Қостанай қаласында жыл басынан бері жұмыртқа 14 теңгеге, нан бағасы 171 теңгеден 176 теңгеге қымбаттаған. Оған себеп өнімнің өзіндік құнының өсуі. Яғни, коммуналдық шығындар, жұмысшылардың жалақысы, логистикамен қатар, ветеринарлық өнімдер мен қоспалардың да бағасы артқан.
Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мира Қазкееваның айтуынша, қала тұрғындары жылына 220 млн-нан астам дана жұмыртқа сатып алады екен. Көп тұтынса да жұмыртқадан таршылық болмайды, өткен жылдың өзінде 527 млн данадан астам жұмыртқа өндірілген.
“Азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру қорының өнімдері арқылы ұстап тұра аламыз Бүгінде қорда 4,4 тонна макарон өнімі, 11,2 тонна күріш, 1 тонна қарақұмық және 5,3 тонна қырыққабат пен 2,5 тонна картоп бар. Жарты тонна пияз бен 4,5 тонна тұз да сақтаулы. Ал әлеуметтік нанның бағасын ұстап тұру үшін ӘКК ұнды бір келісіне 100 теңгеден сатады. Бұл ретте бір бөлке нанның бағасы 90-92 теңгеден аспауы тиіс. Қала наубайханалары әлеуметтік нан пісіру үшін ұнды тұрақты түрде іріктеп алады”, – дейді бөлім басшысы.
Наубайханалар күніне 7-8 мыңнан астам әлеуметтік нан пісіреді, олар 45 сауда дүкендерінде сатылады. Орташа алғанда бір дүкенге күніне 240 дана әлеуметтік нан келіп жеткізіледі.
“Қала аумағында бағаны ұстап тұру үшін жыл басынан бері облыс орталығында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп келеді. Осы уақытқа дейін өткізілген жәрмеңкеде 74,9 млн теңгеден астам сомаға 98,2 тоннадан астам өнім сатылды. Онда азық-түлік нарық бағасынан 10-15% төмен бағада сатылады. Келесі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі осы жылдың жылдың 17 ақпанында өткізу жоспарланған”, – деді Мира Қазкеева.
Қаланың сауда желілерінде әлеуметтік сөрелерді орналастыру мәселесі де пысықталған. Барлығы қырық бір сауда нысанында 350 әлеуметтік сөру бар.
“Тұрақтандыру қорында азық-түлік жеткілікті. Тұрғындар арасында қандай да бір азыққа жетіспеушілік жоқ. Жұмысты одан әрі жалғастырыңыздар. “Нариман” базары жайлы қоса кетейін. Ол жақтағы кәсіпкерлер “Саяхат” базарына көшіреледі. Сауда орнының иесі орын бар екенін жеткізді. Сондай-ақ, алғашқы жылы жалдау құнына жеңілдік беретінін де айтты. Жабық жылы сауда орны, кәсіп иелеріне ыңғайлы болады деп есептеймін”, – деді Марат Жүндібаев.
Қала бойынша барлығы 1523 сауда нысаны жұмыс істейді, оның ішінде, 53 супермаркет және 55 шағын маркет бар. Бұлардың сыртында 1415 үй жанындағы дүкендер халыққа қызмет көрсетеді.
Сералы МЫРЗАБАЙ