Б.Майлин ауданыдағы Сапар Ерғалиев мектебінде робот құрастыру кабинеті жұмыс істеп тұр. Аудандық Өнер мектебіне қарағанымен, осы ғимаратта орналасқан.
Шамамен 15 жылдай жұмыс істеп келе жатқан болашақ өнертапқыштар мүйісінде аудан орталығындағы екі мектептің оқушылары машықтарын дамытады. Жетекшісі – Артем Приз. Мұндағы құрал-жабдықтар 2014 жылы Қостанайда Н.Назарбаев зияткерлік мектебі ашылғанда арнайы әкелінген.
Осы үйірме-секцияларға тұрақты түрде қатысатын оқушылар ішінде мектептің, ауданның ғана емес, облыстың намысын республикалық, халықаралық жарыстарда абыроймен қорғап жүрген жас дарындар жетерлік. Мәселен, Орынбай Тұралы жетекшілік ететін тоғызқұмалақ үйірмесінің қатысушылары сан додада алдарына жан салмай жүр. Солардың ішінде 8-сынып оқушысы Ерқанат Ниязбекті ерекшелеп айтуға болады. Ол биыл Қырғызстанда өткен тоғызқұмалақ турнирінен олжалы оралған.
«Халықаралық жарыстан 3-орын жеңіп алдым. Оған дейін де көптеген аудандық, аймақтық, облыстық, республикалық байқаулардан жақсы нәтижемен оралған едім. Енді таяуда Павлодарда өтетін сайысқа барғалы отырмын. Ол жақта да үздік нәтиже көрсетемін деген үмітім бар… Жалпы, тоғызқұмалақпен 5-сыныптан бастап айналысып келемін», – дейді ерекше қабілетті Ерқанат.
Ерқанаттың туған інісі Әділет те облыстық жарыстарға жиі шығып жүр. Мектептің мақтанышына айналған басқа да оқушылар аз емес. Республикалық пән олимпиадасында үздіктер қатарынан көрінген өрендер жетерлік.
Айталық, Алдияр Қадіров қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен озат екенін дәлелдеп келсе, Жалғас Нұрдәулет таяуда ғана Өскемен қаласында өткен «Менің кіші Отанымның тұлғалары» атты республикалық байқауда жүлдегер атанды.
«Осы мектептен жыл сайын «Алтын белгі» иелерінің түлеп ұшатыны да көп жайдан ақпарат береді. «Ұстаздың жемісі – шәкіртінің жеңісі» деген бар емес пе. Сол секілді мұның бәрі педагогтеріміздің біліктілігі мен өз ісіне адал берілгенінің айғағы, маңдай тердің өтеуі. Бұл, айналып келгенде, ұжымымыздың одан сайын серпін алып, ықыласпен, жауапкершілікпен қызмет етуіне шабыт береді», – дейді мектеп директоры Тамаша Қосқадамова.
Жандос ЖҮСІПБЕК
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев