Ашық аспан астындағы шағын футбол алаңы жергілікті тұрғындардың және балалар мен жасөспірімдердің тұтынысына беріліп отыр. Ол меморандум асянда демеуші қаржысына салынған.
Новоильинов ауылдық округі аудан орталығынан шамамен 30 шақырымдай жерде жатыр. Аудандағы ең ірі округтердің бірі саналады. Құрамына сегіз елді мекен қарайды. Бір өзінде 1600 тұрғын бар. Қазір мұнда спорт жақсы дамып келе жатыр. Әсіресе, ауыл жастары шаңғы тебуден ауданда алдарына жан салмайды. Жеңіл атлетика мен тоғызқұмалақтан да топ жарып жүрген өрендер көп. Енді жаңа спорт алаңының ашылуы доп спортының дамуына серпін береді деген үміт бар.
Алаң аудандағы ірі кәсіпорын – «Варварин» АҚ қаржысына шілде-қазан айлары аралығында салынған. Нысан құрылысына 16 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалыпты. Спорт алаңының ашылуына аудан әкімдігінің, демеуші кәсіпорынның өкілдері, ауыл тұрғындары мен оқушылар қатысты.
«Жаңа спорт алаңы әкімдік пен «Варварин» АҚ арасындағы меморандум аясында салынып, пайдалануға беріліп отыр. Кәсіпорын әлеуметтік жобаларға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Бүгінгі оқиғаға да себепші болып отырған демеуші компанияға ауыл тұрғындары атынан рахмет айтамыз. Бұл осы округте салынған соңғы нысан емес деп сенеміз. Оны екіжақты келісім-шарт шеңберінде қарастыра жатармыз. Ал бүгінгі қуаныштарыңызбен бәріңізді құттықтаймын», – деді аудан әкімінің орынбасары Ерболат Ибраев.
Кәсіпорын аудан көлемінде спорт нысандарын салуға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Соңғы үш жылда әр ауылда осындай төрт алаң ашып берген. Олардың қатарына Новоильиновтегі жаңа шағын футбол алаңы қосылып отыр.
«Спорт нысаны жергілікті спортшыларды жаттықтыруға, түрлі жарыстар өткізуге арналған жақсы базаға айналар деп үміттенеміз. Ауыл тұрғындары мұны ұзақ жыл игілігіне пайдаланып, ұқыптап ұстайды деп сенеміз. Өскелең буынның спортқа құлшынысы артып, жарқын жеңістерге қол жеткізе берсін. Елді мекеннен жаңа чемпиондардың, жаңа есімдердің шығуына тілектеспіз», – деді құттықтау сөзінде кәсіпорынның қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Антон Труханов.
Ауыл әкімі Азамат Қалақбасовтың айтуынша, нысан барлық рұқсатнама құжаттары әзірленіп, жергілікті әкімдік балансына өткен соң дене шынықтыру сабақтарын өткізуге беріледі. Ауыл тұрғындары үшін де есігі айқара ашық болмақ. Арнаулы спорт әдіскері түрлі секция жүргізіп, балалар мен жасөспірімдердің ең сүйікті орнына айналуына ықпалдасады. Бір сөзбен, жаз мезгілдерінде алаңның бос қалмауына округтің, мектептің басшылығы мүдделі болады.
«Мұндай нысан, шынымен де, біздің ауылға, әсіресе жастарға көптен қажет болған еді. Сол тілегіміздің орындалуына себепші болған аудан әкімдігі мен «Варварин» АҚ басшылығына разылығымызды жеткізгіміз келеді. Алдағы уақытта округтегі басқа елді мекендерде де жаңа алаңдар салынып жатса, нұр үстіне нұр. Спорт белсенді дамып келе жатқан ауылымызға бұл оқиға серпін бере түседі деп ойлаймыз», – дейді ауыл әкімі.
Новоильинов жалпы білім беретін мектебінің басшылығы да мұны елеулі оқиғаға балайды. Оқу ошағының спорт залы әр сыныпқа бір мезетте дене шынықтыру сабағын, әртүрлі деңгейдегі жарыстар өткізуге тарлық ететін. Бұдан былай жаңа алаң оқушылардың қалаған уақытында жаттығу жүргізуіне еш кедергі болмайды дегенді айтады мектеп директоры.
«Бұл «Варварин» АҚ демеушілік жасап отырған ауылдағы алғашқы жоба емес. Бұған дейін мектебімізге робот құрастыру кабинетін ашып берген еді. Енді, міне, шағын стадионымыз пайда болып, қуанып отырған жайымыз бар. Бұл жомарт кәсіпорнымыздың соңғы қолдауы да емес деген үміттеміз. Мәселен, алдағы уақытта физика кабинетін заман талабына сай жасақтап берер деп күтіп отырмыз. Сондай-ақ Валерьянов, Тобыл елді мекендеріндегідей өзіміздің ангарымыз болғанын да қалаймыз. Қазір Әйет ауылында үлкен кешен салынып жатыр. Мұның бәрі біздің спорттағы әлеуетімізді арттыра түсері сөзсіз. Антон Владимирович, кәсіпорынның ауылымызды назардан тыс қалдырмағанына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Істеріңіз алға баса берсін», – деп ақ тілегін жеткізді мектеп басшысы Ирина Сметанинова.
Жалпы, Новоильинов ауылында бұдан басқа да жаңалықтар аз емес. Былтыр жарты жыл ішінде халықтың және жанашыр азаматтардың ортаға жиған қаражатына мешіт салынды. Енді жергілікті жұрт алдағы жылдары газ тартылады деп үміттеніп отыр. Қазір жобалық-құндық құжаты мемлекеттік сараптамада қаралу үстінде. Бұйырса, көгілдір отын ауылға жерасты құбырлары арқылы жетеді. Ал бұдан соң жол инфрақұрылымын қалпына келтіру жоспарда бар.
Жандос ЖҮСІПБЕК
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ