Партия өкілдері тасқыннан зардап шеккен Қостанай ауданының 15 отбасына осындай тосынсый жасады. Қап-қап жем түсіріп берді.
Бұған дейін партия су тасқыны болған өңірлерге 168 млн теңге қаржыға 213 тонна гумманитарлық көмек жіберген еді. Енді әр жанұяға 20 қаз балапанын беріп отыр. Сондай-ақ, 600 келі жем азығы теңдей таратылды.
“Маусым айының алғашқы аптасында Ақмола облысы Ақкөл ауданының 20 тұрғынына материалдық көмек көрсетілген еді. Осы жолы Қостанай ауданының 15 жанұясына қаз балапандары, жем азығымен бірге үлестірілді. Қаз балапандарын беріп қана қоймай, өсіру технологиясын үйрететін боламыз. Өйткені, тұрғындар арасында бұрын қаз бағып көрмегендері бар. Осылайша адамдарға болашақта өз аула-бизнестерін ашуға жәрдем бермекпіз”, – дейді “Ауыл” партиясы ҚӨФ үйлестірушісі Жаңылсын Баймағамбетова.
Клара Байнкенжина Алтын дала ауылының тұрғыны. Тасқын кезінде үйін су алған. Бірақ тұруға жарамды. Мемлекеттен бір реттік көмек ретінде қаржы төленген.
“Үйіміздің іргетасы бүлінді. Қазір тұрып жатырмыз. Жөндеу жұмысын жүргіземіз. Билік тарапынан да, партия өкілдері де жан-жақты көмек көрсетіп жатыр. Бұған дейін азық-түлік алдық. “Ауыл” партиясы қаз балапандарын үлестіріп жатыр. Бұрын құс баққан едік, кейін жұмыстың ретін келтіре алмай қойдық. Енді құс өсіруді қайта қолға аламыз. Ауылдық жерде тұрған соң, оған мүмкіндік бар”, – дейді Алтын дала ауылының тұрғыны Клара Байкенжина.
Елена Юрованың да үйін су алып, іргетасы сөгілген. Ол Тобыл қаласында Ленин көшесінде тұрады. Айтуынша, тасқын су 70 см-ге дейін көтерілген. Едендер көтеріліп, жерде тұрған барлық мүлік зақымданған.
“Монша мен гаражымды да су басты. Ондағы жертөле суға толды. Қазір тұрып жатырмыз. Өз әлімізше ретке келтірудеміз. Билік, аудандық әкімдік тарапынан көмек көрсетілді. Қаржы алдық, сол ақшаға жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. “Ауыл” партиясына алғыс айтамын. Қаз балапандарын берді. Оның үстіне қап-қап жемін де беріп жатыр. Менің жел телімім кең, қаз балуға мүмкіндігім де, тәжірибем де бар. “, – дейді Елена Юрова.
“Ауыл” партиясы Қостанай облысының төтенше жағдай жарияланған аудандарына да көмек жіберген.
Дерекке сүйенсек, 353 үй зерттелген, оның 159-ы тұруға жарамды деп танылған. Апатты жағдайдағы 194 үйдің иелері жаңа үйлерге қол жеткізеді. Зардап шеккен халықты әлеуметтік қолдау жұмыстары су тасқынының алғашқы күндерінен-ақ басталды. Бүгінде бір жолғы әлеуметтік төлемге 1345 өтініш берілген. 715 өтініш бойынша 166 млн теңге төленді. Өтініштерді қабылдау және төлеу жалғасуда.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Айгүл Ахметова