І. Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры наурыз айының басында театр көрші Ресейдің Челябинск қаласында өткен «Человек театра» атты кіші формадағы спектакльдердің фестиваль-лабораториясына «Шолпанның күнәсі» спектаклімен қатысып, ресейлік көрермендердің көңілінен шыққаны өз алдына, театр сыншыларының жоғары бағасын алып қайтты. Халықаралық театр күніне орай,өнер ордасының көркемдік жетекшісі, «Шолпанның күнәсі» спектаклінің режиссері Баатырбек Шамбетовпен әңгіменің сәті түскен еді.
– Баатырбек Рысқұлұлы, кәсіби мерекеңіз құтты болсын! Театр Челябі сапарынан олжалы оралды. Бұл каөрермендер үшін жыл басындағы жағымды жаңалық болды ғой.
–Мереке бірге болсын! Иә, ұлу жылы біздің қазақ театры үшін өсу, үйрену, есею мезгілі сияқты басталып отыр. Наурыздың басында Ресейдің Челябі қаласында өткен «Человек театра» атты кіші форматтағы спектакльдердің фестиваль-лабораториясынаМ.Жұмабаевтың әңгімесі бойынша қойылған «Шолпанның күнәсі» спектаклімен қатыстық. Оған қатысушылар жыл бойы іріктеледі екен. «Шолпанның күнәсі» өтініш берген 80 спектакльдің ішіненіріктеліп, фестивальге жолдама алған 13 шығарманың бірі болғанын айтсам, сапарымыздың қаншалықты маңызды екені түсінікті болар. Бізден басқа қатысушылардың барлығы Ресейдің Москва, Санкт-Петербург, Саранск, Новосибирск сияқты ірі орталықтарыжәне тағы басқа да қалаларынан келді, арасында Пермьнің «У моста» деген атақты театры да бар. Біздің театр тайталасқан бәсекелестердің қандай екенін байқаған боларсыз.
– «Күш атасын танымас» деген, бәрекелді! Қойылымды алдымен челябілік көрермендер қалай қабылдады?
–Тіпті, өзіміз күтпеген көрініс болды. Әуелдетілі, ділі басқа дегендей, сырт елдің көрермендеріспектакльдібірден түсіне ала ма деп, іштей толқығанымыз рас. Ал қойылым аяқталғандачелябілік көрермендер «Браво!» деп айқайлап, зал дүр көтерілді, дуылдатып, қол шапалақтап тұрып алды. Мұндағы еңбек тек режиссердікі емес, ең бастысы Мағжан атамыздыкі дер едім. Сосын декорация қазылардың да, көрерменнің де көңілінен шықты, актерлеріміз жанын сала, шабытпен ойнады. Шолпанның ролін сомдаған Диана Тұрсынова кейіпкерге өз бояуын қосатын, шеберлігі мол, талантты актриса ғой.
– Иә, көрермен қошеметіне не жетсін! Бірақбұл фестивальде жүлделі орын берілмейтіні белгілі.Дегенмен мұндай алқалы басқосудың театрға берері бар шығар?
-Әрине. 11 жылдан бері үзіліссіз өтіп келе жатқан дәстүрлі фестивальдің мақсаты жүлде беру емес. Есесіне бұл фестивальге Ресейдің азуын айға білеген театртанушылары мен театр сыншылары қатысады, қойылымдардың бүге-шігесін қалдырмай талдайды, сын-ескертпелерін айтады. Қатысушылар үшін фестиваль үйрену, шыңдалу алаңына айналады, одан жоғыңды тапқандай боласың. Бұл режиссер үшін де, актерлер үшін де аз олжа емес. Шындығына барсақ, орыстарда кәсіби театр өнері бізден көп бұрын дамыған. Сондықтан оларда театртану, театр өнері, театр сынының дәстүрі берік қалыптасқан. Мысалы, Қазақстанда өтетін театр фестивальдерінде қазылар алқасы 3-4 адамнан аспайды. Ал Челябіде өткен осы жолғы фестивальдің өзінде сахна қойылымдарына жеті адам қазылық етті, олардың барлығы да шетінен «сен тұр мен атайын» дейтін, ірі мәдени орталықтардан келген мүйізі қарағайдай театр сыншылары, ғалымдар, профессорлар. Әр профессордың айтқан пікірі бір лекцияға татырлық.
–Фестивальге қатысқан жалғыз қазақстандық спектакльге Ресейдің театр сыншылары қалай қарады?
–«Шолпанның күнәсі» ресейлік театртанушыларды таңқалдырды. Фестивальде биылғы жарқыраған жұлдыз «Шолпанның күнәсі» болды десем, имандай сенуіңізге болады. Жақсы шығарманы тануға тіл аса кедергі емес екен. Қазылар алқасына алдымен спектакльдің кәусардай құйылып тұрған тілі ұнапты. Қазылар алқасының мүшесі, өнертану ғылымдарының кандидаты, «Культура» газетіндегі Музыка және театр бөлімінің редакторы, театр сыншысы, москвалық Елена Федоренко деген кісі Мағжанныңпоэзиясынан, тағдырынан да хабардар екенін айта келіп, спектакльдің тіліне ризашылығын айтты. «Қазақ тілін білмесем де, сахнадан поэма тыңдағандай әсерде отырдым» деді. Мағжан шығармасы туралы қазылар алқасының басқа мүшелері де таңдай қақты. Міне, Мағжан қаламының қуаты! Шығармада оқиға, ой тартысы болмай, сахнада спектакль шықпайды. Мағжанның кішкентай әңгімесі тұнып тұрған тартыс ғой. Ал төгіліп тұр. Біз сценировкасын жасағанда әңгімеге бір сөз алып-қосқанымыз жоқ. Қазылар алқасында отырғандардың Мағжанға деген сүйіспеншілігін көріп, толқығанымды жасыра алмаймын. Осындай аса талантты ақынға қалай мылтық кезенді екен? Әй, дүние-ай, Мағжандар сол қырғыннан аман қалғанда, қазақ әдебиеті мұнан да бай болар ма еді!..
– Шығарма өткен ғасырдың бас кезінде жазылған. Ресейліктер одан бүгінгі күннің проблемасын көрді ме?
– Шығарманың мазмұны көрермендерді де, театртанушы ғалымдарды да түрлі ойларға жетеледі. Жақсы шығарманың табиғаты осылай болса керек-ті.Режиссердің міндеті шығарманы «галактикаға» шығарып жіберу, ары қарай қандай, қалай қабылдау, ой түю көрерменнің еншісіне тиеді.Өнертану ғылымдарының кандидаты, филология ғылымдарының докторы, орыс әдебиеті мен театр сыншысы Капитолина Кокшеневаның пікірі мен үшін өте қызықты болды. Ол: «Шолпанның күнәсі» спектаклі көркем, сұлу қойылым. Себебі бұл – мифтік шығарма. Қазақтың, жалпы мұсылманқауымының өмір салтында мифтік негіз бар. Бұл қойылымда, жалпы шығарманың өзіндекеремет ерекшелік бар. Мен осыған дейін құдайдан «бала берме» деп тілеген әйел кейіпкерді кездестірмеппін. Шолпан ана болуы тиіс еді, бірақ құдайға қарсы шықты, ал құдайдан қайта бала сұрағанда, бермей қойды. Оның алғашқы тілегі қабыл болып кетті, сосын Жаратқан иеміз оны Сәрсенбайдың белсіздігімен сынады. Адуын әйел махаббаты, сүйген адамы үшін тағдырға қарсы шығамын деп, өз торына өзі түсті. Шолпан екі оттың ортасында қалды, сүйген адамына деген махаббатын қорғаса да, ана болғысы келсе де күнәға батты» деді. Осы ойды спектакльді дайындап жүргенде мен де ойлаған едім, оны актерлерге айтқанмын да. Соны ресейлік театртанушының дөп басқанына өзім де таңқалдым, режиссер ретінде қуандым.Махаббат, өмір, өлім тақырыбы қашан да, қай ғасырда да маңызды, өткір тұрады.
–Спектакльдегі ойды актердің сыртында декорация да «айтып» тұрады ғой. Бұл жөнінде ресейлік театр сыншыларының бағасы қандай болды?
– Спектакльді талдауға қатысқан театртанушылар мен ғалымдардың барлығы да мұны ерекше атап өтті. Суретшінің еңбегі де аталды. Біз әуелде сахнада бір затпен бірнеше ой беруді мақсат тұтқан едік. Ол өзін ақтады. Сахнадағы киіз үйдің кейпінде берілген қураған ағаш бұтақтары өмірді, яғни қан тамырларын, Шолпан тұтқыны болған өрмекшінің торы секілді тағдыр торын да бейнелейді. Арқан мен қоңыраушалардың нені тұспалдайтынын театртанушылар бірден шешті. Москвадағы мемлекеттік өнертану институтының ғылыми қызметкері, ресейлік және халықаралық театр фестивальдері қазылар алқасының мүшесі Ксения Стольная: «Қарапайым, тұрмыста қолданылатын кәдімгі арқан сахнада тоқсан құбылып, көрерменге көп нәрсені меңзеді. Арқан Шолпан мен Сәрсенбай арасындағы махаббат тазалығын сақтап, екі жүректі шайтани ойларға жібермей ұстаса, әйелді жыландай арбағанәзәзіл қадамды,көктегі Жаратқан ие мен Шолпанның арасын жалғап тұрған тінді, байлансты даарқан атқарады. Ал қоңыраушалар –көктен естілген өмірге келмеген сәбилер дауысы, олар Сәрсенбайдың үйінде ғана сылдырамайды…Құдықтан су тартатын шелекті алайық, ол өмірге деген шөлі қанбаған құштарлықты, адам баласы көкке қарап, Тәңірден сұрағанын жерден алатынын,күнә да, күрес те жерде жүріп жататынын меңзейді» деді. Ең бастысы, сахнадағы декорация, әр зат қойылымның соңына дейін қозғалыста болғаны бәріне аян. Бұл көп қойылымнан табыла бермейтін тәсілдер, «театр тілі» ғой.
–Біздің актерлердің ресейлік көрермендерді тәнті еткеніне Сізден бұл туралы сұрамай тұрып-ақ сенімді болып отырмын.
– Қателескен жоқсыз, дұрыс айтасыз! Актерлердің ешқайсысына сын айтылған жоқ. Өнертану ғылымдарының кандидаты, «Вопросы театра. Просцениум» журналының редакторы, Ресей театр өнері институтының (ГИТИС) Театртану курсының жетекшісі, москвалық Марина Тимашева актерлеріміздің ойынына тоқталып, алғысын айтты. «БірШолпанның (Диана Тұрсынова) бойынан бірнеше әйел көріп отырдым. Ол-дағы айқын, бар бояуымен жарқырай көрінетінін қайтерсің! Әзімбайды ойнаған Жәнібек Иманға да алғысымды айтамын. Актерлер сахнада қимыл-қозғалысымен, қас-қабағымен масканы өздері жасады, оларды аудармасыз-ақ түсінуге болатын» деді ол. Театр тарихшысы, сыншысы, өнертану ғылымдарының докторы, профессор Нина Шалимова:«Спектакльді қарап, қазақтың ұлы даласына барғандай сезімде болдым. Қазақ актерлерінің сахнада да, өмірде де жүзінен иманы төгіліп тұрады. Қазақтарға тән нәрсе, олар үнсіз тұрып та көп ой айта біледі» деді.
Спектакльге қандай да бір сын айтылды ма?
– Сын деп емес, тілек деп қабылдадық. Менің армениялық әріптесім, белгілі режиссер, Ереван пантомимо мемлекеттік театрының көркемдік жетекшісі Жирайр Дадасян «кейіпкерлердің киімі тым этнографиялық сипатта, ал олардың қарапайым болғаны дұрыс еді» деді. Әріптесімнің пікірімен келісе қоймаймын. Себебі, кейіпкерлерге біз жалтыратып, моншақталған киімдер кигізген жоқпыз, барлығы да өткен ғасырдың басындағы қазақ тұрмысындағы киімдер деп білеміз. Мүмкін қазақтың ұлттық киімі сырткөзге тым әдемі көрінер, бәлкім. Жирайрдың пікірін Нина Шалимова да қолдады. Ол: «Театр сахнасында кейіпкерлердің киімі кәдесый (сувенир) секілді көрінбеуі тиіс. Әр ұлт, әр халық барынша басқаға ұқсамағаны дұрыс, біріңғайлықтан қашыңдар» деген тілекті бізге тікелей арнамаса да, алдағы уақытта ескеру керектігін ескертті.
–Театр білімдарлары қатысқан фестиваль-лабораториядан өзіңіз қандай ой түйдіңіз?
– Жақсы спектакль қою үшін көркемдігі кемел, драматургияның талаптарына сай пьеса керек. Бізде осы жағы тапшы, тіпті кедейміз. Өткір мәселелер көтерген көркем пьесалар көбейсе екен деген тілегім бар.
– Әңгімеңізге рахмет. Театрға табыстар тілейміз.
Сұхбаттасқан Н.СЫРОВА