Әсілі, ел игілігі үшін аянбай тер төгіп, алға қойған асқаралы мақсатына жету жолында бар күшін, қажыр-қайратын аямай, өз ісін беріле атқаратын жандар арамызда аз емес. Сондай атпал ағаларымыздың арасынан елге жаны ашитын, өзінің бойындағы әу баста Құдай берген тазалығын, кішіпейілдігін, кісілігін сақтап қалған, мансапқа жетсе де қалпы өзгермейтін Өмірзақ ағаның бейнесі айқын бедерленеді. “Бақытын басқа жерден іздемей, туған топырағынан тапқан” ол “Халық жауы” атанып, итжеккенге айдалған Бекділдә әкенің жалғыз үміті, жолын жалғастырар мұрагері. Жалғызының өмірі ұзақ, еліне шарапаты тиер азамат болсын деген, есімін Өмірзақ қоюуы да тегін емес.
Соғыстан кейінгі дүниеге келген ұрпақ өкілдерінің еңбекпен ширап өсіп, өмірдің ыстық-суығы мен бар-жоғын кішкентайынан сезінуі оларды ерте есейтті.
Бала кездегі көрген, не болмаса естіген тағылымды әңгіменің барлығы, негізінен, болашақта адам өміріне ықпал етпей қоймайтындығын Өмекеңнің өмірінен көруге болады. Иә, белгілі қоғам қайраткері, облыстың Құрметті азаматы Өмірзақ Ихтиляпов білікті басшы, озық ұйымдастырушы. Ауылшаруашылығының білгір маманы. Осының бәрі оның жылдар бойы жинаған бай тәжірибесіне тікелей қатысты. Ең бастысы – кешегі тоқсаныншы жылдары Шолақсайды “мұртын бұзбай” сақтап қалды. Жайқалтып егін екті, мыңғыртып мал өсірді. Қарапайым еңбек адамының мұң-мұқтажын түгендеді. Соның арқасында абырой-беделден кенде қалған емес.
Жалғыздың жары – құдай!
Ол еңбекке ерте араласты. Жиырма бір жасында бөлімшеге бухгалтер болып жұмысқа орналасты. Кейін Алматыдағы халық шаруашылығы институтын сырттай бітірген соң, қызметі біртіндеп жоғарылады. Кеңшар бас бухгалтерінің орынбасары, бас бухгалтер… Одан соң директорлық курсты тәмамдап, “Шолақсай” кеңшарының тізгінін ұстады. Бұл 1994 жыл еді. Нағыз қиын кезең. Бірақ, ол “Бекділдәнің баласы сөйтіпті” демесін деп, намысқа тырысты. Тұралаған шаруашылықтың тасын өрге сүйреді. Мұны қазір айтуға ғана оңай.
“Жұмыс істесек, өзіміз үшін істедік. Қолымыздан келгенше Отанды гүлдендірейік деген ой да жоқ емес-ті. Бәрінен бұрын жалғыз ұлдың тілеуін тілеген анама сөз келтірмеуге бекіндім”,–дейді өзі.
Бес қыз, бір ұлын жалғыз өзі арқалап жүріп өсірген Сақыш марқұм өмір бойы: “Жалғыз Өмірзағым жетсе екен!” деп құдайға жалбарынып өтті. Қыздарына да соны айтып отырушы еді жарықтық. “Осы үйдің тірегі – мынау Өмірзақтың тілеуін тілеңдер. Сонда жаман болмайсыңдар. Өмірзақ аман болса, бәріңе қамқоршы болады” дегенді жиі қайталайтын.
–Кішкентай кезімнен әжемнің бауырында өстім. Тәрбиесін алдым, ақылын тыңдадым. Жас келген сайын сол еске түседі. Әжемнің есімі – Бал. Жетпіс бес жасында дүниеден өтті. Науырзымда он екі жыл болыс болған Тоқсанның немересі еді. Айтпақшы, бір шөберемнің есімін әжемнің құрметіне Балмәриям деп атадым. Мен де биыл сол 75 жасқа келіп отырмын. Негізі, тәрбие отбасынан басталады. Жаны ашыған адам өз ұрпағын отбасында тәрбиелейді. Онда көп мағына бар. Тіл де сақталып қалады. Ұлтымыздың барлық салт-дәстүрін бойыңа сіңіресің. Осы жасқа келгенде түсінгенім, бәрі еңбекпен келеді. Ерінбей еңбек істеу керек. Бүгінгі жеткен дәрежемнің бәрі сол еңбектің жемісі. Мен тоғызыншы класс оқып жүргенде әкем дүниеден өтті. Шешем бес қыз, бір ұлды жеткізді. Кейде: “Әкеңнің артына сөз келтірме, біздің өміріміз саған байланысты. Бар тілегіміз, үмітіміз сенсің”,– деп жанашырлық танытатын. Ол кезде жас болдық. Сол сөздің мағынасын енді түсініп жатырмыз ғой. Анамыздың құдайдан тілеген тілегі өмірде расталды. Қазір енді, құдайға шүкір, немере сүйдім, бір-екі шөберем бар. Ол да құдайдың бергені. Ата-анамның тілегі қабыл болды деп ойлаймын,–дейді Өмірзақ Бекділдәұлы өткенге көз жүгіртіп.
Нарықтың қатал сынынан өткен
Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде қоғамға нарық кеп килікті. Сол жылдары мемлекет басшысы Н.Назарбаев: “кеңшарлар болмауы керек. Өйткені, ол кеңестік шаруашылық. Нарық болуы керек, өзгерту керек “- деді. Қаншама қателік те кетті. Қазақтың күн көретін жері – ауыл еді. Сол ауылдың берекесі кеткеннен кейін, елдің де берекесі болмады. Халыққа бұл өте ауыр тиді. Өкінішке қарай, “Ауылым-алтын бесігім” деп өскен халқымыз сол ауылдан ірге ажыратты. Кеңшарда жұмыс болмады. Ол тарағасын көшу басталды. Шаруашылықтар құлдырады. Тек, әр ауданда бір-бір ұжым қалды. Соның арқасында ел күнін көрді. Алайда, ауылдар дәл бүгінгідей құлашын кеңге сермеп, дамып кете алмады. Бір де бар, бір жоқ кеп. “Жау жағадан алған да, бөрі етектен тартады” дегендей, қылмыс атаулының үдеп, қолында азын-аулақ дәулеті бар жігіттерді қорқытып-үркіту белең алып тұрған тұс.
–Басымыздан талай нәрсе өтті. 1996 жылы “Шилі” кеңшарынан Шолақсайға ауыстым. Нарықтың әлегі ғой, бірде түнемелік бір топ қарақшы үйге шабуыл жасады. Құдай сақтап, уақытында оянып мылтық атуға тура келді. Рэкет деген пәле үйдің терезесін сындырып, есікті ашпағасын үйге кіреміз деп бебеу қақты. Ол кезде балалар институтта оқиды, үйде әйелім екеуміз ғана едік. Сол жылдары қаншама директорды ұрып-соғып, қорқытып, қолындағы барын тартып әкетті. Мәселен, анау “Буревестник” кеңшарының он мың тонна астығын алып қойып, быт-шытын шығарды. Рэкетерліктің көкесі тоқсан жетінші жылы болды. Кабинетіме бәлен адам басып кірді. Содан ҰҚК-нен көмек сұрауға тура келді. Онда ҰҚК-де Кәдіржан Қарабаев деген бастығы бар-тын. Сол азамат рэкеттердің жетекшісін шақырып алып: “Біз құқықтық мемлекетте тұрамыз. Берешегі болса заң бойынша сотқа бер. Бұдан былай Шолақсайдан тағы осындай ши шықса, мен шара қолданамын”,– деді. Соның арқасында мен құтылдым, – деп еске алады Өмірзақ аға.
Әке балаға сыншы
Қиын күндердің өзін де Шолақсайдағы төрт бригаданың төртеуі де жұмысын тоқтатқан жоқ. Ол кезде экономикалық қиындық туындағанмен, бір жақсы жері – кадр тапшылығы болмайтын. Ауыл халқы тұтас отырды. Малшылар да, механизаторлар да түгел. Шаруашылықтың бүкіл мүлік-мүккәмалының шашауы шыққан жоқ. Өмірзақ Бекділдәұлы қалаларда қаптатып үй сала беру артық деп есептейді.
“Халық біткен үлкен шаһарларға қарай жөңкіле берсе, “Қазақтың бесігі – ауыл” деген әдемі сөз жадымыздан мүлде өшетін түрі бар. Қазірдің өзінде қазақтың бесігі бір жағына қарай қисайды деп санауға болады”,–дейді біздің кейіпкер.
Ал, ауылды темірқазық көретін Өмірзақ Бекділдәұлы жылы орнын суытқан жоқ. Шаруашылығын дамытты. Институтты енді бітіріп келген ұлы – Мәдиді қасына ертті.
Әкесі зейнеткерлікке шыққан жылы Мәди серіктестікке ие боп қалды. Содан бері он бес жыл өтіпті.
– Биыл оны Науырзым ауданына әкімі қылып тағайындады. Құмар Іргебайұлы, “Сен жергілікті мамансың. Өз ауданыңның жағдайын жақсы білесің. Ауданның тізгінін саған ұстатамын үлкен сенім артты. Содан 4-қыркүйектен бастап шаруашылықты қайтадан қолыма алдым. Осы жасқа жеткенде! Кейде балама: “Мен 45 жасымда директор болып едім, енді 75-ке келгенде сен мені қайтадан директор қылдың”,– деп күлемін. Жастар өсуі керек. Біздің ауданға талай азамат келді, нәтиже болған жоқ. Енді сол нәтижені баламнан күтемін,–дейді қоғам қайраткері.
Ойлап отырса,зейнеткерлікке шыққалы тура он бес жыл демалыпты.Алпыстан аса бере шаруашылық тізгінін баласына бере бастады. Зейнетке шыққан күні біржола тапсырды. Бұл оған Құдайдың берген бақыты! Үлкен тәрбие мектебі. Өзі осылай деп топшылайды.
Ұлық болсаң, кішік бол!
Өмірзақ Бекділдәұлы үшін халықтың мұң-мұқтажын түгендеуден асқан жауапкершілік жоқ. Ел еңсесін тік ұстаса ғана шаруа жайы өз ырғағымен дөңгелейді. Яғни, адамның адамсыз күні болмақ емес. “Қанша биікке шырқасам да, халықтан үлкен емеспін” деуі содан шығар. Жиырма бес жыл директор болғанда жерлестерінің талап-тілегін ескрмей дамылдамады. Қарапайым еңбек адамын құрметтеді, бағалады, көпке үлгі тұтты.Бұл оның кадр дайындаудағы басты көзірі.
–Қай мемлекет болсын, оның байлығы адам. Сол халықты сыйлай білу, тіл табысу керек. Қандай дәрежеге жетсем де, мені соған жеткізген халық. Елдің арыз-шағымына құлақ ас. Өтінішін тыңда. Шешімін тап. Әкем “халық жауы” деген желеумен сотталып, лагерьден келгеннен кейін науқасты болды. Көмір, жем-шөп алуға өтініш жазып, кеңшар директорына мені жібереді. “Шолақсайды” Иван Федорович Журов деген кісі басқарды. Оның қабылдауына кіре алмайсың. Үлкендер қаздай тізіліп, күні ұзаққа күтіп отырғанда, бала – маған не жорық. Бірақ, күтуге тура келеді. Әйтеуір, не темекі шегуге, иә басқа бір мұқтаждықпен шығады. Сол кезде аңдып тұрып, апарған арызыма қол қойдырып ала қоямын. “Әкең жіберді ме?”– деп келгендегі шаруаңды сол мезет шешіп бере салады. Сонда әкем. “Өй, Өмірзақ, жігіт болғаның ғой, мынау” деп риза болып қалатын. Мен соны директорлық мансабымда пайдаландым. Қабылдауыма кім келсе де, соңғы адам қалғанша шаруасын шешпей кетпеймін. Адам мұқтаж болғасын келеді. Қазіргі әкімдер шаруа шешпек түгілі, сенімен сөйлеспейді. Бұлай болмайды. Халықтан үлкен ешкім жоқ. Сыйлау керек. Шамаң келгенше жәрдемдес. Көптің батасы тиеді, – дейді қоғам қайраткері.
Өзі де қайырымдылық шаралардан тыс қалып көрген емес. Бірер мысал келтірейік. Ана бір жылдары облыс орталығында үлкен мешіттің құрылысы басталарда осы Өмірзақ аға өз қалтасынан 20 млн теңге шығарған. Ресейдің Қорған қаласындағы мешіттің құрылысына да қомақты қаржы бөліп, соның арқасында қорғандық жамағат имандылық үйінің бірінші қабатын салып, қыстап шығыпты. Айтпақшы, Өмекең қажылыққа жіберген төрт адамның бірі осы Қорған қаласындағы қандасымыз, Ленин орденді шопан Жанқуаныш есімді ақсақал еді. Жанашыр азамат 2007 жылдан бері қарай Қорған облысының жиырма тұрғынына “Қостанай таңы” газетін тұрақты жаздырып берді. “Әке көрген оқ жонар” деген баласы Мәди де шарапатты істердің талайына демеуші болды. Пандемия кезінде Мәди Өмірзақұлы қорға өз атынан 5 млн теңге, Аманқарағайда болған алапат өрттен зардап шеккендерге 1 млн теңге аударғаны есімізде. Сондай-ақ, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы қарсаңында тиісті қаражат бөліп, велошеру ұйымдастырды. Әкелі-балалы Ихтиляповтардың мұндай игі істері көпке үлгі боларлық!
Өмірзақ ағаның асыл текті адами қасиеті парасатты тұлғасын биіктеткен үстіне биіктете түседі. Өмір жолының асқар биігі – жетпіс бестің шыңына шықса да, ол Отанымыздың өркендеуі және халқымыздың игілігі жолында әлі де талай белесті бағындырары даусыз.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Науырзым ауданы