16 июня, 2025
Балалардың әкесіндей болып кеткен

Балалардың әкесіндей болып кеткен

Таңғы салқынмен қатарласа Амангелді ауылының ішін айнала қозғалатын сары автобус көзге бірден түседі. Оның тізгінінде – ауылдықтарға жақсы таныс, еңбекқор жан Боранбай Исабаев.

Ол – мектеп оқушыларын тасымалдайды. Бұл қызметті үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтады.

«Бұл – менің кәсібім ғана емес, парызым деп білем. Балалар аман болса, бәрі аман», – дейді Боранбай аға.

Боранбай аға мектеп оқушыларын 12 жылдан бері тасымалдап келеді. Уақытпен санаспай, әрбір оқушыны қауіпсіз жеткізу – басты мақсаты. Автобус ішіндегі тәртіп пен тазалыққа ерекше көңіл бөледі. Балалармен жақсы тіл табысады, оларды атымен атап, көңіл-күйіне мән береді.

 «Мектеп автобусын жүргізіп жүргеніме 12 жыл болды. Бұған дейін де көлік жүргізуші болдым, бірақ балалармен жұмыс – мүлде ерекше екен, мол жауапкершілікті талап етеді. Таңғы алты жарымда жолға шығамын. Ауылдың бірнеше көшесінен, сырт жақтағы елді мекендерден балаларды жинап, мектепке жеткіземін. Сабақ біткен соң қайта үйлеріне апарып тастаймын. Мерекелік, мәдени іс-шараларға да апарып тұрам», – дейді кейіпкер.

Бұл – арнайы балалар тасымалына арналған автобус. Қауіпсіздік талаптары толық сақталған. Белдіктер бар, есіктері қауіпсіз, іші кең, әрі таза. Техникалық жағынан уақытылы тексерістен өткізіп тұрады.

 «Жұмыс барысында күн райының қолайсыздығы алаңдатады. Қыста жол тайғақ кездер болады. Балаларды тасымалд жүрген соң мұқият болу керек. Қанша дегенмен көлік тізгінінде өзім болғандықтан, мұқият болған жөн. Балалар мені сыйлайды. Бәрі де өзімнің балаларым тәрізді. Қажет кезде, кеңес беріп, ақыл да айтып тұрамын», – дейді Боранбай Исабаев.

Қарапайым еңбек адамының істеп жүрген жұмысы қандай да құрметке лайық. Білімге барар жолда сенімді сапарды қамтамасыз етіп жүрген осындай жандардың еңбегі әрдайым жана берсін демекпіз.

 

Жанболсын НОҒАЕВ

ҚӨУ студенті