсілдер таудың ұшар биігінде,қабірдің басында жасалған екен.Сократтың оларды жасауға біріне шамасы жетпесе,біріне жүрегі дауаламады.Бар батылы жеткен амал-тәсілі: алма бақтың ішінде шамшырақ жағып,жанды шақыру еді.Сократтың шаруадан қолы босаған шағы осы кеш болатын.Ол алдымен анасынан қауіптенген еді.Жынды адам секілді бақ ішінде шамшырақ жаққаны бар,оның үстіне жарық сөнгенде пайдаланатын азғантай майшамды пайдаланса екі есе ашуланар еді. Елең-алаң шақта мені ешкім байқап қоймас деп сарайдағы майшамдарды алып, бақтың ішінде өзі сенгісі келген рәсімді өткізуге кірісті.Шамшырақтаржарқырады.Екі көзі жарықта болған соң,оған айнала толық қараңғылыққа айналды.”Қараңғыдан қорқамысың” деген сұраққа”Жоқ,қараңғыдан қорықпаймын,бірақ қараңғының ішіндегісіген қорқамын” дейтін Сократ, шынында да айналадан біреу шап берердей жүрегі тулап отырды.Бірақ байғұс баланың әкесін көруге деген ынтазарлығы одан басым түсті.

-Әкетай…әкетай,-дейді көзі жасаурап отырған Сократ, соңғы үмітін әлсіз жанған шамшыраққа байлап.

Бір мезетте…

-Әй,тұқымыңөскір,сені шыныменде жын ұрған екен,-деген анасының өзіне қарай жақындап келе жатқан дауысы естілді.Сократтың санасындағыең қатал адамы үстінен түсті.Шамшырағын да, алма бағында тастап,қою қара түнге көзі үйренбей жұтылып кеткендей болды, әйтеуір анасының даусынан алыстап, одан қашып кеткісі келді.Байғұс бала анасынан қатты шошыды.Үйіне ақырын барып,келесі күні түк болмағандай үйдегі шаруаны істеп жүре берді.Анасы Жамалдың да бір жақсы қасиеті осы еді.Кешегі болған жайды қозғамайды.Шаруа дұрыс жасамай қалса сол мезетте жазалап алады да,келесіде оны бетіне баспайды.Сократ анасының солмінезін жақсы білгендіктен тағы басқатәжірибелерін іске асырып көруден тайынбайды.Ол өзінің кітаптағы құпияларының құдіретін тағы танитүскісі келді. Оның келесі амалы: шелекке өзеннің тап-таза суын құйып,сол суға ең ұзағы таң атқанға дейін қарап отыруы керек екен.Шелектегі судан өз бейнесі о дүниелік адамның бейнесіне айналып,онымен сөйлесе алады екен-мыс.Сөйтіп Сократөзенге суға барады.Жолда Тайыр көкесі оны көріп қалып:

-Қалай,батыр.Рухпен тілдесе алдың ба?-деп сұрайды ыржиып.

-Жоқ,Тайыр көке.

-Рухпен тілдесу үшін дух керек батыр,-деді қалжыңдағысы келіп. -Қорқақ болма,әйтпесе таңғажайыпты өмір бақи көре алмай қор боласың,-деді мысқылдап.Сократ үйдің шаруасын жиыстырасап,өзеннен әкеліп қойған суға толы шелегін үйдің артындағы кішігірім егіннің ортасына апарып,түн салбырап басқанда рәсімге кірісті.Байғұс бала…Әкетайын көремін дегенүмтіпен судағы бейнесіне қарап біраз уақыт отырды.Ұйқыда қысты.Көзінің алдындағы заттар екіге ажырап,ұйқысыздықтан алжыған бала, таңның бозарып атып келе жатқанын көріп,шелекке жалт қараған…Сол баяғы…өзінің бейнесі.

Сократ «әкетайыммен қайтсемде тілдесемін» деп бұл айла-тәсілдерді бірнеше рет қайталап жүрді.Содан шығар байғұс баланың санасында, денсаулығында ақау пайда бола бастады.Түнде ұйқыда жатқанда өзімен-өзі тұрып, сөйлейтінді де шығарды. Әжесі қатты уайымдаған еді.

***

Жаздың екінші айының орта кезі болатын.Сократ біраз сауығып қалған.Сол баяғы үйдегі шаруаларды істеумен жаздағы ойын күндері өте берді. Бірде өзенге суға барар жолда Тайыр көкесін кезіктірген Сократ:

-Тайыр көке,өлген адаммен сіз өзіңіз қалай сөйлесер едіңіз, -деп сұрайды.

-Ай,батыр-ей, мен біреуді қатты сағынсам, ол менің түсімекіреді.Солай сағынышым сәл де болсын басылады.

-Ал неге менің әкетайымтүсіме кірмейді?

-Оны сағынбай жүрген шығарсың.

-Мен…мен оны көрмедім ғой, бірақ тілдескім келеді.Оның өзі сағыныш емес пе?Басқа қайтіп сағынамын? Или сіз маған сағынуды үйретесіз бе? -дегенде Тайыр көкесі күліп жіберді

-Қой, батыр,сен менен сағынуды үйрене алмайсың.Мен саған үйрете де алмаймын.Одан да бар суға бар, апаңнан тағы ұрыс естіп жүрерсің.

Судан қайтіп келе жатқан жолда Сократ қоймай тағы да сұрақ қояды

-Тайыр көке-ау,түсті бізге кім көрсетеді?

-Құдай.

-Ал сіз құдайға сенесіз бе?

-Сенемін, – дейді жол жиегінде отырғанТайыр көкесі.

-Ал құдай бізге сене ме?

-Сократ,құдай бізден әлмисақта уәде алған.Біз уәде беріп, жер бетінде жаманшылық жасамаймыз деп түскенбіз.Тіпті, періштелер де сондай.Құдай бізге сенгендіктен біз жер басып жүрміз.

-Ал олар құдаймен қалай сөйлескен, мен де сөйлескім келеді.

-Ееей,батыр, сенің сұрағың көп екен.Сен алдындағыкітаптыоқысаңшы,сонда барлығыбар ғой, -деді Тайыр көкесі күліп жіберіп.

Сократ үйіне бара сала Тайыр көкесі берген кітапты келген жерінен оқи бастады.Алдындағы Тайыр көкесі айтып берген,тауға барып айқайлау керек деген амалды кітаптан оқып, ол рәсімге екі есе сене түсті.Тайыр көкесі тек бір нәрсені айтуды ұмытып кеткен екен. Кітапта «о дүниелік адамның өмірде киген киімін үстіне киіп шақырса ғана адам жанымен сөйлесу мүмкіндігі туады» делінген екен.Тістері ақсиып, көзі бал бұл жайнап кеткен бала сыртта, күншуақта Клеопатраны жанына алып тоқу тоқып отырған әжесін айналшықтап,анасына білдіртпей әкесінен қалғанжалғыз киімін сұрап алды.Үстіне жапқан жабу секілді салбырай түскен кең жейдені риза болып киіп алған Сократ,желмен жарысып тауға қарай жүйткіді.Бағындыра алған төбе басына шықты дағы, дауысы ащы,қағілез бала:

-Әке-е-е-е! Әке-е-е-е! – деп айқайлап біраз уақыт тұрды.Бір уақытта…бір уақытта…бір нәрсе болады деп күткен Сократ,өз ісінен түк шықпағанын сезген сәттен ашуға булығып, үйіне қарай жүгіре жөнелгенде жолдың жиегінде Тайыр көкесі әлі отыр екен.Ашуға булығып тұрған Сократ:

-Тайыр көке,енді мен сізге де,сіздің құдайыңызға да сенбеймін!-деп жыларман болған Сократ үйіне кіре салысымен әжесінің ұйықтайтын кереуітіне жата қалды.Байғүс баланың тынысы жиілеп, әбден шаршап келіп ұйықтап қалған.Үйдің шаруасы Сократсыз орнынан қозғалмайды.Үйдегі шаруаның жайын көрген анасы Сократты сөзбен сыбап алып, оның қай жерде не бүлдіріп жатқанын ойлап, іздеуге кірісті.Әжесі жанына Клеопатраны алып сыртта тоқу тоқып әлі отыр.Айнала үнсіз.Жаңа ғана Жамал күңкілдеп жүрген еді. Ол да өшкен.Өшкен үні колонкадан абайсыз қосылған музыкадай үйден Жамалдың шыңғырған дауысы естілді.Әжесі орнынан тұрып барам дегенше,Клеопатра жүгіріп барып,ағасының жансыз жатқан денесін көріп, ол да шошып кетті.Сократәкесінің киімін киіп, әкесінің құшағына бөленгендей, төсекте жатып жүрегі тоқтап қалыпты.Байғұс бала күлімдеп жатып қалған екен.Мүмкін ұйқыға кеткенде түсінде әкесін көрген де болар,содан шығар оянғысы келмегені.Кім білсін…

***

Сократты жер қойнына тапсыруға ауыл адамдары біраз жиналып қалған екен.Жас қабірді жерлеуге алып бара жатқанын көрген әжесінің жүрегі атқақтап,көзіне жас парлап кетті.Анасы үшін де, қарындасы Клеопатра үшін де бейне бір өмірдегі тірегінен айырылғандай көрінді.Бетіндегі әжіміне тағдырдың табы түскен Сократтың әжесі көкке қарап тұрып,  “Шырағым-ау…әкетайыңа жеткен боларсың…ендігі біз жайлы шүйіркелесіп жатсыңдар ма?….” деп ар жағындағы сөздер қысылып шықпай қойды.Көзіне еріксіз жас парлап кетті.Ана да өкінді,әже де өкінді,аспан да өкінді,Сократтың сенімімен ойнаған Тайыр да өкінді…

Сол уақытта бәрі өкінді.

 

Соңы.

Жаңалықтармен бөлісу