Қостанай облысындағы ауқымды спорттық іс-шаралардың бірі – “Тың Целина” спартакиадасы. Спорт додасы биыл 27-30 шілде аралығында Алтынсарин ауданының Силантьев ауылында өтпек.
Байрақты бәсекеде Қостанай қаласының намысын қорғайтын спортшылардың дайындығы аппарат кеңесінде сөз болды. Дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жәнібек Жұрқабаев баяндама жасап, алдағы облыстық спартакиадаға дайындық жұмыстарын пысықтады.
– Облыстық спартакиаданың соңғы он жылдағы қорытындысында Қостанай қаласының құрама командасы жалпы есепте бірінші орыннан көрінуде. Бұл үрдіс биыл да жалғасын табады деген ойдамыз. Спартакиадаға дайындық барысында 20 сәуір мен 10 маусым аралығында баскетбол, волейбол және футболдан аймақтық ойындар ұйымдастырылды. Қорытындысында, аталған спорт түрлері бойынша Қостанай қаласының ерлер мен әйелдер командасы “Тың-Целина 2023” спартакиадасының финалына өтті. 2-5 мамыр аралығында Президенттік көпсайыстан жарыстар ұйымдастырылып, қала командасы II орынды иеленді. Сондай-ақ, маусым айының соңына дейін шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисінен сайыстар өткізілмек, – деді Ж. Жұрқабаев.
Спорт бөлімі басшысының айтуынша, алдағы додаға қатысатын спортшыларды анықтау және оқу-жаттығу жиындарын өткізу үшін барлық іріктеу жарыстары өтіпті. Ендігі үміт споршыларда.
Қымбат ДОСЖАНОВА