Облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Айгүл Ераділова Қостанайдағы № 15 мектепте диалог алаңы форматында кездесу өткізіп, жастар арасындағы есірткі құқық бұзушылық мәселесін талқылады.
Ата-аналарға нашақорлықтың салдарын айқын бейнелеген роликтерді көрсетті. Есірткі таратумен айналысып, ұсталған оқушыларды нақты мысалға келтірді.
«Есірткі жасөспірімдерге қол жетімді болып келеді және жыл сайын жағдай ушығуда. Біздің міндетіміз — балалардың бұл тұзаққа түсуіне жол бермеу», – деді полиция қызметкері.
Ата-аналар талқылауға белсенді түрде қатысты.
«Мүмкін балаларға түзеу мекемелеріне экскурсия ұйымдастырған жөн шығар? Олар есірткіге жақын болудын салдарын өз көздерімен көрсін», – деп ата-аналардың бірі ұсыныс айтты.
Айгүл Ераділова бұл ұсыныс орынды екенін айта келіп, мұндай экскурсиялар балаларға қылмыс жасаудан аулақ болуға тәрбиелейтінін білдірді.
Сол кезде залда отырған оқушылардың бірінің анасы:
– Егер есірткі қолжетімді болса, баламды олардың зиянды әсерінен қалай қорғауға болады? – деп алаңдайтынын айтып қалды.
– Ең бастысы – сенім. Сіз балалармен ашық қарым-қатынас орнатуыңыз керек. Олар кіммен сөйлесетініне, қандай әлеуметтік желілерге кіретініне қызығушылық танытыңыз. Олардың уақытын бақылаңыз. Балаларға жағымды сәттерді көрсетіп, бірге уақыт өткізіңіз, – деп кеңес берді Ераділова. – Жасөспірімдерді есірткі қылмысына қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін ұмытпаңыздар. Бұл өте маңызды.
– Тәуелділікті ерте анықтау үшін мектептерде міндетті есірткі скринингін енгізуді ұсынар едім. Бұл мектеп оқушылары арасында нашақорлықтың таралуын болдырмауға көмектесері сөзсіз, – деді ата-аналардың бірі.
Міне, іс-шара қатысушыларға қатты әсер етті. Көптеген ата-аналар балаларына мұқият болу және оларды қауіп-қатерден қорғау үшін уақытында араласу қаншалықты маңызды екенін түсініп, эмоциялар мен көз жастарына ерік берді. Полиция қызметкері әрбір ата-ана өз баласына үлгі болуы керек екеніне назар аударды:
– Егер сіз баланыздың дені сау және табысты болғанын қаласаңыз, оларға дұрыс таңдау деген не екенін мысалмен көрсетіңіз.