Баянауылға Торғайдың  ыстық  сәлемін  жеткізді

Баянауылға Торғайдың ыстық сәлемін жеткізді

Павлодардың Баянауылында Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 165 жылдық мерейтойына арнайы ұйымдастырылған «Көне ғасыр күмбірі» атты жыршы-термешілер байқауы өтті. Оған өңіріміздің Алтынсарин ауданынан шақырту алған жас термеші Әбдрахман Алпысов қатысып, жүлделі оралды.

Байқау шарты бойынша Мәшһүр Жүсіптің екі шығармасын орындау керек. Біздің үміткер «Дауасыз дерт», «Бес парыз» шығармаларын орындапты. Екінші турда «Қиянат» термесін Мәшһүр атамыздың мақамына салып орындып шығыпты. Өз таңдауына бір терме берілген. Әбдрахман Алпысов Нұрхан Ахметбеков атамыздың «Торғайдан сәлемін» әуелетіп, қазылар жылы қабылдаған.

Байқауда Ақтөбе, Астана, Түркістан, Кызылорда, Павлодар облысының жыршы-термешілерімен қатар Баянауылдағы жергілікті қатысушылар да бақ сынаған. Дүбірлі той болып, Мәшһүр Жүсіп  кесенесінің басында аламан айтыс өткен. 165 жылдық мерейтойға 165 киіз үй тігіліп, сол жерде  ас берілген.  Түрлі көрмелермен қатар күрес, бәйге, көкпар жарыстары да өтіпті.

            –Баянауылдан сексен шақырым асқанда Ескелді деген жер бар екен. Сол Ескелді шатқалындағы қайтарының алдында тұрған қараша үйі мен жанындағы кесенесіне бас сұқтық. Басына дұға жасалып, айтыстың ақтық сыны мен жыршы-термешілер байқауы сонда өтті. Алмас Алматов ағамыз қазылық етті. Ақынның жүріп өткен жолын насихаттап жүрген Мәшһүр Жүсіптің туыстары болды. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге диплом, ақшалай сыйлық, сертификат табыстады. Атамыздың он томдық кітабы берілді. Тұлғаны насихаттап жүрген айтыскер ақын Аспанбек Шұғатаевтың аудиожазба кітабы тарту етілді. Осы сапарға баруыма облыстық халық шығармашылығы орталығы қолдау көрсетті. Өнерім бағаланып, жүлделі оралдым, – дейді жас термеші.

 

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

 

Жаңалықтармен бөлісу