Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары дүйім жұрттың назарын өзіне аударған «Набат» антитеррорлық операциясын кім басқарғанын білесіздер ме? Қаншама адамның өмірін қаруланған қылмыскерлердің бұғауынан арашалап қалған ержүрек сардар кім? Бұл сәтті аяқталған операция бүгінгі күнге дейін қарсы барлаудың отандық үлгісі ретінде жас офицерлер буынына оқытылып келеді. Осы және басқа да сауалымыздың жауабын іздеп біз әскер және қоғам қайраткері, ҚР ҰҚК құрметті қызметкері, ҰҚК органдарының еңбек сіңірген ардагері генерал-майор Михаил Юсупұлы Дәуеновтің өмірімен жақынырақ таныса түссек.
Сонау 1992 жылы Қызылорда облысында «Икарус» қалааралық автобусты басып алған аса қауіпті қарулы қылмыскерлер өз талаптарын қоя бастады. Айтып өту керек, тұтқынға алынған жолаушылар арасында қарттар, әйелдер мен балалар да болды. Сол кезде «Набат» жауынгерлік операциясы кезінде өз өмірін қатерге тігіп, қиын келіссөздер жүргізген ұлттық қауіпсіздік органдарының офицері Михаил Дәуенов болды. Терроризмге қарсы күрестің әлемдік тәжірибесіндегі осы бірегей операция туралы кітаптар, мақалалар мен деректі фильмдер жеткілікті түрде жазылды. Десе де, қалың оқырманға генерал-майор Михаил Дәуеновтың «Өмір беттері» атты авторлық кітабы арқылы белгілі, онда генерал «Набатты» және сол жылдардағы басқа да ауыр операцияларды сипаттайды. 2021 жылы аталған кітап оның қарулас достары, әріптестері мен достарының естеліктерімен толықтырылды. Сонымен кейіпкердің өмірі несімен құнды? Олай болса, оның өмір жолына тоқталып өтелік.
Генерал-майор Михаил Дәуенов Қызылорда және Қостанай облыстары бойынша МҚК-ҰҚК облыстық басқармаларды, Комитет аппаратындағы Орталық бөлімдерді сәтті басқарды, оның еңбегі мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. 2000 жылдары құрметті еңбек демалысына шыққаннан бастап қоғамдық және ғылыми қызметпен жемісті айналысты, бірнеше рет қалалық және облыстық мәслихаттардың депутаты болып сайланды. Соңғы жылдары ұстаздық жолды таңдап, Қостанай мемлекеттік университетінің құқық Институтының директоры, Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының толық мүшесі, профессор болып жұмыс істеді. Көптеген жылдар бойы «Құқықтық Қазақстан үшін» азаматтық қозғалысының облыстық филиалының төрағасы ретінде еңбек етті. Өмірінің соңғы күндеріне дейін Қостанай облысы бойынша ҰҚКД ардагерлер ұйымын басқарды, «ҚР ҰҚК органдарының ардагерлері» РҚБ ОО, сондай-ақ «Генералдар кеңесі» РҚБ мүшесі болды. 2020 жылдың 26 шілдесінде өмірден өтті.
Генералдар Б. Баекенов, З. Камаладинов, Н. Верещаев, Ж. Мәрденов, М. Нұров және тағы басқа да ұлт перзенттерімен бірге ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында аянбай қызмет атқарды. Ұзақ жылдар ішінде көптеген шәкірт-інілерді тәрбиеледі. Генерал Ө. Мизанбаев, генерал Б. Говорун, полковниктер: П. Доценко, П. Сиянов, Ғ. Мәулетов, Г. Русаков, Б. Тшанов және тағы басқалары әлі күнге дейін Михаил Юсупович туралы құрметпен еске алады. ҚР Төрағасының бұрынғы орынбасары, генерал-майор Өсер Мизанбаев жоғарыда айтылған шығармашылық еңбекте өзінің қызметте тапқан өмірлік ұстазы туралы былайша сыр шертеді:
«Михаил Юсупович адамдарға үлкен көңіл бөлетін. Адамгершілік принціпін алға қоятын. Мәселен, мемлекеттік қауіпсіздік органдарына қызметке қабылданғаннан кейін көп ұзамай мені КГБ (Минск қ.) жоғары курстарына жіберді. Мені МҚК ғимараты дәлізінде көрген Михаил Юсупович «сапарға дайынсың ба, үйде бәрі жақсы ма, қандай да бір көмек қажет пе?» деп сұрады, кейінде сәттілік тіледі. Бұл маған ерекше әскер қалдырды. Осы бір сәт менің әлі есімде, өйткені оның сұрақтарында шынайы қамқорлық болды. Мінберде сөйлеген сөзінде емес, адамның жаны күнделікті қарапайым істерде көрінеді. Бағыныштыларға қамқорлық жасау іспетті ағамыздың осы бір ізгілікті қасиетін мен өз бойымда дамытуға тырысамын», деп ағынан жарылды.
Михаил Юсупович дегенде ең алдымен оның бойындағы әділдік пен адалдық ойға оралады. Шынайылығы, кішіпейілдігі мен елжандылығы, қарапайым адамдармен арақатынасы оның жоғарғы адами қасиетінен ұғындыратын. Еңбексүйгіштігі мен табандылығы айналасындағыларды шынайы тәнті ететін. Халық мұндай адамдарды тегеурінді деп баға береді. Өз бақытын өзі жасады деп сенімді айтуға болады. Соғыстан кейінгі қиын-қыстау кездері өткен балалық шағы, жастық кезеңі, Отан алдындағы борышын өтеген әскери кезең, арнайы органдардағы қалыптасу уақыты, барлығы оның тұлға болып қалыптасуына оң әсерін тигізді. Ешкімнің қолдауынсыз, көбінесе қиындықтарды жеңу арқылы бәріне қол жеткізді десек қателеспейміз.
Қазақтың классик жазушысы І. Есенберлин «Қияға тек қыран бүркіт қана жете алады» деп айтқан болатын. Шынында да, кейіпкеріміз тағдырдың ауыр соққыларына төтеп беріп, өмірдің талай сүрлеуін өтіп өзінің игі қасиеттерінің арқасында мақсаттарын жүзеге асыра алды. Қарапайым балықшының баласынан биіктерді бағындырған барлаушы, қоғам қайреткері, ғалым, «Қостанайдың Құрметті азаматы», көптеген мемлекеттік марапаттардың, «Достық» орденінің иегері атанды. Лейтенанттан бастап генерал-майор әскери шеніне дейін сара жолды сүрінбей өтті. Генерал Михаил Дәуеновтың болмысы жыл өткен сайын биіктей беретіні сөзсіз.
Кейіпкеріміз кез келген мәселені түбіне дейін зерттеп, соңына дейін жеткізе білетін. Бастаған ісі жарты жолда қалмайтын. Қоластындағыларға тапсырма берген болса, сонымен бірге аяғына дейін жеткізетін. Қызметтес достарын қолдап, көмектесіп, тәжірибесімен бөлісіп жүретін. Замандастары оның мұндай қасиеттерін еске алып, әлі күнге дейін өздерін орнына қою арқылы ойша ақылдасатын. Биыл 5 желтоқсанда Михаил Юсупович 80 жасқа толар еді. Солай десек те, адамның өмірі тірілердің жүрегінде жалғасады.
Ұлы Отан соғысының майдангері, атақты чекист 98 жастағы Павел Васильевич Даценко да Мәкең туралы өз ойын қысқаша білдіріп өтті. Оның айтуынша, Михаил Юсупович асыл, ойшыл және білімдар адамдардың санатында. «Мен үшін, – дейді майдангер-чекист, – ол үлкен кәсіпқой, жауынгерлік жолдас, нағыз досым және мақтанышым, біздің елде осындай нағыз генералдар барын мақтан тұтамын. Жасымыз алшақ болғанына қарамастан бірімізді -біріміз жарты сөзден ұғана алдық”.
Ия, солай. Кейіпкеріміз кәсіби тұрғыдан өте мықты маман болатын. Қарым-қабілеті биік, бір көрген затын ұмытпайтын адам еді. Кез келген цифр, оқиға оның назарынан тыс қалмайтын. Барлығын есінде ұстайтын. Әріптестер арасында зор құрметке ие болды.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдарының ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің Төрағасы полковник Кенжеболат Бекназаровтың ойынша, генерал М. Дәуенов Ұлттық қауіпсіздік органдарының Қостанайдағы ең белсенді және ұйымшыл ардагерлер бірлестіктерінің іргесін қалады. Қостанай облысы бойынша ҰҚКД ардагерлерінің айтуынша М. Дәуеновтың өмірден өтуі, ұйымды жетімсіреткендей болды. Өйткені, Михаил Юсуповичтің ұйымдастырушылық қабілеті жоғары болатын. Генерал М. Дауеновтың сеніміне ие болу-бұл құрметті және жауапты іс болатын. Ол ешқашан басқаларға да, өзіне де өтірік айтқан емес, сондықтан оның аузынан ешқашан лайықсыз мақтау ести алмайсыз. Өзінен де, өзгеден де табандылықты талап етті.
«Михаил Юсуповичтің отбасы мен балаларға деген қамқорлығы өз алдына бөлек тақырып. Бар болмысымен қызметте болса да, уақыт тауып отбасының тәрбиесімен айналысты. Ол әкелік парызға өте жауапты қарады және Отан алдындағы қызметтік парызбен қатар алып жүрді. Оның отбасына деген адалдығы шексіз болды. Отбасын тәрбиелеудегі жауапкершілікті зайыбы Қалима Қабиқызының иығына артып қоймай, өзі де отағасы ретінде ұрпақты тәрбиелеуге атсалысты. Әсіресе, қыз балалардың тәрбиесіне аса көңіл аударды. Төрт қызына да лайықты тәрбие берді. Ол балаларды өмірге дайындаудың барлық жауапкершілігін түсінді. Сонымен қатар ол үшін ең бастысы материалдық әл-ауқат емес, балалардағы адалдық, Отанға деген сүйіспеншілік негізінде тәрбиелеу болды. Атаның еңбегі текке кетпей, уақыт өте ол өзінің жемісін берді. Бүгінде ол ұрпағымен әсіресе офицерлер Шолпан және Азамат Дауеновтермен мақтана алады. «Атадан тал қалғанша, ұл қалсын» дегендей ұлы Азамат әкесінің сара жолына адалдық танытып келеді. «Әкемнің маған берген өсиеті, тәрбиесі – менің өмірлік қағидам болып қалады. Сол әкемнен үйренгенімнің бәрін балаларыма да үйретемін», дейді сағынышын жасырмаған ұлы Азамат.
Генерал М. Дәуенов өзінен кейін көптеген шәкірт, өлмес сөз, өшпес із қалдырды. Өмірлік серігі Қалима Қабиқызымен 52 жыл жұбы ажырамай өмір сүрді. Айна, Мая, Айман, Шолпан, Азамат есімді балаларды және Марат, Сұлтан, Данила, Авваль, Алим, Жүсіп, Айла, Аруш, Несібелі, Абай, Давид есімді немерелерін тәрбиелеп өсірді. Балаларының барлығы өмірден өз орындарын тапты. «Әке тәрбиесі мың мектепке тең» дегеніміз осы.
Генерал М. Дауенов қысқаша айтқанда осындай адам, білген жанға досындай адам болған. Оны жақын танитындар, бірге қызметтес болған жандар жазушы А. Чеховтың: «Адамда барлығы керемет болуы керек: жүзі де, киімі де, жаны да, ойы да», дейтін формуласына сәйкес өнегелі ғұмыр кешкенін тілге тиек етеді. Мұндай адамдар баршамыздың жадымызда, жүрегіміздің төрінде мәңгі қалатыны сөзсіз.
Дарын СЕЙІТОВ,
Әскери тілші
Egemen Qazaqstan сайтынан